19.12.2019, 11:22
Оқылды: 51

МӘМС маңызын білеміз бе?

Шыны керек, қазіргі таңда медицина қаншалықты дамыды десек те, аурудың да сан түрі көбейіп кетті. Құрсақтан кеше шықса да бұрын-соңды кездеспеген аурумен туған шақалақтар, «сан мың адамда бір кездесетін» кеселдерге шалдыққандар. Жағдайы барлар жаның жеген дертіне шипа іздеп, шетел асып жатады. Тапқаны таянғанынан аспайтын көпшілік түрлі әлеуметтік желілер арқылы көптен көмек сұрап әуре. УДЗ, компьютерлік томография, МРТ, ПЦР-талдама сияқты алдын алу, анықтау, тексеруді жүзеге асыратын сан алуан заманауи технология бұл күнде екінің біріне таныс. Дегенмен осы заманауи деген медициналық аппараттардың игілігін көру, дертіне шипа қымбат ем алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осы тұрғыда халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған игілікті істің бірі – МӘМС. Санаулы күндерден соң іске қосылатын МӘМС маңызын түсіндік пе? Осы тұрғыда аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисановты сөзге тартқан едік.

       – Анарбек Бейбітұлы, мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры туралы түсінік жұмыстарын жүргізіп, көпшілікке насихаттап келген шығарсыз. Десе де, осы тақырыпқа қайыра бір тоқталсақ, артықтығы болмас. МӘМС қажеттілігін қарапайым тілмен түсіндіріп өтсеңіз?

– Бүгінгі таңда аурудың түрі көбейіп, кей аурулардың жасарып бара жатқаны белгілі. Ауру меңдегендер денсаулығы үшін бар тапқанын аямай, мүмкін болса, қосымша қаржы да тауып, ақылы ем алады. Нақты диагноз қою үшін  компьютерлік томографияға түсу, түрлі анализдер тапсыру, жүрекке ота жасату секілді медициналық қызметтердің өзі қарапайым жанның қалтасын ойып барады. Облыс орталығындағы ақылы емханаға барамыз да, бір процедура немесе белгілі бір бейін (уролог, аллерголог, иммунолог және т.с.с сияқты) дәрігеріне көріну үшін кассаға бірнеше мың төлейсің десе, айтарға сөз, қыларға лаж жоқ, тосылып қаламыз. Рас емес пе? Осы келеңсіздікті болдырмау, медициналық сапалы қызметтің қарапайым халыққа қолжетімді болуы үшін осы мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры аса қолайлы, тиімді болмақ. МӘМС-тің маңызы осы.

белисанов

– МӘМС іске қосылса, ақылы емханаларға да именбей бара аламыз деген сөз ғой.

–  Иә, қалтаны қағып алатын жекеменшік емханалардың кейбірі халыққа тегін қызметті «иіліп тұрып» көрсететін болған. Мысал үшін айтсам, бұрын қарапайым жұрт қымбаттығынан маңына жолай алмайтын емханаларға барып, көзге күрделі ота жасата алады. Мұндай отаның бағасы арзан емес. Оған басқа жақтан түсіп жатқан қаржының бар екендігі анық. Мұндай емдеу орындарын МӘМС қаржыландырып тұратын болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құрғандағы басты мақсат — халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту. Яғни, бұл қор емделушілердің мүддесіне сай тиімді де сапалы медициналық көмекті сатып алып, сіз бен бізге көрсетілетін медициналық қызметтің ақысын төлеп қояды. Осы МӘМС қоры арқылы көптеген жекеменшік медициналық мекемелер халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге тартылады.  Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар – өздері үшін жарна төлейді. Осылайша, «сен бүгін басқаларға, ертең олар саған көмектеседі» деген ортақ жауапкершілік қағидаты бойынша, көмекке мұқтаж адамдарға мұқтаждығы төмен азаматтардың есебінен қызмет көрсетіліп, қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

