Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың өкімімен Аманжан Жиенбай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Фото: Әділет Абдиров
Аманжан Жиенбай — Бөкей елінің тумасы. Жоғары білімді. Еңбек жолын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскерге шақырылушыларды тіркеу, есеп беру және бронь бойынша маманы лауазымынан бастаған.
Әр жылдары Орал қаласы әкімі аппаратында іс жүргізуші-мұрағатшы, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің кеңесші-маманы, жер қатынастары бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов жаңа басшыны бөлім ұжымына таныстырып, абыройлы қызмет тіледі.
- Жас та болсаң, түрлі мекемеде тәжірибе жинап, ысылдың деуге болады екен. Құрылыс бөлімінің қаншалықты жауапты сала екені өздеріңізге мәлім. Құрылыс қарқыны емес, сапасы басты назарда болу керек. Биыл қолға алған жобаларымыз көп болды. Алдағы жылға да жоспар көп. Мемлекет басшы Қ. Тоқаевтың өзі күні кешегі Жолдауында халықтық құрылыс деп, құрылыс саласына айрықша назар аударып отыр. Осындай жауапкершілік пен артылып отырған міндеттерге парыз деп қарап, абыройлы қызмет атқарады деп үміттенемін. Туған жеріңе, еліңе қызмет ететін деп шағың! Біздің сенімді, елдің үмітін ақтағайсың! -деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.
Өз кезегінде Аманжан Жиенбай да сенім білдірген аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы