10.02.2020, 19:50
Оқылды: 147

БҚО-ның әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Бүгін БҚО-ның әкімі Ғали Есқалиев облыстық қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, қоғамдық-саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері қатысты.

akimat kenes (1)

Қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы 2020 жылға даму жоспарын баян етті. Биылғы 24 қаңтарда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкімет отырысында БҚО-ның 2019 жылдың қорытындысы бойынша 7 негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өзге өңірлерден алда келе жатқаны атап көрсетілген болатын. Олар құрылыс жұмыстарындағы атқарылған көлем 25,3%-ға, негізгі капиталға құйылған инвестиция 24,5%-ға,  тұрғын үйді салып, пайдалануға беруде 12,2%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 8,9%-ға, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінде 6,4%-ға, көлік қызметі саласында 5,0%-ға, ішкі саудада (көтерме және бөлшек) 0,4%-ға өсім бар.

-Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану тапсырмасы бойынша жүйелі жұмыстар жасалуда, тек 2019 жылы мемлекет меншігіне 58 мың гектар жер қайтарылып, оның 25 мың гектар айналымға енгізілді. Жалпы 2012 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан 1 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жер беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында аукциондар электронды түрде жүргізілуде, өткен жылы облыста 71 га жерді жалға беру бойынша 45 электронды аукцион өткізіліп, бюджетке 100 млн. теңге қаражат түсті, - деді Ғали Есқалиев.

akimat kenes (5)

Өткен жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 169,5 млрд. теңгені құрап, өсу қарқыны бойынша (6,4%) республикада бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мал шаруашылығы өнімі - 2,6%-ға, ал өсімдік шаруашылығы 13,5%-ға өсуі арқасында мүмкін болған. Бұл саланы дамытуға бюджеттен 15,8 млрд. теңге бөлінген. Ауыл-аймақта төрт түлік басында өсім бар. Облыс етті бағыттағы ірі қара малы басы бойынша республика бойынша екінші орында. Малды, ірі қара мен қой етін экспорттауда жоспар 1,5 есеге артық орындалған. Республика деңгейінде сиыр еті экспорты бойынша облысымыз екінші орында, ал қой еті экспорты бойынша бірінші орында. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығында да көрсеткіштер айтарлықтай,  дәнді дақылдардан гектарына 10,2 центнер орташа өнімділікпен 249 мың тонна, майлы дақылдардан гектарына 10,6 центнер орташа өнімділікпен 84 мың тонна алынған. 2019 жылы ауыл шаруашылығында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі екі есеге артып, 16 млрд. теңгені құрады. Мысалға, Казталов және Тасқала аудандарында бордақылау алаңдары іске қосылды. Жалпы бір сөзбен айтар болсақ, өңірдің қай саласында да оң динамика байқалады, алдағы жоспарлар да ауқымды.

akimat kenes (11)

Бұдан кейін қоғамдық кеңес отырысында облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар жергілікті өкілетті органның өткен жылы атқарған қызметі туралы есеп берді.  2019 жылы облыстық мәслихаттың 11 сессиясы өткізіліп, тұрақты комиссиялардың 25 отырысында 110 мәселе қаралған. Сондай-ақ бұл отырыста облыстық қоғамдық кеңестің  төрағасы Ербол Салықовтың есепті баяндамасы тыңдалды.  Есепті кезең ішінде қоғамдық кеңестің 7 кеңейтілген отырысында қоғамдық кеңестің ұйымдастыру, облыстың бюджетінің орындалуы, бюджеттің бекітілуі, өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралған. Сонымен қатар 17 төралқа отырысы өтіп, онда өзге де мәселелермен қатар атқарушы органдардан келіп түскен 97 нормативтік құқықтық актілерінің жобалары қаралған. Қазіргі уақытта қоғамдық кеңес мүшелері азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың халықпен ашық есік жағдайында байланыс орнату мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасын орындауға жұмылған. ҚР Президентінің ұсынысымен құрылған және қатысуымен өткен Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің екі отырысына БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы қатысқанын айту керек.

Кеңес отырысында баяндамашыларға қатысушылар тарапынан нақты сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді. Жарыссөзде сөйлеген кеңес мүшелері облыс әкімінің, мәслихат хатшысының және қоғамдық кеңестің төрағасының есептерін оң бағалап, өз ой-ұсыныстарымен бөлісті. Кеңес отырысының соңында тиісті қарар қабылданды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале