13.10.2022, 10:19
Оқылды: 113

Еселі еңбегіммен елімді көркейтемін!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады... Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атапөткен еді. Біз осы орайда көп айтыла да, жазыла да бермейтін қарапайым еңбек адамдарын әңгімеге тартып көрдік.  

IMG-20221013-WA0002

Қарапайым да қадірлі

Біз ғой, қалалықтар, үйімізде бір күн су тоқтап қалса, кәдімгідей күйзеліп, қиналып қаламыз. Ал халықты сумен қамтамасыз ету үшін қарапайым еңбек адамының қайрат-күші, білім-білігі қажет екенін ойлай бермейміз. Көзге елеусіз мамандық иесінің бірі  – Құмаржан Омаров.

Құмаржан Құрманқұлұлы 24 жылдан бері облыс орталығындағы «Батыс су арнасы» ЖШС-нда жөндеуші (слесарь-жөндеуші) болып жұмыс істеп келеді. Ол 1977 жылы Тайпақ ауданының Есенсай ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепті бітірген. Техникумда білім алады. Отбасымен Орал қаласына қоныс аударған соң, 1998 жылы осы кәсіпорынға жұмысқа тұрады.

Жөндеуші қала жұртшылығын сумен қамтамасыз ету және кәріз суын ағызып жіберуге байланысты мәселе туындағанда, қауырт жұмыстың басы-қасында жүреді. Сорғы­ стансасын, кәріз құбырларын жөндеу де олар атқаратын жұмыстың бір бөлшегі ғана. Бұл сөзімізге кәсіпорын шеберханасындағы құлақ тұндыратын шаң-шұң дыбыс дәлел. Қалалықтар үшін маңызы зор кәсіпорында осындай көпшілік біле бермейтін жұмысты атқарып жүргендер қаншама?!

– Біздің мекемеге қатысты көп сын айтылатынын естіп жүрміз. Құбырлар істен шығып, су тоқтап қалып жатады. Менің білуімше, қаладағы су құбыры жүйесінің салынғанына  25-30 жылдан асты. Кәсіпорын нысандарына түгелдей жөндеу жүргізілмейді, апат болған жерлер ғана қалыпқа келтіріледі. Осы жерде тұрғындардың да кінәсін айтқан жөн. Себебі кәсіпорын кейбіреулердің кәріз желілерін тұрмыстық қалдықтармен тығындап тастайтынынан зардап шегеді, – деген Құмаржан Құрманқұлұлы өзінің жұмысына көңілі толатынын айтты,  – Менің мұнда ширек ғасырға жуық атқарған еңбегім елеусіз қалған жоқ. Басшылықтан марапаттар алып, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болдым. Әрине, бұл тек менің емес, қажырлы еңбек етіп жүрген әріптестерімнің де марапаты деп білемін. Басшылық жұмысшылардың жағдайын жасап, қолдау көрсетіп отырады. Үйге көлікпен тасымалдайды. Асхана бар. Арнайы жұмыс киімін береді. Алайда ендігі мәселе жастарды жұмысқа тұрақты ұстап қалудың амалын жасау деп санаймын. Өйткені талантты, ынталы жастар төселіп, тәжірибе жинап алған соң, басқа жұмысқа кетіп қалады. Оған мұндағы еңбекақының аздығы себеп болып отыр. Олар жүз мың теңге шамасындғы жалақыға жұмыс істегілері келмейді. Қазір сегіз слесарьдің орнында төртеуіміз қалдық. Яғни болашақта еңбек адамының қатарын толықтыру үшін жалақы да жоғары болуы керек деп ойлаймын.

Құмаржан Құрманқұлұлы жұбайы Күміс Жарылғасынқызы екеуі қызғалдақтай құлпыртып өсірген екі қызын құтты орындарына қондырыпты. Эльмира  мен Динара жоғары білім алып, екеуі де бір-бір мекемеде жауапты қызмет атқарып жүр. Ағайға «Бала тәрбиесі жөнінде не айтар едіңіз? Балаларыңызға қандай ақыл айтасыз?» деген сауал қойған едік.

– Әкелер қыз балаға қатты сөйлемейді. Өзім сондаймын. Кішкентай кездерінде жұбайым оларға дауыс көтерейін деп жатқанда, «Мен жоқта ұрыс» деп айтатынмын. Есейген кезде олардың бірге жүрген жора-жолдасының қандай екеніне назар салдық. Бүгінде отбасында көрсеткен тәлім-тәрбиеміз текке кеткен жоқ деп айта аламын. Балалардың тәрбиесінде әке мен ананың рөлі зор. Қай ата-ана болса да, балаларын аяқтандырып, солардың қызығын көргісі келеді ғой. Қыздарымның өмірлік таңдаған жарлары, күйеу балаларым «әкелеп» шауып жүреді. Алдымызды кесіп өтпейді. Бұл да біз үшін қуаныш. Екеуі де үмітімізді ақтап, оқуларын оқып,  қалаған жұмысына орналасты. Жолдасым  мұғалім болып қызмет етті, қазір зейнеткер, – дейді ағай.

Ширек ғасырға жуық бір кәсіпорында тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміз әр саланың, әрбір жұмыстың өзіне тән қиындығы болады дейді. Сондықтан адамға, ең бастысы, төзім қажет деп есептейді.  Сосын әр саланың басын бір шалып, тұрақты жұмыс істемейтін адамдарды түсінбейді. «Кейбір кісілердің әңгімесінен еңбек жолында «бармаған жері, баспаған тауы жоқ» екенін естиміз. Меніңше, мұндай адамдар кейін осындай тұрақсыздыққа үйреніп кетеді. Екі балама «Бір жерде тапжылмай жұмыс істеңдер» деп айтамын. Үлкен қызымның бір қызметте отырғанына 12 жыл болды. Кіші қызым алты жылдан бе­рі бір орнын ауыстырған жоқ. Оларға қарап отырып, жұбайыма: «Менің қыздарым әкелеріне тартқан. Қадалған жерлерінен қан алады», – деймін (күлді). Әзіл сияқты көрінгенімен, шындығы осы. Себебі ұзақ жыл жұмыс істеген  ұжым екін­ші отбасыңдай болып кетеді. Адамның өзі жақсы болса, үлкендер құрметтейді, кішілер сыйлайды. Әрине, бұл үйдегі тәрбиеге де байланысты. Менің марқұм ағам: «Өзінің жұмысын істемеген адам, үкіметтің де жұмысын істемей­ді» деп айтатын еді. Үйіңде сенің шаруашылығың қандай болса, жұмыс орның да сондай деген сөз. Ең бастысы, адам қиындыққа төзімді болуы керек деп ойлаймын. Білімді, еңбекқор жастар бар. Ұжымдағы үлкендер бір-бірін сыйлап, жастарға қамқорлық танытып жүрсе, бізден кейінгі буын да үлгілі, өнегелі болады. Олар алдыңғы буынға қарап бет түзейді. Әкелеріміз «Малым – жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп айтып отыратын еді. Қазір бұлай  айтатындар сиреген секілді. Адамның санасын қалыптастыратын кітап қой. Алайда бүгінде кітап оқитындар да азайды. Себебі қайда барсақ та, телефонға үңіліп, интернетке телміріп отыратындарды көреміз. Сондықтан жастардың еңбек еткеннің ертеңі жарқын, білімдінің болашағы ашық болатынын естен шығармағанын қалаймын»,  – деді  Құмаржан  Құрманқұлұлы.

Бүгінде ұжымның белді мамандарының бірі атанып, жастарға жөн сілтеп жүрген ағамыз туралы әріптестерінің бірауыз пікірін білуді жөн көрген едік. «Мен Құмар Құрманқұлұлымен 1998 жылдан бері бірге жұмыс істеймін. Өте еңбекқор адам. Кәсіпорынға еңбегі сіңген шебер маман. Басшылықтың алғысхаттарымен және грамоталарымен марапатталды. Ұжымдағы жастарға тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Аға буынның ізін жалғастыратын ізбасарларымызға үлгі-өнеге көрсетіп келеді», – деді кәсіпорынның жөндеу цехының жетекші маманы Арман Ақжанов. Құмаржан Құрманқұлұлы амандық болса, бір жылдан соң зейнетке шығады. «Экономикамыз дамып, еліміз көркейе берсін» дейді еңбек адамы.

«Халық тазалық сақтауға үйренді»

«Жыл он екі ай бойы далада, көшеде жұмыс істейтіндер бар ма?» деп сұраса, не дер едіңіз? Мен «Әрине, бар, олар – көше тазалаушылар» дер едім. Олардың жұмысы сағат 7.30-да  басталып, түскі үзілістен соң кешкі 17.00-де аяқталады. Қыста көшені қардан, жазда шаң-тозаңды сыпырып, тұрғындар лақтырып кеткен қоқыс-қағаздан тазалайды. Қоңыр күзде әп-әдемі болып сары кілемдей  «төселіп жататын» жапырақтарды сыпыруға тура келеді. Ал көктемгі лайсаңда қыс бойы қардың астында жатқан қоқыстарды  жинайды.

