Елімізде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруде қоғамдық ұйымдардың, азаматтық институттардың алатын орны зор. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің бастамасымен «Байқаушы – конкурстық іріктеудің ашықтығы мен жариялылығының кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде осы мәселе кеңінен талқыланды.
Шараны жүргізіп, ортақ мәселені ортаға салған департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов өз сөзінде мемлекеттік қызметте кадр іріктеудің ашықтығы мен объективтігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар мен сарапшылар институттарын қолдану қажеттігін айтты. Өйткені қазір конкурстық шаралар тәуелсіз байқаушылардың қатысуымен өтуде. Олардың құрамында қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, мәслихат депутаттары бар.
Департамент басшысы персоналды басқару қызметі өкілдеріне мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға өткізілетін конкурстық процедураларда үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуын басты назарға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерін конкурстық комиссия отырыстарына қатысуда белсенділік танытуға шақырды.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz