11.03.2016, 19:32
Оқылды: 49

ҰБТ-ға дайындық қалай?

????????????????????????????????????

   Өткен жылғы ҰБТ қорытындысымен ауданымыздағы мектеп бітіруші түлектердің білім сапасы 2014 жылмен салыстырғанда 10,12 балға жоғарылап, 83,86 (облыс – 83,62; республика – 79,4) балды құрады. Орташа жинақ балл облыстық көрсеткіштен 0,24, республикалық көрсеткіштен 4,46 балға жоғары болып, облыс аудандары арасында Ақжайық бесінші орынға тұрақтады. Әрине, ҰБТ-ға қатысты бүкіл әңгіменің түйіні білім сапасына келіп тіреледі.


Мұнда талапкерлерді кешенді тестілеуге әзірліктің жөні бөлек. Сондықтан алдағы сол үлкен шараға дайындықтың жай-күйі қалай? Кезекті баспасөз мәслихатында аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Зиналиев пен ауданымыздағы ҰБТ пунктінің жетекшісі Мәншүк Мұқанова сол жайында толық баяндап берді, сұрақтарға жауап қайтарды.

Өткен айда барлық орта мектептің осы сынаққа дайындығы байқасталды. Мерген, Қаршы, Алғабас, т.б. орта мектептерге әдістемелік көмек көрсетілді. Жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық пәндердің мұғалімдеріне арналып «ҰБТ-ге дайындық жүйесін жетілдіру» тақырыбында семинар өткізіліп, жоғары санатты мұғалімдердің іс-тәжірибелері ортаға салынды. Күзгі каникул кезінде «Алтын белгіге» үміткерлер Орал қаласындағы «Дарын» орталығындағы дайындыққа барып келсе, қысқы демалыста Чапаевта элективті курс ұйымдастырылып, ауданның жоғары санатты пән мұғалімдері қосымша сабақтар жүргізді. Алда 15 «Алтын белгіге» және 5 «Үздік аттестатқа» үміткер оқушылар үшін Қазақстан тарихы мен математикадан қосымша курс өткізу жоспарланды, оған ЖОО мұғалімдері шақырылады.

Тестілеу пунктінде биылғы 348 түлекке деректер базасы жасақталды, бейнекамерамен жабдықталған 8 аудитория (біреуі резервте) дайындалуда. 10 наурыздан 25 сәуірге дейін дайындықтың ІІ кезеңі, яғни түлектерден тестілеуге өтініш қабылдау жүргізіледі. Олар арнайы бланканы толтырады. Өтініш қабылдауды мектептердегі техникалық хатшылар орындайды. Түлектер мен ата-аналарға тестілеуге дайындыққа қатысты жадынамалар таратылды.

Сынақ кезінде түлектердің тиісті тәртіп, ережелерді сақтауы, не нәрсеге тиым салынатынын білуі ас маңызды. Баспасөз мәслихатында бұл туралы да әңгімеленді, мектеп бітірушілерді психологиялық демеу жөнінде қам-қарекеттер де айтылды. Психологтар ата-аналармен де кездесулер өткізуде. Бұл мамандарға облыстық әдістемелік кабинеттен де көмек көрсетілді.

 www.zhaikpress.kz

Жандәулет СӘБИТ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале