28.02.2015, 22:39
Оқылды: 52

Сағындырған ДОСТАРЫМ


Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағала өзі жаратқан пайғамбарларының ішінен ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с-ны) өзіне сүйікті дос әрі елші етіп алыпты.


Міне, осы кезден бастап, адамзат баласы бір-біріне дос болуды қалап, бірін-бірі таңдаған. Жаныңа жақын, өзіңді дұрыс түсінетін, сыйлап, құрметтейтін, өзің жоқ жерде сен жөніндегі біреудің теріс сөзіне араша түсе алатын адамды нағыз дос деуге болады. Жастық өтіп, ақсақал, ата деген атаққа ие болып отырған кезімде, өзімнің жаныма жақын, әрбір санын түгендеп сағынып күтіп алатын «Орал өңірі» мен «Егемен Қазақстан» газеттері менің кеңесшім, ақылдасар досым. Іздегенімді тауып беретін іздеушім. Ішімдегі ойымды тарқатуға жәрдем беретін бірден-бір досым десем, еш артық айтпағаным. Өткен жылы «Орал өңірі» газетінің 7 тамыз күнгі санында жарық көрген журналист Есенжол Қыстаубаев бауырымның «Сағынышқа айналған құрдастарым-ай» деген мақаласын оқып шыққанымда, ұйқыда жатқан ойымды оятып, естелігімді ақтаруға тура келді. Онымен қоймай қолыма қалам алғызды. Есенжол бауырым, мен де сендей досты дос деп таныған, досқа дегенде жүрегім таза, көңілім кіршіксіз. Құшағым ашық, пейілім кең деп жүрген адамның бірімін. Достарыммен кездескенде, құшағым жазылмай балаша сүйісіп, әзілдеріміздің үлкендігі оймақтай, орынды сөзбен көңілдің көкжиегін ашып жүрген достарым баршылық еді. Сол сағындырып кездесетін достарым Владимир Аюпов, Сайлау Фазылов, Райым Құттығалиев, Амангелді Қажыгереев, Жеңіс Отарғалиев, Ұстағали Құлдашев, Набиолла Сафуллин, Батырбек Қажмұратов, Қуаныш Самарбаев, Халел Батырғалиев, Аманжол Құсанов, Амангелді Бижанов, Темірхан Амиров, Рахым Ажғалиев, Ғаділше Өтебалиев, Демеу Қазмағамбетов, Хамит Карманов. Не деген ғажайып жандар. Шындығын айтсам, осы достарым менен бұрын білім алып, сусындарын қандырған, достықтың қадір-қасиетін толық сезінген жандар еді. Еңбектері көрініп, халықтың алғысына бөленгендер. Әттең, біразы дәмі таусылып, бақилық болды. Бақилық болды деуді аузым айтқанмен, көңілім қоштамайтын сияқты. Дегенмен, амал жоқ, тағдырға көніп, бақилық достарым В. Аюпов, Б. Қажмұратов, Н. Сафуллин, А. Бижанов, А. Құсанов, Т. Амиров, Х. Батырғалиев, Ұ. Құлдашевтарды еске аламын. Ғұмырымда осы дос-тарым жүрегімнің түбінен ойып тұрып орын алғандары үшін күнделікті оқыған дұғаларымның ішінде аттарын атап, жатқан жерлері жарық, имандары жолдас, жандары жәннатта болсын деп дұға жасаймын.

Бүгінде Сайлау Фазылов, Райым Құттығалиев, Амангелді Қажығереев, Ғаділше Өтебалиев, Демеу Қазмағамбетов, Хамит Карманов, Жеңіс Отырғалиев, Рахым Ажғалиев сынды достарымызбен Жаратушы берген ғұмырды жалғастырып жүрміз. Осы достарымыз әзілдескенде көңілге тат түсірмей, аталарымыздан естіген аталы сөздерді еске түсіріп, бүгінгі ұрпақ алдында және топ алдында ибалы, иманды сөзімізбен осы жасқа жеткенімізге қуанамыз. Дәм ырыздық көтеріп Қаратөбеге жолым түсіп, елге сыйлы, 80 жасқа толған жеңгеме барғанымда, досым Фазылов Сайлау мен кемпірі Хисамиқызы Маркизаның үлкен ұлы Талғаттың дүниеден озып, бақилық болған қайғысына тап болдым. Қазақта «Жақсыда да, қайғыда да артының қайыры болсын» деген сөз бар. Осы сөзді көкірегіме түйіп, досыма барып көңілімді білдірдім.

Сайлау 10 жасынан бастап Аққозы совхозында волокуш жегілген өгізді жетектепті. Мен де 10 жасымда осы совхоздың №3 бөлімшесінде сол жұмыста жүрген едім. Кейін дүниеден өткен Разия, Шандоз, Омар деген атайлармен жұмыс жасадым.

Сол уақыттың өзінде түскі, кешкі үйге қайтар кезінде Сайлау ала қапшықты сиырдың тезегіне толтырып, үйіне әкелетін. Анасынан бұрын келіп қара қазанға су құйып әкелген тезекті астына қалап, суды қайнатып дайындап қоятын. Еңбекқор досымды кейін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі мен аудандық редакция екеуі қатарынан жұмысқа шақырғаны есімде. Ақыры аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде жұмыс жасады. Сол кезде Сәкең 16 жаста еді. Осы мекемеде 1961 жылға дейін бес жыл жұмыс жасап, қабілеттілігін көрсете білді. Кей кездері түнде үйінен шам әкеліп, күндіз бітіре алмаған жұмысын түнде жасап отырған кезінде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қойшыбай Ильясов келіп, «Сен түнде не істеп отырсың?» десе, «Аға, күндіз үлгере алмаған жұмысымды ертең басшыма әзірлеп қою үшін отырмын» дейді екен. Осы еңбекқорлығының арқасында ауылдық кеңестің депутаттығына ұсынылып, аудан жастары арасынан тұңғыш болып ауылдық кеңестің депутаттығына сайланды. Кейін ол Қаратөбе ауылдық кеңесінің секретары қызметінде істеді. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қойшыбай Ильясов шақырып, жағдайын білгеннен кейін «Сені аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жіберуді ұйғарып отырмын. Қалай қарайсың?.. Келісесің бе?» дегенде «Қайда жұмсасаңыз да, мен әзірмін!» деп жауап береді. Сол бойда Қойшыбай ағамыз орнынан тұрып келіп, қолын қысып, «Жұмысыңды тапсыра бер, бастығыңа өзім айтамын» деген екен.

Содан Сайлау 1961-1966 жылдар аралығында аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгеруші болып, Қаратөбе, Жымпиты аудандарында қызмет істеген. Осы кезде облыстық комсомол комитетінің секретарьлары Білаш Ғұмаров, Клара Валиева, Әли Сабиров, Роза Көжековалармен қызметтес болғанын мақтаныш етеді. Туып-өскен жерінен табан аудармай еңбек етіп, кейін ауданның құрметті азаматы атанып, туған өлкесінің тарихын білетін, қазіргі кездегі ел сыйлаған ақсақалдардың бірі - Сайлау досым. Сәкеңнің достық жақсылығы мен қайырымдылығы әр уақытта көзге ұрып тұрады. 1970-1971 жылдары жүрек ауруымен ауырып, аудандық, облыстық ауруханада жатқанымда, менің жанұяма дос ретінде көрсеткен көмегі еш ұмытылмайды. Совхоз директоры Вилен Тоқсановпен сөйлесіп, орталықтан үй алып беріп көшіріп, зайыбым Шолпанды жұмысқа орналастырып, достықтың жолын азаматтықпен орындады. Бұл тек маған ғана жасаған достық емес, басқа адамдарға да осындай жақсылығын аямай жүретін. Ал Сәкеңнің кемпірі Маркиза Хисамиқызының да достық есебінде жасаған жақсылығын ұмыта алмаймын. Ол ел құрметіне бөленген дәрігер болды. Бүгінгі күні осы жақсылықтары есіме түсіп қартайған шағымда газет арқылы болса да, алғысымды айтуды жөн көрдім. Осынау достарымның, қайырымды адамдардың ұзақ жасауына Алла Тағала ғұмыр бергей!


Асылбек қажы СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ,

Дариян ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале