9.01.2023, 9:15
Оқылды: 117

Бокстан Азия чемпионаты: ел намысын кімдер қорғайды?

16-27 қаңтар күндері Таиланд астанасы – Бангкок қаласында бокстан 19-22 жастағы спортшылар арасында Азия біріншілігінің жалауы желбірейді.

Фото автордың мұрағатынан алынды (1)

Сурет: автордың мұрағатынан

Аталған айтулы жарысқа Қазақстан командасы толық құраммен қатыспақ. Нақтырақ айтсақ, 48 келі салмақта әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай, 51 келі салмақта талай турнирде топ жарған жерлесіміз Даниял Сәбит, 54 келіде Нұрсұлтан Алтынбек, 57 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан, 60 келіде талантты боксшы Талғат Сырымбетов, 63,5 келіде халықаралық жарыстардың жеңімпазы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ел намысын қорғамақ. Сондай-ақ 67 келіде Абзал Серік, 71 келіде ел біріншілігінің күміс жүлдегері Сабыржан Аққалықов, 75 келіде Диас Молжігітов, 80 келіде елге танымал Ерасыл Жақпеков, 86 келіде жастар арасында бірнеше дүркін Азия чемпионы Сағындық Тоғамбай, 92 келіде Ерхат Бекзат, +92 келі салмақта Аманат Сабырғали сынды боксшылар сынға түспек.

Фото автордың мұрағатынан алынды (2)

Сурет: автордың мұрағатынан

Бокс додасына аттанатын саңлақтарымыздың жолына әр кез үмітпен қарайтынымыз сөзсіз. Ал өңіріміздің абыройын асқақтатып жүрген қос оғлан – Даниял Сәбит пен Сабыржан Аққалықовқа сәттілік серік болуын және жүлдемен оралуларын тілейміз. Осы орайда біз бокстан БҚО-ның ересектер арасындағы аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиевке хабарласқан болатынбыз.
– Қазір ел құрамасы Түркістан облысындағы Қазықұрт тауының баурайында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Даниял мен Сабыржанға келсек, олардың дайындықтары жаман емес. Жарысқа сақадай сай. Барлығы жақсы.
Боксшылар бабында. Басты мақсатымыз – Азия чемпионатын жеңу, – деді бапкер. Біз де іштей «Тәңір тілегіңізді қабыл қылғай» дедік.

Алтынбек Ермекқалиев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале