11 мамыр күні 22.00 шамасында Атыраудан Оралға бағыт алған «ГАЗель» жүк тасымалдау көлігі Чапаев тұсындағы «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ-ның жанар-жағармай құю бекеті аумағындағы дүкен жанына тоқтайды. Кенет көліктен от шығады.
Жанар-жағармай құю бекетіне қауіп әкелген осы сәтте оның жұмысшылары жедел қимылдап, қолдағы өрт сөндіргіш құралдарды іске қосып, қатердің бетін тойтаруға жұмылады. №24 өртке қарсы күрес қызметінен де көмек жетеді. Сөйтіп, атыраулық «Дәулетбай Строй Сервис» ЖШС меншігіндегі автокөліктің негізгі бөлігі, оның ішінде ішкі-сыртқы өңдеуі, әйнек-терезелері, орындықтары, дөңгелектері, т.б. дүниелері дін аман қалды. Автокөліктегі электр сымдарының зақымданғаны белгілі болды,-дейді БҚО ТЖ Ақжайық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мәлік Досқалиев.
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Ақжайық ауданы