IMG-20221013-WA0003

Қала көшелерінің тазалығын қадағалайтын жанның бірі – Күләш Төлеуова. Ол  Қызылорда облысының Арал ауданындағы  Қасқақұлан елді мекенінде туып-өсіпті.  Мектеп бітірген соң, 1987 жылы Орал қаласына оқуға келеді. Бірақ оқуға түсудің реті шықпай, тері өңдейтін зауытта жұмыс істейді. Тағдырдың жазуымен  Тайпақ ауданының «Өлеңті» совхозына келін боп түседі.  1999 жылы отбасымен облыс орталығына қоныс аударады.

– 2002 жылдың наурыз айында  «Жайық таза қала» ЖШС-ға жұмысқа орналасқан едім. Биыл көше тазалаушы болып жұмыс істегеніме тура 20 жыл болды. Бірақ осы кезге дейін  жұмысымды ауыстыру жөнінде ойламаппын да.  Қысы-жазы таза ауада жүреміз. Қол еңбегін жасаған соң, дене де шынығады. Әрине, кешкілік үйге барғанда аяғымның талып, табанымның ауырсынғанын сеземін.  Күніне оншақты шақырымдай жаяу жүремін. Бірақ балаларымды көріп, ауқаттанып алған соң, шаршағаным басылып қалады.  Шыны керек, біздің бұл жұмысымызға жастар қызыға қоймайды. Келсе де, бір апта, бір ай істейді де шығып кетеді. Олар жалақысы көп әрі таза жұмыс істегенді қалайды. Қиындыққа шыдамайтындары да бар. Ал біз барға қанағат етіп, сабыр сақтап үйреніп қалғанбыз. Жұмысқа алғаш келген жылдары он бес шақты ер адамның ортасында жалғыз әйел адам болған едім. Қазір қасымда екі  қыз бар, – дейді Күләш Алпысбайқызы.

Көше тазалаушыларға қаланың белгілі бір аймағын бөліп береді. Мысалы, Күләш апай облыстық әкімдіктен бастап, Сарайшық көшесіне дейінгі аумақты тазалайды. Сол аралықтағы  көшелерде шашылып қалған қоқыстарды жинайды. Сағат 9.00-ден бастап барлық тазалаушы бірігіп,  көшелерді сыпырады.

– Қазір халық бұрынғыдай емес, тазалық сақтауға  үйренді. Ата-аналар көшеде кетіп бара жатқанда әлде саябақта отырғанда балаларына қоқысты жерге лақтырмай, арнайы ыдысқа салу керек екенін айтып жатады. Шыны керек, жұмыс барысында түрлі қызықты жайтқа куә боламыз. Кейде ашуыңды келтіретіндер де бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын кейбір көп қабатты үйдің тұрғындары қоқысты терезеден лақтыратын еді. Біз олармен айқайласып, шашылған қоқысты подъездерінің алдына апарып тастайтынбыз. Кейбір дүкендер мен кафелер де тұрмыстық қалдықтарын  жинамайтын еді. Ашуым келгенде ыбырсыған қоқысты жинап алып, есіктерінің алдына шашып кеткен кездерім болды. Бір-екі жыл бұрын мынадай жайтқа куә болдым. Таңертеңгілік «Қазақтелеком» мекемесінің алдына бір көлік келіп тоқтады. Жүргізуші көліктен алып шыққан тұрмыстық қалдық салынған пакетті сол жердегі қоқыс салатын кішкентай жәшікке салып қойды. Сонда деймін, үйден алып шыққан қоқысты лақтыруға ұмытып кеткені ме, әлде қоқыс жәшігіне баруға ерінді ме екен?  Тіпті кейде көлікпен кетіп бара жатып, сусынның босаған құтыларын жол бойына лақтырып кететіндер кездеседі. Жапырайып қалған қалбыр не пластик ыдыстарды көліктер бағдаршамға тоқтағанда жинап аламыз. Бірақ қазір тұрғындардың да, бизнес нысандары өкілдерінің де бұрынғыдай емес, тазалыққа бет бұрғаны байқалады. Есіктерінің алдын сыпырып, жинақы ұстайтын болды. Иә, тазалыққа немқұрайлы қарайтындар азайып  келеді,  – дейді Күләш Алпысбайқызы.

Кейіпкеріміз «Әр жұмыстың қиыншылығы болады. Ең бастысы, адамға шыдамдылық керек» дейді. Күләш апай бес баланың анасы ретінде зейнетке ерте шыққан. Бүгінде жұбайы Тезекбай Есенұлы екеуі – немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі. Екі бала-келіні мен қыз-күйеу балаларының қызығына кенеліп отыр. Кенже ұл-қыздарымен бірге тұрады.

 Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале