Облыс әкімі Ғали Есқалиев Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілеті елшісі Ким Дэ Сикпен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады.
-Алдымен, Ақ Жайыққа қош келдіңіз деймін. Жуырда өңірімізге Кореядан бірнеше кәсіпкер келіп, мұнай-газ саласы бойынша компанияларды аралаған еді. Орал – экологиялық таза қала. Бұл инвесторлар үшін өте тиімді. Облыс орталығында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» бар. Облысымыз арқылы шекаралас елдерге қатынайтын көліктердің де қарасы көп. Кез келген сала бойынша әріптестікті нығайтуға мүмкіндік мол, – деді өңір басшысы.
Мәртебелі мейман өз кезегінде өңірдегі мұнай-газ, сауда-саттық, медицина секілді салалар бойынша бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды.
-Қазақстан мен Корея Республикасының арасында экономикалық байланыстар жыл өткен сайын қарқынды дамып, елдеріміздің мүдделері үшін жемісін беріп келеді. Өзара тиімді байланыстар арқасында бірқатар бірлескен экономикалық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Келесі жылы сауда айналымы екі есе өседі деп ойлаймыз.
Мұнай-газ, IT технология, медицина салалары бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Әсіресе, өңірдегі мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтіп, химия өнеркәсібін дамытуға болады. Өйткені Кореяд абұл салалар бойынша жаңа технология жақсы дамыған, - деді елші Ким Дэ Сик.
Екіжақты кездесу кезінде негізінен алыс-берісті арттырып, барыс-келісті жақсарту мен тұрғындардың игілігі үшін жүзеге асырылатын жобалардың тиімді тетіктері айтылды.
Гүлсезім Бияшева
суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер