Бөкей ордасы аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың қорытынды есептік кездесуі өтті. Оған облыс басшысы Ғали Есқалиев, әкім орынбасары Тимуржан Шәкімов бастаған бірқатар сала басшысы қатысты.
Аудан басшысы Бөкей ордасының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, жұмсалған қаржы мен инвестиция, жаңа бастамалар мен демеуқаржының игерілуі, тұрғын үй құрылысы мен басқа да аудан тынысына қатысты барлық аспектіні қамтыған хабарлама жасалды.
Жарыссөзде сөз салған қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, көп шаңыраққа қуаныш сыйлаған тұрғын үй құрылысы биылда жалғасты болса, шекарадағы Молодость жеңілдетілген өткізу пунктін екіжақты өткізу пунктіне айналдырса, соғыстың із, жаңғырығы қалған Сталинград майданының ең жақын тылы болған ауданға жауынгерлік даңқ мәртебесі берілсе деген ұсынысын айтты.
Облыс басшысы шекара мәселесінің екі ел президенттерінің Омбыдағы кездесуінде көтеріліп, екіжақты саудаға, қарым-қатынасқа тиімді шаралар қабылдау үшін тапсырма алғанын, даңқ мәртебесін беру мәселесі бойынша да тиісті шараларды қолға алатынын айтып сендірді.
Бисендік ақсақал, ардагер ұстаз Қайыролла Сабыров ауылдағы су сапасын алға тартты. 2014 жылы ауыл халқының тұтынуына берілген су құрамында темір мөлшері көп. Ішуге жарамсыз. Тұрғындар құдықтан су тартып ішіп отырса, мектеп-интернат пен балабақша тәрбиеленушілері осы суды тұтынып отыр. «Төрт шақырымдағы Үштеректе таза су бар. Содан су тартылып берілсе» деген ауылдастарының аманатын жеткізді.
Ғали Нәжімеденұлы су құрамын қайта қарап, темір мөлшерін азайтудың амалы бар-жоғын болмаса, таза су кіргізу жолын қарастыратындарын айтты.
Аудандық мәслихат депутаты Жалғас Әшенов Мұратсай тоғанының мәселесін көтерді. Облыстық табиғи ресурстар және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ринат Шәуенов, «Қазсушар» РМК БҚОФ директорының орынбасары Төлеген Ғұмаровтар Мұратсай ашық су тоғанына жүргізілетін тазалық жұмыстарына қаржы қарастырылып, Жәнібек арқылы келетін су жолдарын жөндеу қолға алынатынын мәлімдеді.
Жоспарға алынған жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілсе, Мұратсайға келетін су мөлшері артып, кемеріне жететін күн де алыс емес.
Ауыл ақсақалы Жаңбырбай Камалов ауылдағы медицина қызметінің сапасына тоқталды. Мамандар тапшылығы, квота беру туралы айтты.
– Он екі рет отадан өткен адаммын. Оның алтауы қаладағы «Талап» ауруханасында жасалды. Квота сұрасам, өзім таңдаған «Талапқа» емес, облыстық аурухана, диагоностикалық орталыққа жолдама береді. Газеттерде тайға таңба басқандай ғып, «науқастар аурухана, тіпті дәрігерді өзі таңдай алады» деп жазады. Сонда қалай? Әлде бұл таңдау ауылдағыларға тиесілі емес пе? - деп сауал қойды.
– 41 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Кімге, қайда қаралам десеңіз де, таңдауыңыз біледі. Маман тапшылығы барлық ауданға ортақ. Ол тығырықтан шығудың жолы мектеп түлектеріне әкім грантын ұсыну. Мектеп түлектері тегін оқып, мамандық алып, сол гранттың өтемі үшін, туған ауылына кеп, еңбек етсің, - деп толыққанды жауап берді облыс басшысы.
Жиыннан соң облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан тұрғындарын жекелей қабылдады. 2036 әскери бөлім командирінің орынбасары Алексей Марук қызметтік мәселесі, яғни, шекара бекеттеріне қатысты сауалымен кірсе, Хан ордасының тұрғыны, жеке кәсіпкер Артур Ғабдушев қонақ үй қызметі үшін несие алу жолдарын сұрады. Артурдың бұл мәселесі сол бойда шешімін тапты.
Хан ордасындағы қазіргі қонақ үйді сенімгерлік басқаруға алып, қонақ үй сервисін жандандыру ұсынылды. Бұл ұсыныс Артурдың да көңілінен шыққан тәрізді.
Арайлым Есмағұлова
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер