25.04.2023, 10:01
Оқылды: 196

«Әскерден келгендер тегін оқи алады»

Әскер  –  ел  қорғаны.  Ал әр ер-азамат елін қорғауға  міндетті. ҚР Конституциясының  36-бабында осылай шегелеп жазылған. Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жасақтау бөлімінің басшысы, капитан Рифат Загидуллинмен кездесіп, осы салада атқарылып жатқан  жұмыс жөнінде аз-кем сұхбат құрған едік.

A7B6D01B-D0F8-4D2D-A9ED-089396EE2293

Фото: 45minut.biz

– Рифат Наильевич, былтыр ҚР Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметті өтеуге деген ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба ұсынған еді. Онда әскери қызметті өткерген барлық азаматқа екі жылдың ішінде ақылы және ақысыз негізде жоғары оқу орындарына түсуге  мүмкіндік берілетіні айтылды. Осы бастама биыл қолданысқа енді ме?

– Биылдан бастап  бұл жоба жүзеге асуда. Елдегі 50 жоғары оқу орны бастамаға қолдау білдірді. Қорғаныс министрлігі ЖОО-мен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен меморандумға қол қойды. Әскери борышын өтеп келген азаматтарға оқуға түсу үшін бірнеше жеңілдік қарастырылған. Олар әскерден келгеннен кейін 2 жыл ішінде әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде ЖОО-ларға оқуға түсе алады. Яғни ҰБТ-ның балы қажет емес. Сосын жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібімен ерекшеленген әскери қызметшілер ҰБТ тапсырмай-ақ тегін оқи алады. Сонымен қатар емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай, Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсуге болады. Офицер атағын алу үшін ЖОО-ның әскери  кафедрасына емтихансыз грант негізінде оқи алады.

– Әскерге барғысы келетіндердің саны жыл санап артып келе ме, әлде азаюда ма? Орал қаласында әскерге жарамды қанша жас бар? Олардың арасында Отан алдындағы әскери міндетін өтеуден қашып жүргендер бар ма?

– Бүгінде әскерге барғысы келетіндер аз емес. Студенттердің арасында да әскерге өз еркімен баруға ынталы бозбалалар бар. Мұндай азаматтардың өзі және ата-анасы арыз жазып, оны нотариус арқылы куәландырады. Себебі олар әскер қатарына кетерде бір жылға академиялық демалыс алады. Барлық балабақша мен мектептерде елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін іс-
шаралар өтетінін білеміз. Меніңше, мұндай тәрбие, алдымен, отбасында берілуі керек. «Отан – отбасыдан басталады», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақылдар тегін айтылмаса керек. Бала дүниеге келгеннен бастап патриоттық тәрбие беру қажет деп санаймын. Ата-аналар балаларға дұрыс жол көрсетсе, Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырса, әскерге баратындардың саны арта берер еді. Біздің басқарма қызметкерлері де жыл сайын колледж, жоғары оқу орындарына барып, үгіт-насихат жүргізеді.

Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында әскерге баратын жастағы 925 азамат тіркелген. Көктемде олардың 200-ге жуығы әскерге шақырылуда. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жоспарына сәйкес, жыл сайын 400-450 адам әскерге шақырылады. Бүгінде Орал қаласы бойынша 600-ге жуық жас іздеуде жүр. Шаһарда мекенжайы бойынша тұрмайтын әскер жасындағы 128 азаматтың бар екені  анықталды. Сондай-ақ  еш жерде тіркелмеген 36 жас бар. «2023 жылдың наурыз-маусымында және қырқүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы» Орал қаласы әкімдігінің 23 ақпандағы №415 қаулысы бекітілді. Орал қаласы бойынша әскерге шақырудан және медициналық комиссиядан жалтарып жүрген әскерге шақырушыларды іздеу үшін 4 учаскелік полиция қызметкері бекітілді. Бүгінде «Әскерге шақырылушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

– Рифат Наильевич, осы орайда әскерге шақыру бойынша медициналық комиссия мен
әскери қызметтен жалтарғандарға қандай жа-уапкершіліктер көзделгеніне тоқталып өтсеңіз.

– Мұндай азаматтар әкім-шілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаған жөн. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 648-бабы («Медициналық тексерілуден немесе жиындардан  жалтару») бар. Азаматтарды әскери есепке қою жөнiндегi комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтару – әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға не үш айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы әскери қызметтен жалтарғандарға арналған. Әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаса да осы қызметке шақырылудан жалтару – 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

– Әскерге шақырылушы жастардың қосымша медициналық тексерістен өтуі кезінде қиын-
дыққа кездесетінін естідік. Кейбір әскерге шақырылушылардың ай сайынғы міндетті медициналық сақтандыру жарнасы жоқ. Ал мұндай жағдайда емдеу мекемелері әскерге шақырылушыларды қабылдамайды. Аталмыш мәселе қалай шешілуде?

– Негізі, мұндай мәселенің бар екені рас. Әскер жасындағы кейбір азаматтардың тұрақты жұмысы болмағандықтан, міндетті медициналық жарнасы жоқ. Сондықтан әскерге шақыру комиссиясына келген осындай жастардың қан және несеп талдауын жасатуы, қосымша тексерілуі үшін қалалық №1 емхана белгіленді.

– Әскерге баратын жастардың денсаулығына қатысты қандай мәселелер бар? Олардың арасында көбінесе нендей аурулар  кездеседі? Жалпы, әскерге баратын жастар қалай іріктеледі?

Жастардың арасында  әртүрлі дережедегі миопия, майтабан және сколиоз, жүрек және қан тамырлары аурулары, дене салмағының жетіспеушілігі немесе артық салмақ, ішек және азқазан аурулары жиі кездеседі. Әсіресе, асқазан жарасы (язва) мен гастрит көп. Жастар фастфудқа, газды сусындарға және басқа да зиянды тағамдарға үйір боп барады. Көз ауруларының көптігі де компьютер мен ұялы телефонның денсаулыққа қаншалықты зиян екенін көрсетіп отыр. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидасы бар. Ол ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысымен бекітілді. Сондай-ақ Қарулы күштер қатарында, басқа да әскери құрылымдарда қызмет өткеретін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптар бар. Бұл талаптар ҚР Қорғаныс министрінің 2020 жылғы №722 бұйрығына сәйкес анықталады.

– Қарулы күштер қатарына бармай-ақ, бір айдың ішінде қалай әскери билет алуға болады?

– «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Орал қаласының филиалы белгілі себептермен әскери міндетін өтей алмаған курсанттарды ақылы негізде 40 күн оқытады. Мұнда жыл сайын шамамен 90 адам оқиды. Оның мақсаты – Қазақстан Қарулы күштеріне әскери-техникалық мамандар даярлау. Бұл мектепте 24-27 жас аралығындағы азаматтар алғашқы әскери дайындықтан өтіп, атқыш мамандығын алып шығады. Емтихан тапсырып, сертификат алған соң, әскери билет беріледі. Әскери-техникалық мектептер құрылған сәттен бастап-ақ әскерге қажет техникалық мамандарды даярлай бастады. Жастар мұнда үш ай оқып, «В1», «С1» санатты жүргізуші куәлігін алып шығады. Яғни әскерге дайын маман болып барады.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале