Адами капиталға инвестиция ерте балалық шақтан басталып, оқудың барлық кезеңдерінде жалғасады. Мектепке дейінгі білім беру саласында жыл басынан бері 14,9 мың жаңа орын ашылды. Балалары әлі балабақшаларға бармайтын ата-аналар үшін 6,4 мыңнан астам консультациялық пункт ашылды. Бұл үдерісте ваучерлік қаржыландыруға көшу үлкен рөл атқарды: жүйеге 5,9 мың балабақша қосылды, 1 млн-нан астам нысаналы ваучер берілді, бұл мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұруды екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте 42 мың әлеуметтік осал санаттағы балалар 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілген, - деп жазады primeminister.kz.

Орта білім беруде үш ауысымды және апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда «Келешек мектептер» жобасы бойынша 217 заманауи нысанды қоса алғанда, 609 мың орынға арналған 419 оқу орны пайдалануға берілді. Қазір 59,3 мың орындық тағы 101 мектеп салынуда: оның 84-і биыл пайдалануға беріледі, қалған 17-сі 2027 жылы аяқталады. Сонымен қатар 200 мың оқушыға арналған 400 жұмыс істеп тұрған мектепті жаңарту жүріп жатыр, 215 ғимаратта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жергілікті бюджеттен 1,7 млн оқушыға тегін ыстық тамаққа 209,8 млрд теңге бөлінді — бұл контингентке 1,4 млн бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 285 мың жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ 62,7 мың балабақша тәрбиеленушілері кіреді.
Білім беру жүйесін дамыту балалардың құқықтарын кешенді қорғаумен және олардың бос уақытын ұйымдастырумен толықтырылады. Мәселен, 3,5 млн бала қосымша білім алады – бұл оқушылардың жалпы санының 90%-ы. Олардың 2,2 млн-ы үйірмелер мен секцияларда тегін айналысады. Елімізде 100 жаңа нысан салынуда: 38 оқушы сарайы және 62 өнер мектебі.
1 сәуірден бастап жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық балаларды сауықтыру орталықтарын лицензиялау енгізілді. Қаржыландыруды ашық, ал қызметтерді сапалы ету үшін қосымша білім алуға бірыңғай мемлекеттік тапсырыс дербестендірілген модельге ауыстырылды. Алты өңірде сәтті жүзеге асырылған пилоттық жоба нәтижесінде бұл жүйе енді елдің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету мақсатында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар 16 мың консультация өткізді. Ал бірыңғай «111» байланыс орталығы арқылы 31 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының саны 303-тен 1029 адамға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде әрбір 5 мың балаға кемінде бір маманнан келетін норматив қамтамасыз етілді. Биылғы жазғы демалыспен 3,2 млн оқушы қамтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. 2026 жылы 6,9 млн балаға 130,71 доллардан аударылды, ал 3 жыл ішінде бір балаға жалпы сома 370,56 долларды құрады. Тұрғын үйді жақсартуға және оқу ақысын төлеуге $57,9 млн сомасына 316,2 мың өтінім орындалды.
Сонымен қатар еліміздің колледждеріне 189 мың талапкер қабылданды, оның 145 мыңы – мемлекеттік тапсырыс бойынша. 9-сыныптардың барлық түлектері сұранысқа ие мамандықты тегін оқуға мүмкіндік алды. Бұл ретте гранттардың 70%-ы техникалық мамандықтарға: геология, машина жасау, IT, металлургия, энергетика, құрылыс және көлікке қайта бағдарланған. Дуальды оқытуға 552 колледжде 11 мың кәсіпорынның қолдауымен 138 мың студент тартылды. Сондай-ақ 613 колледжге ірі бизнес өкілдері шефтік қамқорлық жасап, білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосуда.
Жоғары білім беру саласына 93,2 мың грант бөлінді, оның ішінде 77 мыңы бакалавриатқа, 13 229-ы магистратураға және 2 919-ы докторантураға бағытталды. Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есеге өсіп, 52 372 теңгені құрады, ал магистратура мен докторантурадағы шәкіртақы 1,75 есеге артып, тиісінше 117 098 теңгеге және 262,5 мың теңгеге жетті. 10 мың орынға арналған 30 жаңа жатақхананың пайдалануға берілуі есебінен студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тапшылығы 83,6%-ға қысқарды. Елімізде 32 шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 12 мың студент 1,5 мың оқытушының, оның ішінде 500 шетелдік профессордың жетекшілігімен білім алуда. Соңғы 3 жыл ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарының 5 филиалы Бішкек, Ош, Шыршық, Душанбе және Омбы қалаларында ашылды. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 18 жоғары оқу орны енді. Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау 30 жоғары оқу орнында 42 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде, ал AI-Sana жобасы 697,2 мың студентті қамтыды.
Айта кету керек, ғылым өндірістің нақты қозғаушы күшіне айналып келе жатыр. Бұл «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның қабылдануының және жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға 1% қаржы бөлу тетігінің енгізілуінің нәтижесі. Ғылымға салынған жеке инвестициялар көлемі 28,2 млрд теңгеге жетті, ал бизнес-жобаларды бірлесіп қаржыландыру үлесі 31%-ға дейін өсті.
Мысалы, Satbayev University ғалымдары «Қазақмыс Прогресс» өндірістік алаңында жоғары тазалықтағы техникалық селен өндірісін іске қосып, Қытай Халық Республикасына 100 тоннадан астам өнім экспорттады. NU зерттеушілері нарықтық әлеуеті $40 млрд құрайтын литий-ионды аккумуляторларға арналған компоненттер технологиясын әзірледі, ал Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ бюджеті 8 млн еуроны құрайтын Horizon Europe бағдарламасының жобасына қосылды.
Жас ғалымдарды қолдау мақсатында 50 сыйақы, 50 стипендия, «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 1 мың грант және 250 шетелдік тағылымдама бөлінді. Бұдан бөлек, 760 жас зерттеушінің тұрғын үй мәселесі толық шешілді: олардың 622-сі «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген ипотекамен пәтер алды, ал 138 ғалымға Алматы қаласында тұрғын үй өтеусіз берілді.