29.01.2020, 9:37
Оқылды: 98

Бағдарламаны іске асыруда ширақтық керек  

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуын талқылаған жиын өтті. Басқосуға мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, екінші деңгейдегі банктер мен даму институттарының басшылары қатысты.

akim kasipker (6)

Облыста өткен жылы отандық тауар өндірушілерді қолдайтын "Қарапайым заттар экономикасын" дамыту жөніндегі жоба іске қосылды. Жобаны іске асырудағы кедергілерді жедел анықтап, жою мақсатында жобалық кеңсе құрылғаны мәлім. Жобалық кеңсе бизнес жоспарды әзірлеу кезеңінен қаржыландыруға дейін бизнес жобаларды сүйемелдеуді жүзеге асырады, жобалардың тұрақты мониторингін жүргізеді. Сондай-ақ ай сайын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ның филиалы базасында "кәсіпкер сағаты"өткізілуде. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтың баяндауынша, бағдарламаға құрылыс индустриясы, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп кешені, тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді қатысуда. Кәсіпкерлерден және ЕДБ-терден аталмыш бағдарламаны жетілдіруге қатысты түскен ұсыныстар негізінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің тізілімі кеңейтілген. Мысалға, «Гофр картоннан, қағаздан және картоннан қаптама өндіру» өндірісі тізілімге енгізіліп, соның нәтижесінде «Полиграфсервис» ЖШС-ның қағаз стакандар өндірісі жобасы қажетті жабдық алу үшін «АТФ банк» АҚ-мен екі мәрте қаржыландырылған. Бағдарлама іске қосылғалы бері бағдарламаға несиенің пайыздық мөлшерлемесі 8%-дан 6%-ға төмендетіліп, кепілдік беру тетігі енгізілген, несие шамасына қарай айналым қаражатын 50%-ға дейін толықтыру секілді өзгерістер енгізілген.

akim kasipker (3)

-Өткен жылдың аяғында Үкімет отырысында бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізу шешімі мақұлданды. Онда инвестициялық мақсаттарға берілетін несие мерзімін 7-ден 10 жылға дейін ұзарту, тамақ өнеркәсібі саласындағы айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несиені екінші деңгейдегі банктердің өз қаражаты есебінен 100%-ға жеткізу, несиеленетін тауар тізімінің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіндегі 5 жаңа түрімен толықтырылуы және басқа да өзгерістер қарастырылған. Бүгінде 4,6 млрд. теңгенің 111 жобасы мақұлданып, 588 млрд. теңгенің 11 жобасы қаралуда. Бағдарламаға өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы субъектілері қатысып, әлеуетті қатысушы ретінде танылған. Бағдарламаны іске асыруға еліміздегі 10, өңіріміздегі 9 үлес қосуда. Жобаларды қарауда «Нұрбанк» АҚ (бес жоба), «Сбербанк» АҚ (3 жоба), «Қазақстанның Халық банкі» АҚ (3 жоба) белсенділік танытты, - деді Ернар Бекетов.

akim kasipker (1)

Басқосуда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бір бағыты жергілікті қамту үлесін көбейту мәселесі қозғалды. Жергілікті қамту үлесі бойынша жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, машина жасау салаларында мақсатты индикаторлар қарастырылған. 2019 жылғы мемлекеттік сатып алу қорытындыларындағы жергілікті сатып алу үлесі бойынша жүргізілген мониторинг барлық индикаторлардың орындалғанын көрсетті. Биыл да жергілікті қамту үлесінің мақсатты индикаторлары бекітілген. Соған орай қазіргі уақытта облыс кәсіпорындарына мемлекеттік тапсырыстардағы жергілікті қамтуды анықтау үшін СТ-КZ тауар сертификатын алу қажеттігі түсіндірілуде.

akim kasipker (4)

Ұлттық банктің БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Сергей Родин облыстағы екінші деңгейдегі банктердің 2017-2019 жылдардағы несиелендіру қызметі жайындағы ақпаратпен таныстырды. Өткен жылы облыста 335,6 млрд. теңге шамасында несие берілген, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 25,2%-ға артық. Заңды және жеке тұлғаларға рәсімделген несие көлемінде айтарлықтай өзгеріс (2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 52,3% және 47,7%) жоқ. Дегенмен өткен жылғы берілген несие  2017 жылғы рәсімделген несие көлемімен салыстырғанда 47,1%-ға, соның ішінде құрылыс саласында 2,3 есе, өнеркәсіпте 73,6%-ға, ауыл шаруашылығы саласында 4 есе өскен, ал логистика саласындағы несие көлемі 16,7% -ға, ақпарат және байланыс саласын несиелеу 40,8%-ға төмендеген.

akim kasipker (5)

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы банктік қарыздар бойынша қарыздың жалпы шамасы соңғы үш жыл ішінде 35% -ға өсіп, 302,2 млрд. теңгені құраған, соның ішінде өткен жылы 17,6%-ға өсті. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша несие берешегінің жалпы көлеміндегі заңды тұлғалардың үлесі 37,5%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 62,5%-ды құрайды. Соңғы үш жылда жеке тұлғалардың несие бойынша жалпы қарыздағы үлесі 56,7% -дан 62,5% -ға дейін көбейді. Тұтастай алғанда үш жылға банк несиелері бойынша жалпы несие берешегінің салалық құрылымы сақталып отыр.

2019 жылы берілген несиелер көлемі 33,8 млрд. теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7,2% -ға аз, ал тұтастай алғанда соңғы үш жылда ол тек 5% -ға өсті. С.Родиннің айтуынша, қазіргі уақытта тұтынушылық несие алушылар басым. Облыс әкімі облыстағы банк филиалдарының экономиканы несиелендіру белсенділігін өзге өңірлердегі банктермен салыстырмалы түрде көрсететін көрсеткіштерінің бар-жоғын сұрап білді. Мұндай көрсеткіштерді бас банктен сұрату керектігін айтты.

akim kasipker (2)

Кәсіпкер Сергей Ильин отандық қағаз өңдеушілерге шикізат жетпей жатыр деген сылтаумен шикізатты сыртқа шығаруға тиым салынғанын, соның кесірінен қағаз қалдықтарын Ресейге шығара алмай, Алматыға тасып, ұтылып отырғандарына налыды. Сондай-ақ «ҚПО б.в» компаниясының мемлекеттік тапсырыстарына 4-кезең қатысқанымен нәтижесіздігін, «ашықтық» жоқтығын айтып, көмек-қолдау сұрады. Қағаз шикізаты бойынша мәселе кәсіпкерлер палатасында қаралып, орталық аппараттың қарауына жолданған. Үкіметтік деңгейде шешілетін бұл мәселе бойынша тиісті министрлікке жан-жақты сарапталған негіздеме жолданады. Ал мемлекеттік тапсырыс мәселесі бойынша облыс басшысы кәсіпкерлер палатасының өкілін бақылау комиссиясының құрамына енгізу қажеттігін, мәселені шешуге жұмыстанатына сендірді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тиісті мемлекеттік құрылымдарға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жұмыстарды ширатуды, ЕДБ-терге экономиканы қаржыландыруға жіті назар аударуды тапсырды.

Гүлбаршын Әжігереева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале