18.08.2023, 11:30
Оқылды: 205

Біз осы Қалдыбай батыр туралы не білеміз?

Тастөбе соғысына қатысқан көпшілікке танымал батырлардың бірі - Қалдыбай батыр. Қалдыбай Қосаяқұлы шамамен 1777 жылы туған. Исатай-Махамбет сарбаздары ішінде жас жағынан үлкені, көтерілістің ақылшысы болған адам.

жп дала

Қонысы Нарын құмының Толыбай деген жеріндегі Ысық руының мекені. Оның ішінде Ысықтардың қораз атасынан тарайды. Ел ішінде Қалдыбай батыр туралы әңгіме өте сараң айтылады. Оның алғашқысы Қалдыбай батырдың Ордадағы белді рулардың бірі Ысық руының старшыны болып Бөкейден бері келе жатқаны болса, кейінгісі, хандықтағы қайсібір, әлеуметтік мәселерді шешуде әділ билік жүргізіп, ел ішін тыныштандырып отырғаны. Сондай ел әңгімелерінде Исатай мен Махамбет Қалдыбай батырды Орда да кеңінен таралған кедей қыздың тағдырын шешуге жұмсағаны. Бөкейлік Татан Сексенбайұлы деген старшын қарауындағы Шуақбай деген кедейдің қызын зорлықпен тоқалдыққа алады. Қыздың сүйгеніне қосыла алмай зарлаған үні бүтін хандыққа тарайды. Осы мәселеде ел ақсақалдары Қалдыбай батырды жұмсаса керек. Ол екі жақты беттестіре отырып, шешімін әділ береді. Нәтижесінде жас қыз сүйгеніне қайтарылып, тарпаңдаған Татанға берген қалың малын қайтарусыз айыппұл ретінде төлетеді. Мұны естіген үлкендер Қалдыбай батырға ризашылық білдірсе, жастар жағы Қалдыбай батырдың әділдігі мен тапқырлығын мерей ұстап, батырдың атын бүтін хандыққа таратып жібереді. Шындығында Қалдыбай батыр заманының белді күрескері болған тарихи тұлға. Кешегі хан ордасында халқының еркіндігін, елінің теңдігін, жерінің азаттығы мен қоғамының әділдігін талап еткен қара қазан, сары бала үшін ұран тастап, атқа қонғандардың арасында жүрген батырлардың бірегейі. Қалдыбай батыр ұран тастаушыларды бірден қолдады. Кешегі Тастөбе соғысында, бүтін үрім бұтағымен жеке бас құрбандығы мен отбасын өлімге қиғанда осы - Қалдыбай батыр болатын. Тастөбе соғысында Исатай-Махамбеттермен қорғана соғысып, аман шыққан Қалдыбай батыр, кейінгі Истомин әскері қуғынында 1837 жылы 22 қарашада Бекайдар құмындағы Елекен моласы тұсында болған шайқаста қаза табады. Батырдың ұлдары Қабыланбай, Жапалақ және Қали осы ұрыста патша әскерлері қолына түседі, кейіннен батырдың Ысмағұл атты баласы Тастөбе маңын торуылдаған Трофимовтың тұтқыны болады. Батырдың ұлдары әкесіндей ер жүрек те, халықшыл боп өсті. Осылайша, жасының егде тартқан шағында ел азаттығы мен халық еркіндігі жолында құрбандыққа барған Қалдыбай батыр мен оның отбасы тағдыр тауқыметін бастарынан өткеріп әділдік жолында бірі құрбан болса, екіншілері патша тұтқыны болып Сібірге айдалып кете барады. Қазіргі тарихи деректерде Қалдыбай батырдың ұлдары жөнінде тиянақты құжаттарды табу қиын. Алайда бүгіндері зерттеушілерге белгілі болғандай батырдың бес ұлының төртеуі Тастөбе соғысынан кейінгі қуғында қолға түсіп, жер аударылған болса, тек Иманбай ғана Исатайға ілесіп Жайықтың Бұқар бетіне өтеді. Ал төрт ұлы Қабыланбай, Ысмағұл, Жапалақ, Қали туралы деректік құжаттар оларды әскери сот шешімімен 1000 дүре соғып, айуандық ауыр жазадан соң, жер аударылғанын айтады. Кейбір архив деректерінде Ысмағұл Симбирскіге жер аударылып бара жатқанда 1838 жылдың шілде айы болса керек, Бұзылық уезінің Сорочинскі станциясы маңында түнде күзетті ұрып бір топ тұтқындармен қашып кеткендігі жазылады. Ал Жапалақ пен Қали турасында Самара қаласына беттегенде Ақкөл ауылы маңында жанындағы күзетті соққыға жығып қашып кеткені туралы ақпарат бар. Қалай дегенде де олардың кейінгі тағдырлары белгісіз, не өлгені, не тірісі туралы дерек жоқ. Соған қарағанда қайта қолға түсіп атылса керек. Ал ерекше туылған Қабыланбайға 1500 шыбық соғылып, жазасын Сібірге өтеуге әскери сот шешім етеді. Оның да кейінгі тағдыры белгісіз.

 

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале