27.12.2019, 14:03
Оқылды: 22

Жаңа жылдық калейдоскоп

Құжаттамалық дәйектемеге сенсек, шыршаны безендіру ХVІІ ғасырда қазіргі Францияның Эльзас жерінде басталған. Бастапқыда кесіп алынған шырша, тіпті қарағай, қайыңды түрлі түсті қағаздан жасалған раушан гүлдерімен, алма, печенье, қант салынған қалташа, алуан түсті мишуралармен безендіріпті.

Жаңа жылдың басты атрибуты ретінде неге шырша таңдалғанын білесіз бе? Шырша – мәңгі жасыл ағаш. Шамамен бес жүз жыл өмір сүреді.  Жыл он екі айда өңін бермейтін шыршаны «құдайдың сүйікті ағашы» деп қабылдап, мерекенің сәні деп тапқан екен.

Шыршаны безендіріп жүрген әйнектен жасалған шарларымыз жаңажылдық шыршаны жасандырудан бұрын жасалған. Сонау ХVІ ғасырда Саксонияда жасалыпты. Үш ғасыр өткеннен кейін ғана нақ осы Саксонияда шыршалары шарлары әр түрлітүспен, әр алуан пішінде көптеп шығарылып,  жаппай пайдаланымға шыққан. Саксонияда тек шарлар ғана емес, картоннан түрлі пішіндегі әшекейлер, жануарлар пішініндегі бейнелер де шығарылған.

Жанып-сөніп көз арбайтын гирляндымыздың тарихы 1895 жылдан басталады. Осы жылы америкалықтар ток көзінен қуаттандырылатын гирляндылармен Ақ үйдегі шыршаны безендіріпті.

Ал фейерверк Азия елдерінде ойлап табылған. Фейерверк неғұрлым қатты, жарық атылса, жын-шайтан соғұрлым аулаққа қашады деп сенген екен.

Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлау Русьта І Петрдің Жарлығымен 1700 жылдан басталған. Бұған дейін шіркеуде Жаңа жыл 1 наурызда тойланып жүрген. Ал, 1949 жылдан бастап 1 қаңтар демалыс күні деп жарияланған.

Аяз ата мен Ақшақарсыз Жаңа жылдың сәні кіре ме? Нақ осы екеуін Жаңа жылдың символы деп тану Сталин дәуірінен басталған екен. И.Сталиннің өкімімен бесбұрышты жұлдыз жаңа жылдық шыршаның басты атрибуты саналып, Аяз ата мен Ақшақар образдары енгізілді.

1843 жылдан бастап жаңажылдық ашықхаттар қолданысқа енген. Мерекелік ашықхат алғаш рет Лондонда басып шығарылған. Сол жылдан бастап алыс-жақындағы адамдар бір-бірін мерекелік ашықхаттар арқылы құттықтаған екен.

Санта Клаус бір кездері өмір сүрген, қайырымдылығымен халыққа жаққан тарихи тұлға, ал Аяз ата ауыз әдебиетінің кейіпкері, қиялдан шығарылған кейіпкер.

Бразилияның бас қаласыРио-де-Жанейрода әлемдегі ең биік жасанды шырша орнатылды. Оның биіктігі 77 метр. 28 қабатты үйдің биіктігімен пара-пар. Бұл бұл ма? Ең алып та, биік шырша Мехикода 2010 жылы орнатылған. Оның биіктігі 110 метр болса, диаметрі 35 метр. Шыршаны 800 метрлік гирляндымен әшекейлеген. Қырық қабатты үйден асып жығылған.  Екі жүздей жұмысшы әлемдегі ең алып шыршаны безендіруге екі айын сарп еткен.

Жаңа жыл әр елде әр қалай, түрлі уақытта тойланады. Аралды мекен ететін Микронезия атты шағын ел тұрғындары Жаңа жылда аты жөндерін ауыстырады. Бұл туралы тума-туыстарына сыбырлап айтып, құпия түрде хабарлайды. Осылайша, алдағы жылы орын алуы ықтимал қиындықтар, түрлі ауру, ауыртпалықтан азат боламыз, тағдырды алдаймыз деп ойлайды екен.

Германияда Жаңа жыл мейрамы бір ай бұрын басталады десе болады. 11 қараша күні 11 сағат 11 минутта елдегі үлкен-кішілі сауда орындары жәрмеңке өткізіп, неміс халқы тұрғын үйлерін безендіруді бастайды. Осы кезден бастап карнавалдар өткізіле бастайды.

Испанияда сағат тілі түнгі 00.00-ді соққанда он екі түйір жүзімді он екі тілек айтып, жейді екен.

Италияда бұл күні ескі-құсқы заттар лақтырудан бәсеке басталады. Кім неғұрлым көп зат лақтырса, соғұрлым көп жақсылық келеді деген сенім бар.

Кубалықтар бұл күні неғұрлым көп су тасып алады да, сол суды үстеріне құяды. Сумен бірге күнәларымыз кетеді деп сенеді.

"Орда жұлдызы" ақпарат

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале