3.12.2015, 17:39
Оқылды: 22

2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы басталатын болды

Akjayik makka joldau   Уақыт қандай жүйрік. Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына да қадам басатын күніміз алыс емес. Бұл мерейтойға Қазақстан айтулы жетістіктермен, тың табыстармен барары сөзсіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өз халқына жаңа Жолдауы соған берік кепіл болып табылады.

Небір қиындықтан жұдырықтай жұмылып, рухты үстеп шыққан елдер адамзат тарихында аз емес. Ендеше, біз де тек тас-түйін болып, етек-жеңді жинақтап, қиындыққа қаухарымызды қарсы қойғанымыз абзал. Бұл үшін біліміміз де, рухани күшіміз де жеткілікті. Тек соны ұтымды жұмсай білуді айт. «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қолымызда бар. Елдік мәселеге мүдделілікпен, перзенттік парызбен атсалысу – ғұмырымыздың бақыты деген сөз.


 

Жолдау тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің тыныс-тірлігін, баршамыздың қиналған сәттерімізді де, қуанышты күн, апта, айларымызды да есімізге түсірді емес пе. Небір қиыншылық кездесті. Алайда соның көбі соншама бір ұзаққа кетпей, еңсерілді. Бұл ненің арқасында, кімнің арқасында болды? Осыны ұмытпайық, зердеміз қалғымасын.

Елбасымыз бұл құнды құжатта да біздің, бала жаны бағбандарының міндетін, борышын өте ұғынықты баяндады. Бүгінгі ұл-қыздарды ертеңгі үлкен өмірге дайындауға ата-анамен, барлық тұрғынмен бірге күш-жігер жұмсауымыз керек. Олар үшін бүгінде алдарынан кездесетін сұраққа бірлесіп жауап табуға тиіспіз.

2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы басталатын болды. Меніңше, бұл көпшіліктің ойынан шыққаны сөзсіз. Жұмысшы мамандығының қадірі бұрын елімізде қандай болғанын аға-апаларымыз жақсы біледі. Тек сол қадыр-абырой қоғамның өлара шағында бәсеңсіп қалғаны да мәлім. Енді соны қазіргі дәуір талабына сай қалпына келтірген абзал. Институт, университет бітіру міндетті емес екені де белгілі, өмір оны әркімнен сөзсіз талап етпейді де. Бастауыш техникалық кәсіпті меңгерген жан жерде қалмайды. Бүгінгі ұйымдар, кәсіпорындар заманы сондай кадрларға барған сайын мұқтаж болуда. Мамандықтың жаманы деген ешқашан, ешбір елде болған емес, болмайды да. Осы өзіміздің маңайымыздан мысал айтсақ, механизаторға, фермерге, аспазға мұқтаж шаруа қожалықтары аз емес.

www.zhaikpress.kz

Макка ҮМБЕТАЛИЕВА

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале