3.06.2026, 14:30
Оқылды: 23

«Балалар арасында бүйрек ауруы белең алды»

Дені  сау, бақытты, жан-жақты  дамыған  бала – қоғам мен мемлекет үшін  ең басты құндылық.  Өйткені дені сау  ұрпақ  қана  мықты  мемлекеттің  негізін  қалайтыны  ақиқат.  Бүгінде  әртүрлі  патологиямен  дүниеге  келетін нәрестелерді  айтпағанда,  бұрындары  жасы  егде  тартқан адамдарда  кездесетін  лейкемия, қатерлі  ісік, бүйрек жеткіліксіздігі,  қан  қысымы  дерті  секілді  аурулар  қазір  балалар  мен жасөспірімдерде жиі кездесе бастаған.  Бұл  дерттердің  алдын  алу  жолы  және  бүлдіршіндерге  жасалған  күрделі  оталар  туралы облыстық  көпбейінді балалар  ауруханасының  жоғары  санатты  хирургы Рапхат Әжіғалиевпен тілдескен  едік.

DSC00257

Шипагер әулет

Рапхат Біләлұлы – балалар хирургиясына 50 жылға жуық ғұмырын арнаған, өңірдегі мыңдаған балаға шипагер болып, ата-аналардың алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі. Тәжірибелі маманға қызмет барысында мансаптық өсу бойынша талай ұсыныс тасталса да, ол балаларға жедел көмек көрсететін ауруханада қызмет етуді, әр бүлдіршінге дертсіз денсаулық сыйлауды таңдаған. Жалпы Әжіғалиевтар әулетін облысымыздағы денсаулық күзетіндегі династия десек, артық айтпағанымыз болар. Өйткені бұл әулеттің медицина саласындағы еңбек өтілі – 500 жылды құрайды, өңірдің медицина саласында 13-і қызмет етіп  жүр.

Айта кетсек, бұл Әжіғалиевтар әулеті – Біләл және Нәби есімді ағайындылардан тараған ұрпақтар. Нәби бауыры соғыста қайтыс болғандықтан, майданнан оралған ағасы Біләл екі үйдің балаларын өз тәрбиесіне алып, барлығының да жоғары білімді маман, адал азамат болып өсуін қадағалайды. Атырау облысының Теңіз ауданында туып-өскен Біләл Әжіғалиев Капустин Яр полигонына байланысты аудан тұрғындарын көшіргенде отбасымен Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылына қоныс аударады. Ол партия мүшесі  болып, жауапты қызметтер атқарғандықтан, партия қайда жолдайды, сонда баратын. Бір кеште келіп, отбасына «Ертең таңмен Пятимар (Бұрынғы Фурман, қазіргі Жаңақала ауданына қарасты елді мекен) ауылына көшеміз, киімдеріңді жинаңдар» дейді. Зайыбы мен балалары аң-таң болып, шемодандарын дайындай бастайды. Әжіғалиевтар әулеті Пятимар ауылында екі жыл тұрған соң отағасының жұмыс барысымен тағы да Тасқала ауданының «Шипов» совхозына қоныс аударады. Осылайша Біләл әкеміздің ұл-қыздары да есейіп, мектеп бітіріп, мамандық таңдарда барлығы  дерлік медицина саласына бет бұрады.

Балаларының үлкені – марқұм Марат Нәбиұлы облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері қызметін атқарып, Орал қалалық денсаулық сақтау басқармасын басқарған. Зайыбы Эмилия Мақсотқызы денсаулық саласында 50 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ал Әжіғалиева Марфуға Біләлқызы 39 жыл учаскелік терапевт болса, одан кейінгі бауыры Ғабит Біләлұлы ұзақ уақыт облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері, осы диспансердің стационарлық бөлімше меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған еді. Оның зайыбы Мариям Тагирқызы да саналы ғұмырын дәрігерлік қызметке арнаған.

Ал бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Рапхат Біләлұлы – облысқа белгілі балалар урологы, хирург. Қазіргі таңда көпбейінді облыстық балалар ауруханасында қызметін жалғастыруда.

Оның бала-келіні Тимур мен Саида да денсаулық сақшылары.

Тимур Рапхатұлы Орал қаласындағы Uniserv Medical Center клиникасының бас директоры қызметін атқаруда. Медицина саласында жүрген әулеттің бірқатарының  ғана  есімдерін  атап  отырмыз.

«Бүлдіршіндердің өтіне де тас жиналады»

«Қазір балалар арасында қандай дерттер меңдеп барады?» деген сауалымызға Рапхат Біләлұлы бүйректің суланып кетуі, яғни гидронефроз диагнозының көбейгенін айтты. Оның мәліметінше, бүйректің сулануы немесе медициналық тілде гидронефроз – бұл бүйректегі зәрдің шығуы бұзылып, ол бүйректің  ішіне жиналып, мүшенің ұлғаюына (ісінуіне) душар ететін дерт. Бұл жағдай бүйрек функциясының бұзылуына және дер кезінде емделмесе, бүйрек тінінің солуына (атрофиясына) соқтырады. Гидронефроздың І, ІІ сатыларында ота жасалмай, ем-дом тағайындалады. Одан кейінгі сатыларға  ота  жасалады.

– Кейінгі жылдары бүйрек потологиясы бойынша қосарланған бүйрекпен дүниеге келетін нәрестелер де көбейді.  Яғни үш, төрт, бес бүйрекпен туылған нәрестелер бар. Бір жағдай есіме түсіп отыр. Өңіріміздегі бір отбасындағы апалы-сіңлі қыздардың әрқайсысында ал-ты бүйректен бар. Нақтырақ айтсақ, бір жағында үш, екінші жағында үш бүйрекпен дүниеге келген. Егер бүйрек қызметін дұрыс атқарып тұрса, ота жасалмайды. Сондай-ақ қазір балалардың өтіне тас жиналу жиіледі. Оның бірденбір себебі – экология және балалардың сүйіп жейтін чипсы, кириешки және әртүрлі газдалған сусындар, яғни дұрыс тамақтанбау. Былтыр Ақсай қаласынан дәрігерлер үш жасар сәбиді алып келді, өтінде дәу тасы бар. Өтіне тас толып кеткенде, амалсыз өтін алып тастаймыз. Тағы бір алаңдататын  жағдай – ұлдардағы «жасырын жыныс мүшесі» (скрытый половой член) дерті. Бұл – жыныс мүшесінің сыртқа шықпай, жамбас аймағының тері астындағы май қабатына көміліп қалуы. Ондай жағдайда ота жасалып, мүшесі сыртқа  шығарылады.

Хирург ретінде айтсам, қазір балалар мен жасөспірімдерде қатерлі ісік дерті де көбейді. Бұрын жылына бір-екі бала қатерлі ісікке шалдықса, қазір саны едәуір артты. Оның бірденбір себебі экологиядан деп ойлаймын. Жаңа туған нәрестеден, 14-15 жастағы жасөспірімдерден лейкемия анықталуда. Осы тұста айта кетсем, сәби күтіп жүрген ана өз денсаулығын қадағалау керек. Мәселен, ауыл-аймақтан жүкті келіншектер гемоглабині 40-пен ауруханаға  түсіп жатады. Ол босанған сәбидің денсаулығы қалай жақсы  болады?

Қазір жүкті келіншектердің құрсағындағы шарананың бүйрегі сырқат болса, оны алдын ала УЗИ-ден көруге болады. Кейде ата-аналар баласының бүйрегі ауыратынын айтып келеді. Бүлдіршінді тексерген соң «Отадан басқа жол жоқ» деп ескертеміз. Алайда ол ауылына кетіп қалып, науқасты әбден әлсіретіп әкеліп тұратындар бар. Сонда «Сізге ескерттік емес пе?» десек, «Ата-әжесі пышаққа түсірме, өзі кетеді» деп айтты деп тұрады. Аурулардың кейбірі ота жасалмаса, кетпейтінін түсіндіреміз. Өйткені уақыт өткен сайын науқастың дерті меңдей береді де емдеу қиынға соғады, – деді кейіпкеріміз.

Дәрігердің айтуынша, балалардағы бүйрек аурулары әртүрлі себептен пайда болады. Оның ішінде тұқымқуалаушылық, суық тию, дұрыс тамақтанбау, иммунитеттің әлсіреуі және жұқпалы аурулардың асқынуы негізгі факторлардың қатарында. Сонымен бірге балалардың газдалған сусындарды көп тұтынуы, фастфуд өнімдеріне әуестігі де бүйрек жұмысына зиянын тигізуде. Сондай-ақ ол баланың денсаулығындағы кез келген өзгеріске ата-ана бейжай қарамауға кеңес берді. Әсіресе бала жиі әлсіресе,  денесі ісінсе, бел тұсы ауырса, зәр шығару кезінде жайсыздық байқалса немесе дене қызуы себепсіз көтерілсе, уақыт өткізбей, дәрігерге қаратқан жөн. Балалардағы бүйрек ауруларының негізгі белгілеріне – зәр шығарудың бұзылуы (жиілеуі, азаюы), ісіну (бет, көз айналасы), арқаның немесе іштің төменгі жағының ауруы, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі және әлсіздік жатады. Бұл белгілер пайда болғанда инфекцияны немесе созылмалы ауруды анықтау үшін уақыт өткізбей дәрігерге көріну қажет. Ал жүрек ауруының алғашқы белгілері кезінде бала жүгіре алмайды, сәл жүгірсе, ентігіп, көгеріп кетеді. Тіпті дем ала алмай қалуы  да мүмкін.

«Ұлдар  көшеге  суық  қарумен  шықпауы керек»

– Мені маман, перзент өсірген әке, немере-шөбере сүйген ата ретінде алаңдататын мәселе – жасөспірімдердің суық қаруға әуестігі. Әсіресе 15-17 жастағы ұлдар сөзге келіспей қалса, төбелесуді білмейді, бір-біріне пышақ сұғып алады. Былтыр пышақ сұғылған он шақты балаға ота жасап, аман алып қалдық. Орал қаласының Селекционный ауданында бір оқиға орын алды. Бір сыныпта оқитын екі бала бір-бірімен сөзге керісіп, біреуі екіншісіне пышақ сұғып алған. Пышақтың жүзі әлгі баланың жүрегіне тиюге сәл-ақ қалыпты. Ота сәтті өтіп, аман алып қалдық. Кейін Селекционный ауылындағы дүкенде сауда жасап тұрсам, артымнан келіп біреу құшақтап алды. Қарасам, мен ота жасап, аман алып қалған бала екен. Еңгезердей жігіт болыпты. Көріп қуанып қалдым. Ата-ана ұлдарын өзін қорғап үйрететін үйірмеге берсін, бастысы көшеге пышақ секілді суық қару алып шығуына жол бермеу қажет. Өйткені ол бала біреудің мәпелеп өсіріп отырған ұлын өлтіріп, ата-анасының көз жасына қалуы мүмкін, екіншіден, өз өмірін құртып, сотталып кетеді, – деді Рапхат  Біләлұлы.

«Дәрі алуға  ақша таппайды, бірақ той-жиыннан қалмайды»

Кейіпкерімізге дертіне дауа сұраған науқастар облыс аумағынан тыс, көршілес Ресейден де келіп қаралатындары аз емес. Ота сәтті өтіп, емі шипа болған соң алғыс айтып, ұл-қыздарының тойларына шақыратындар кездеседі екен. Бірақ алтын қолды хирург «Сендер ауырмасаңдар болды» деп той-жиыннан бас тартатын көрінеді. Рапхат Біләлұлы үшін алдына келген әр науқас бүлдіршіннің сауығып кеткені мен оған риза болған ата-ананың шынайы алғысы қымбат. «Еңбек еткен 46 жылымда баласын емдедім деп әке-шешесіне міндетсіп немесе біреуден бір тиын алып көргенім жоқ. Ең бастысы, балалар ауырмаса екен», – деп тілейтін дәрігерге сұхбатымыздың соңында «Ата-аналарға қандай кеңесіңіз бар?» деген сауалымызды  қойдық.

– Баланың дені сау болуы үшін құрсаққа шарана біткен сәттен бастап болашақ ана өзін күтіп, денсаулығын нығайтуы керек. Өйткені жоғарыда айтып кеткендей, дені сау анадан денсаулығы мығым бала дүниеге келеді. Екіншіден, анасы перзентінің не ішіп, жеп жүргенін қадағалауы қажет. Жөнімен тамақтандыруға назар аудару маңызды. Үшіншіден, дәрігерлердің кеңесін мұқият тыңдап, тағайындаған ем-домдарын уақтылы алып, кеңестерді орындау керек. Өйткені, науқас балаларды ауруханадан шығарар кезде ата-анасына «Төрт айдан кейін тексеріске келесіз, оған дейін мына дәрілерді ішкізесіз» деп ауруханадан шығару қағазын (выписка) бергенде әдейі шетін майыстырып жіберемін. Сонда көбінің қағазы қалай бердім, ешқандай өзгеріссіз солай әкеліп тұрады. Бұл дегеніңіз – атаана үйден ешқандай ем жасамады деген сөз.

DSC00256

Тағы бір айта кететін жағдай, ата-аналардың кейбірі ұл-қыздарына дәрі-дәрмек, медициналық үдерістер (процедуралар) тағайындасаң, «Ақылы болса, қаржым жоқ» деп отырады. Бірақ сол күні кешке тойға баратынын айтып баласының қасынан сұранады. Сонда өз баласының денсаулығына ақша таппайтын, бірақ тойтомалаққа, мерейтойға, карта ойнауға ақша табатын ата-аналарға таң қаламын. Қала берді, таңнан бері ауырып жүрген перзентін кешкі сағат 9-10-дарда ауруханаға алып келетіндер бар. Өзіңіз білесіз, соқырішекке 6-8 сағатта ота жасалмаса, шегі жарылып кетеді. Содан «Күндіз неге әкелмедіңіз?» десек, «Жұмыста болдым, уақытым жоқ» дейді. Ол адамда уақыт емес, баласына деген жауапкершілік жоқ. Өмірінің жалғасы, ұрпағының көбеюі сол балаға байланысты болғандықтан, басқа шаруа жасалмаса да сәбилердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне жіті мән беру керек, – деді хирург.

Бұл күнде Рапхат Біләлұлы зайыбы Валентина Алексеевна екеуі – қос ұлдан  өрбіген  немеренің бақытты атаәжесі... Ол жарты ғасырға жуық науқастың жан әлеміне үңіліп, оларға өткір қандауырдың жүзіндегі суықтықты сездірмей, жылы сөзі мен жанашырлығын аямай, емдеп келеді. Ұлттың денсаулығына қалтқысыз қызмет еткен Рапхат Біләлұлындай дәрігердің ғұмыры – кейінгі буынға үлгі, жас мамандарға бағдар. Өйткені оның қолы алтын, ал жүрегі одан да қымбат.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале