Раушан Шапихова (суретте) жасөспірім шағынан тырнақ күтіміне ерекше назар аударатын қаланың қызы-тұғын. Сайқын ауылына келін болып түскенде де, ол бұл әдетінен айнымады.
Облыс орталығындағы колледжді бітірген Раушан тырнақ бояп, кәсіп қылуды кішкентайының күтімімен үйде отырғанда ойға алған. Оның талпынысы отбасы тарапынан да қолдау тапқан. Бірде енесі оған маникюрдің шағын жиынтығын алып беріпті. Кейін Орал қаласына өзі арнайы барып, бояуларды, лактың астына жағатын негізгі құралды, қаттылығы әр қилы егеулер мен алуан түрлі маникюрлік қайшыны, т.б. керек-жарақтарды алып келіпті. Сәбиі болғандықтан бір жыл шамасында үйден қызмет көрсеткеннен кейін “Бизнес орталығы” ғимаратынан бір бөлмені жалға алған.
Раушан «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерліктің алғышарттарын сала мамандарынан меңгерді. Табандылығының арқасында мемлекет тарапынан берілетін 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Бұл қаржыға тырнақты әрлеу үшін қажетті құралдарды жаңалап алды. Оған қоса жайлы орындық, арнайы шырақ, сөрелерді түгел меншігіне алған кейіпкеріміздің табысы да өзіне жетерлік. Өзінің айтуынша, күніне 3-4 адамды қабылдайды. Айлық табысына келер болсақ, бөлмені жалдау, электр қуатына, жылуға, бір сөзбен айтқанда, коммуналдық шығындарға және әр клиентке жұмсайтын бір реттік қолғаптар мен дымқыл сүлгілерді есептегенде шығыны 12-15 мың төңірегінде болады. Ал табысы осыдан төрт есе екен.
Ауданымызда сұлулық индустриясына бет бұрғандар қатары күн санап көбейіп келеді. Қуанарлық жағдай. Оны әлеуметтік желілерде жиі ұшырасатын жарнамалардан байқауға болады. Арасында үйге барып қызмет көрсететіндер де, қажет десеңіз, Хан ордасы ауылына баруға мүмкіндіктері бар екен.
– Биыл «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, өз кәсібімнің несібесін табамын деген 80 жанның жартысына жуығы сұлулық саласында қызмет көрсетуді мақсат тұтқан. Бірі массаж жасаймын десе, енді бірі бет әрлемекші, шаш қиып, түрлі шаш үлгілерін жасамақ. Арасында тырнақты әрлеуді кәсіп қылуға ниеттілер де жоқ емес. Сұлулық сервисін қазірдің өзінде 18 кәсіпкер ұсынуда, тағы да он шақтысы өз жобаларын қорғамақшы. Жобалары қолдау тауып, грантқа қол жеткізсе, олар да салығын төлейтін, заңды талаптарды орындайтын кәсіпкерлердің қатарын толтырмақ, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова.
Раушан кәсібін жаңа бастап, өз жолын енді бағыттап жүрген кәсіпкер болса, Айнаш Муталиева – тырнақ әрлеуде он жылдай өтілі бар нейл-шебері. Сайқындық жұрт оны көп балалы ана бола тұра, сүйікті ісіне уақыт таба білетін іскер әйел ретінде де таниды. Әрине, бұл екі бизнес ледилердің табыстарын салыстыруға келмейді. Дегенмен Раушан алған бағытынан таймаса, дәл Айнаш ханымдай болады деген сеніммен Айнаштың да шығыны мен табысын, жалпы, тынысын сұрастырып көрдік.
– Менің айлық шығыным 100-150 мың теңге шамасында. Айына тек тырнақ әрлеуден 200 мыңдай теңге табамын. Бұл тек тырнақ бояуынан тапқан табысым. Одан басқа шаш қию, шаш үлгісін жасау, қас, ерінге татуаж жасау, кірпік қондыру, т.б. қызметтерді ұсынамын. Ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағаны ұстап тұрмын. Негізінде тырнақты әрлеудің қай түрін де 2500 теңгеге атқарамын. Шын мәнінде, француз маникюрі қымбаттау тұрады. Бірақ ауылдық жердің әлеуетін ескеріп, тұтынушыларға ортақ баға қойғанды жөн санадым. Ал клиент ерекше талап қойып, жұмысым күрделеніп жатса, ең көбі 500 теңге қосамын. Клиентке қызмет ұсыну үнемі өзін жетілдіруді, ізденісті талап етеді, әр маусым ұсынған түстерден, арт-дизайннан қалыс қалмауың шарт. Орыстар айтқандай, «в тренде» болуың керек. Өйткені қазір клиенттің талғамы өсіп, сұранысы көбейеді. Сұраныс менде ешқашан толастамайды. Жаңа жыл маусымы – клиенттер легі толысатын уақыт, – дейді нейл-шебері Айнаш Қонысбекқызы.
Жалпы, сұлулыққа деген ұмтылыс «Шын ханымды қолынан тануға болады» деген қағидадан туса керек. Қолдан келсе, неге сұлу болмасқа?! Бұл ретте «сұлулық сыйламасқа» деген дұрыс болар. Ендеше, Мұқағали ағамыз айтпақшы, «Әдемілік бізге көптік етпейді».
Раушан Бақытова
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер