Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылдық округінде болып, М.Бегалиева атындағы мектептің жай-күйімен танысты.
Аталмыш мектеп 1983 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мектептің тозығы жетіп, көбесі сөгілуге шаққа қалған. Тіреумен тұрған жерлері бар. Құны 219 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат дайын тұр. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына осы мәселе бойынша тапсырма берді.
Бұдан соң облыс әкімі Ғали Есқалиев бастаған топ Руслан Сисенғалиевтің шаруа қожалығына барып, мал шаруашылығымен еңсесін тіктеген ауыл азаматының шаруа жайымен танысты. Бүгінде 138 ангус тұқымдас қашарлар алып, мал басын асылдандыру ісіне дендеп кіріскен қожалықтың тірлігі көңіл қуантады.
Өңір басшысы Хан ордасындағы Жәңгір хан атындағы мектеп пен «Ақбота» балабақшасына да бас сұқты. Хан Жәңгір атындағы білім ошағында 477 шәкірт білім алса, «Ақбота» балабақшасында 114 бөбек тәрбиеленуде. Мектеп тірлігімен танысқан облыс басшысы «Жас сарбаз» және ІТ сыныптарын аралап көрді.
Ғали Есқалиевтің Сайқындағы сапары аудандық ауруханада жалғасты. Аурухана басшысы Анарбек Белисанов МӘМС бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, реанимация және релаксациялық кабинеттерді аралатып жаңадан алынған медициналық қондырғы, құрал-жабдықтарды көрсетті.
Офтальмолог, акушер, гинеколог, лор, хирург мамандардың жетіспейтінін, аурухана ғимаратының да күрделі жөндеуге сұранып тұрғаны айтылды.
Бұдан соң облыс әкімі бастаған топ аудан бюджетін үнемдеу есебінен жөнделіп, сырт келбетін әспеттеп алған аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебін де аралап өтті.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер