14.01.2020, 17:32
Оқылды: 62

Үштерек ауылында су құбыры іске қосылды

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылдық округіне қарасты Үштерек елді мекеніне ауыз су өткізу жұмыстары аяқталып, су құбыры нысанының ашылу салтанаты өтті.

orda

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов және бірнеше мекеме басшылары мен ауыл қонақтары қатысты.

Нұрлан Рахымжанов Үштерек ауылының тұрғындарын ауыз су құбыры ашылуымен құттықтап, жаңа жылда да осындай жарқын істер жалғасты болғай деген тілегін айтты.

orda (3)

–Ауданның таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі 82%. Толығырақ айтсақ, 16 ауылға ауыз су тартылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Мұратсай, Ұялы ауылдық округтері мен Тереңқұдық елді мекеніне су тарту жоспарланып отыр. Жалпы су құбырының ұзындығы 158 шақырым. Су жүйесі жеткізілген аула саны 2 811 үй болса, 12 792 тұрғын таза ауыз суды тұтынып отыр, - деді аудан әкімі.

Үштерекке су тарту жұмыстары тоғыз айға созылып, 211 млн. 450 мың теңге қаражат жұмсалды.

orda (1)

– Осы күнге дейін құдықтан су алып келіп едік. Оның да мәселесі көп. Қиындық тек құдықтан су тартып алуда болса бір сәрі. Тұщы су шығады деп қазған құдық суы кейін ащы боп, кермек татып, әбігерге салатын еді. Бүгін ауыз су құбыры ашылды. Қуаныштымыз, - дейді үштеректік Гүлмайра Айдаралиева.

Ал салтанатты лентаны кесу рәсімі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен Үштерек ауылының ақсақалы Манарбек Абуғалиевке ұсынылды.

Еркебұлан Бисенғалиев

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале