21.08.2015, 20:02
Оқылды: 17

Аудан активімен болған жиын

Janibek audan aktivimen bolgan jiyn    Бүгін аудан әкімі Мұрат Мұқаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізіп, оған аудан әкімінің орынбасары Аманжол Қадырбеков, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудан әкімі аппаратының басшысы Жақсылық Абдолов, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

Алдымен, Мұрат Рахметұлы аудандық ішкі істер бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Ертай Қарағойшиев пен орынбасары Ернар Орынғалиевті көпшілікке таныстырып, өмірбаяндары мен еңбек жолдарына тоқталып өтті.

Сондай-ақ, аудан әкімі бүгінге дейін аудандық ішкі істер бөліміне жетекшілік еткен Еркін Қуанышқалиевтің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, алғыс хат пен естелік сыйлықты табыс етті.

Жиында Мұрат Рахметұлы елімізде болып жатырған экономикалық өзгерістерді сөз етіп:

-Экономиканың бүкіл әлемде нашарлағаны бәрімізге белгілі. Бұл дамушы және дамыған мемлекеттерде орын алып отырған жағдай. 2008 жылы басталған әлемдік дағдарыстың қиын кезеңдерін еліміз оңай еңсеріп, тек даму үстінде болды. Ауданымызда бірнеше жаңа әлеуметтік нысандар іске қосылды, жолдар жөндеуден өтіп, игілікті істер жалғасын табуда.

Аудан әкімі бұл уақытша қиындықтың да тиімді тұстарын пайдалану керектігін айтып, әсіресе кәсіпкерлерді бәсекеге барынша қабілетті болуға шақырды:

-Азық-түліктің бағасын қадағалап тұратын арнайы комиссия құрып, уақтылы мониторинг жүргізіп отырамыз. Бағаның негізсіз өсуіне ешқандай жол бермеуіміз керек. Әсіресе, елімізде өндірілетін тауарлар бағасы өспеуі қажет. Дағдарыстан дағдармай шығу жолдарын халыққа кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеміз.

Мұрат Рахметұлы сөзінің соңында қиындықтың бәрін бірлігіміздің арқасында, жұмыла жүріп жұмыс істесек қана еркін еңсеретінімізді айта келіп, аудан активіне нақты тапсырмалар берді және өзінің жіті қадағалап отыратындығын жеткізді.

www.zhaikpress.kz

  Данияр Оспан

 Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале