Дәрігерлер қатты ыстыққа байланысты балаларға, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға мұқият болу қажет екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы директорының орынбасары Қарлығаш Әбдрахманованың айтуынша, күн өту - ең қауіпті жағдайлардың бірі. Ол адамның басына және денесіне күн сәулесі ұзақ уақыт тікелей түсуі салдарынан болады.
Оның сөзінше, күн өтуі балалар үшін де қауіпті. Өйткені олардың дене температурасын реттеу жүйесі әлі толық қалыптаспаған.
Күн өтудің алғашқы белгілері байқалған жағдайда адамды дереу салқын жерге немесе көлеңкеге апарып, артық киімін шешіп, таза ауаға шығару және денесін салқындату қажет.
"Маңдайға, мойынға, қолтыққа және шап тұсына салқын компресс қойған дұрыс. Себебі осы тұстардан ірі қан тамырлары өтеді. Науқас есін жоғалтпаған болса, су балансын қалпына келтіру үшін оған салқын суды аз-аздан беру керек", - деп түсіндірді дәрігер.
Маман күн өткен адамның жағдайы нашарлап, есінен танса, қатты құсса немесе дене қызуы жоғары болса, жедел жәрдем шақыру қажет екенін айтты.
Дәрігерлер жаз мезгілінде алдын алу шараларына ерекше мән беруге кеңес берді. Сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін күн астында жүрмеу, бас киім кию, ашық түсті жеңіл киім таңдау және жеткілікті мөлшерде таза су ішу маңызды.
Сондай-ақ, мамандар күн өткен кезде ішімдік, кофе және тәтті газдалған сусындарды тұтынуға болмайтынын ескертті.