Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтің заманауи құндылықтарын қалыптастыру және заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Ақжайық ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында айқындалған нормалар мен құндылықтарды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев, Ақжайық ауданының әкімі М.Сердалин, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары және аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға бағытталған конституциялық реформалардың маңызы, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының негізгі нормалары, мемлекеттік қызметтің сервистік моделі, меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ кадр саясатын жетілдірудің жаңа тәсілдері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов заңнамалық өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесінде заң үстемдігін нығайту, кәсібилік пен ашықтық қағидаттарын дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және азаматтардың мүддесіне бағытталған тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы, заманауи басқару құзыреттерін қалыптастыру және мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету мәселелері қаралды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар заңнаманы практикалық қолдану мәселелері бойынша өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істер агенттігі