Қордан бөлінетін қаржы қызмет сапасына байланысты және бөлінетін ақша пациентке ілесіп жүретіндіктен, медициналық мекемелер арасында халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру жолында бәсекелестік болады. Жасыратыны жоқ, кардиолог, невропатологтарға кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұру керек. Бұл кез келген адамның жүйкесін жұқаратыны да шындық. Кейбірі дәрігерге тегін қаралудан үмітін үзіп, жекеменшік емдеу орындарына барып, ақылы түрде емделеді. Басқа лаж жоқ. Ал қалтасы жұқа адам амалсыз кезекте отыра беретін. Бүгін кезегі келмесе, ертеңіне ертерек барып тағы күтеді. Деректерге сенсек, дамыған елдерде тұрғындардың дәрігерге ақылы қаралуға шығаратын шығыны 20%-дан аспайды екен. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 42%-дай екен. Қазақстандықтар ақылы ем үшін екі еседей артық шығынданатын көрінеді. Мұның себебі тегін медициналық көмек көрсететін емханаларда дәрігер мамандарының жетіспеуінен немесе мүлдем жоқтығынан. Сондай-ақ өткен жылдары науқастарды толыққанды қабылдауға мемлекеттік емханалардың күші жетпей бара жатқандай. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындар мекенжайына жақын маңдағы жекеменшік медициналық мекемелерге де тіркеліп, тегін қарала алады. Оның тексеріліп, емделу шығындарын МӘМС қоры төлейтін болады. Енді жолдамамен облыс орталығына барып, бір емханадағы кардиологқа кіру үшін сарылып отырмайтын болады. Жекеменшік емдеу мекемелеріндегі кардиологтарға да бара алады. Яғни, алдағы уақытта жекеменшік емхана мамандары халыққа тегін медициналық көмек көрсетіп, науқастарымыз заманауи деген аппараттарға түсіп, динагнозын анықтай алады.

– Сонда бұл МӘМС-тің пайдасын тек қарапайым халық қана емес, ақылы емханалар да көре алатын болды ғой.

– Әрине, мысалы, ақылы емханадағы бір ғана УДЗ құны 5000 -7000 теңге дейік. Күн сайын он шақты адам қабылдай бермейді. Одан да қымбаттау тұратын процедуралар туралы айтпаса да болады. Енді МӘМС қоры арқылы күн сайын алдарына пациент барып, қалталарына ақша түсіп тұрады.

– МӘМС маңызын түсіндік. Енді қорға жарна аударған қарапайым адам қандай қызметтерді тегін алады? Осыны бір нақтылап өтсеңіз.

 МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар келесідей медициналық көмек ала алады. Ол – алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Амбулаториялық жағдайда және күндізгі стационарда көрсетілетін емханалар қызметі, оның ішіне аурудың алдын алу, диагностикалық зерттеу, емдеу, жүктілік ағымын бақылау, медициналық манипуляция, т.б. Арнайы және жоғары технологиялық медициналық көмек алады. Оған  арнайы тәсілдер мен күрделі медициналық технологияларды қажет ететін аурулардың  алдын алу, диагностикалық зерттеу, емдеу кіреді.

 Жоспарлы медициналық көмек. Сырқатына қарай  бекітілген тізімдемеге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Мейіргерлік күтім - ауыр сырқат салдарынан, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігінен айырылған, ұдайы сырттан күтім мен қарауға мұқтаж  жандарға көмек көрсетіледі. Паллиативтік көмек. Емделмейтін, өміріне қауіп төндіретін және ауыр өтетін аурулары бар пациенттердің өмір сүру сапасы мен жалпы жағдайын барынша жайлы етуге арналған медициналық және әлеуметтік көмек.

– МӘМС туралы айтқанымызға көп болды. Енді енгізіледі деп тұрғанда кейінге қалдырылды. Кейін қайта өзгеріс енгізіліп, жаңартылды. Құлақ үйренді десе болады. Нәтиже қандай? МӘМС жарнасын кімдер қалай төлейді?

–  2015 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданып, оған бүгінге дейін екі рет өзгеріс енгізілді. МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. 2020 жылдан бастап бұл топтар үшін мемлекет тарапынан орташа еңбекақының 1,4%-ын төлесе, 2022 жылға қарай ол 1,7%-ға жететін болады. Ал жұмыс берушілер өз  жұмыскерлері үшін 2020 және 2021 жылдары еңбекақының 2%-ын, ал 2022 жылы 3%-ын  аударады. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары 2020 жылдан ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5%ын төлейді. Мысалы, ЕТЖ мөлшері 42 мың 500 теңге десек, 1,4 еселенген ЕТЖ-ның 5%-ы не бары 2 975 теңге.

– Ал, енді МӘМС-тен қалыс қалатын топ туралы айтсақ. Тұрақты түрде жарна аудара алмайтын азаматтарымыз бұл жақсылықтан шет қақпай бола ма? Табысы жоқтан жарна жоқы анық. Қазір жұмыссыз адам көп қой.

–  Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді.  Мәселен, біздің арамызда өзін өзі қамтамасыз етіп жүрген азаматтар бар. Еш жерде ресми жұмыста жоқ, бірақ өз бетінше түрлі жұмыстарды атқарып, отбасын асырап жүргендер аз емес. Бүгінде әлеу­меттік жағынан аз қорғалған азаматтарды, соның ішінде зейнеткерлер мен 18 жасқа дейінгі балаларды, студенттерді, жүкті әйелдер мен бала күтімімен үйде отырған аналарды, көп балалы аналарды, 3-топтағы мүгедектерді, жазасын өтеушілерді, тағы басқа да санаттағы азаматтарды мемлекет өз қамқорлығына алып, олар үшін жарна тө­лейді. Олардың жалпы саны – 11 миллионға жуық, яғни қазақстандықтардың 60%-ы. Заңға сүйеніп айтсақ, келесідей топтар  автоматты түрде медициналық сақтандыру қорының қатысушысы болады. Олар:

         1) балалар;

         2) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар;

         3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;

         4) мүгедектер;

         5) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;

         6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;

         7) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;

         8) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;

         9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;

         10) зейнеткерлер;

         11)  қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;

         12) уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар;

         13) жұмыс жасайтын оралмандар. Бұған қоса, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері; құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарна төлеуден босатылады, алайда олар ведомстволық жүйе мекемелерінде медициналық қызмет ала алады.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет бұрынғыша көрсетіле бермек. Ауруханаға шұғыл жатқызу, жедел жәрдем, санитарлық авиация қызметі тегін, оның шығынын мемлекет көтереді. Аурудың алдын алу үшін егу тегін, әлеуметтік маңызы бар аурулар да мемлекет есебінен емделеді. Диагностикасынан бастап барлық емі мемлекеттің мойнында. Жедел жәрдем және санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде (онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті, психиатриялық және т.б.) және шұғыл түрде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық егулер тегін.

– МӘМС-тің Марстан келмегені белгілі ғой. Әлемнің дамыған елдерінде бұл мәселе қалай жолға қойылған екен?

– Әрине, халықаралық тәжірибе ғой. Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия, Швецияда қолданыста болса, әлеуметтік сақтандыру  Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде, жалпы 30-ға тарта елде бар, ал жеке сақтандыру АҚШ-та қолданылады. Зерттеліп, әбден сұрыпталып, енгізіліп жатыр деп ойлаймын. Денсаулық сақтау саласында қаржыландырудың бюджеттік, аралас және сақтандыру деген үш үлгісі бар. Көп елде аралас түрі қолданылады. Еліміз денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді деген оймен осы аралас түріне тоқтам жасап отыр.

– Оқырман ойында жүрген көп сұраққа жауап тапты деп ойлаймын. Уақыт тауып, сұқбат құрғаныңыз рақмет!

Сұқбат құрған Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале