Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің бүгінгі жетістіктерін саралап, алдағы даму бағытын айқындаған аса маңызды стратегиялық құжат.

Жолдауда көтерілген мәселелер қоғамның барлық саласын қамтып, мемлекетіміздің жаңа тарихи кезеңдегі мақсат-міндеттерін нақты белгіледі.
Президент еліміздің экономикалық қуатын арттыру, азаматтық инфрақұрылымды жаңғырту, жеке инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, көлік-логистика жүйесін жетілдіру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл міндеттердің сапалы орындалуы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін күшейтіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
Әсіресе, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, сапалы жол салу, тұрғындарды тұрақты байланыспен, ауыз сумен және қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету мәселелері халық үшін өте маңызды. Өйткені мемлекеттің дамуы ірі қалалардың көрсеткіштерімен ғана емес, ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасымен де өлшенеді. Сондықтан Жолдауда айтылған міндеттердің өңірлерде нақты әрі нәтижелі жүзеге асырылуы ел дамуының басты шарттарының бірі болмақ.
Қазақстан үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту да айрықша маңызға ие. Ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, өндірісті автоматтандыру, еңбек өнімділігін арттыру, отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көтеру – уақыт талабы. Бұл бағытта ауыл еңбеккерлері мен фермерлерді қолдау, ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайту, жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту қажет. Осындай жүйелі жұмыстар ауылдың өркендеуіне және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жолдауда білім мен ғылымды дамыту мәселесінің көтерілуі де заңды. Қазіргі кезеңде мемлекеттің басты капиталы – білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары адам. Сондықтан жастарға сапалы білім беру, олардың зерттеушілік қабілетін дамыту, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу және білікті мамандар даярлау маңызды. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Президент белгілеген міндеттер мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік жүктейді. Әрбір азамат өз саласында адал еңбек етіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсауы қажет. Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру үшін билік пен қоғамның өзара түсіністігі, ашықтығы және бірлескен іс-қимылы аса маңызды.
Еліміздің басты құндылықтары – тәуелсіздік, қоғамдық келісім және халықтың бірлігі. Осы құндылықтарды сақтай отырып, жасампаз еңбек пен жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Бірлігі бекем, мақсаты айқын және еңбегі нәтижелі ел ғана күрделі кезеңдерден сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындырады.
Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы қоғамға тың серпін беріп, халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтады. Онда белгіленген міндеттерді жауапкершілікпен орындау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етсек, Қазақстанның тұрақты дамуына, халқымыздың тұрмыс сапасының жақсаруына және келешек ұрпақтың жарқын болашағына берік негіз қалаймыз.
Бибігүл Сарбалина,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
Политехникалық институт директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.