31.05.2022, 9:45
Оқылды: 88

Ғылымға арналған ғұмыр

ҚР Білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Бөкей ордасы ауданының  құрметті азаматы Бақтығұл Бірімжаровтың туғанына биыл  –  75 жыл. Ол тарих саласында өзіндік  қолтаңбасын қалдырып, өлке тарихы туралы бес монография мен 120-дан астам ғылыми мақала  жазды. Бөкей ордасының тарихын зерттеуді перзенттік парызы деп білді. Бақтығұл  Қабдірұлының туған күніне орай оның есімін Жайық жұртшылығы жадында тағы бір жаңғыртпақпыз. 

F3149050-E3D1-4330-8FEA-A7620E847A42

Бақтығұл Қабдірұлы 1947 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепті тәмамдайды. 1967-1972 жылдары С.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінде оқиды. Жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың жалпы тарих кафедрасына оқытушылық қызметке орналасады. 1976-1979 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы  тарих, археология және этнография институтының  аспирантурасында оқып, академик Әлкей Марғұлан бастаған атақты ғалымдардан дәріс алды. Жақсы адамдардың шапағаты қашан да тимей қоймайды. Әсіресе, оған ғылым жолында өзінің ақыл-кеңесін аямаған ардақты ұстазы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кеңес Нұрпейісұлы  болды. Осы ірі ғалымның тікелей басшылығымен Бақтығұл Қабдірұлы  1980 жылы «Батыс Қазақстан еңбекшілері қазіргі кезеңдегі ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы күресте (1966-1975 жылдар)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Шын мәнісінде, ол Нұрпейісовтың ғылыми мектебінің республика бойынша бірінші болып қорғаған  аспиранты болды. Кейін А.Пушкин атындағы педагогикалық институтта білімі мен ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында аға оқытушы, доцент, профессор атанып, тарих факультетінің деканы қызметін атқарды. 1992 жылдан бастап Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет және өнер институтының деканы, 2001-2002 жылдары Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының кафедра меңгерушісі, ғылыми істер жөніндегі проректоры болды. 2004 жылдан бастап М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы ҚР тарихы кафедрасының профессоры қызметіне кірісті. Осы қара шаңырақта ұстаздық ете жүріп, ғылыммен айналысты. Уақыт өткен сайын білімін ұштап, тереңдете түсті.

Ғалым «Қазақстан селосы 60-80-жылдарда: Батыс Қазақстан аймағы деректері негізінде нақты тарихи талдау» («Село Казахстана в 60-е – 80-е  годы конкретно-исторический анализ по материалам Западного-Казахстанского региона») атты докторлық диссертациясын жазды. Оған талай ұйқысыз түндер мен мазасыз күндер кетті. Архивте сарылып отыру, керекті материалдарды елеп-екшеу, сосын көз майын тауысып жазудың қиындығын ғылым жолына түскендер жақсы біледі. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде аталған тақырыпқа көлемі он екі баспа табақ болатын арнайы монография кітабы жарық көрді. Қазақстан ауылдарының 1960-1980 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы архивтік және статистикалық мәліметтер негізінде зерттелген бұл монография ғылыми сарапшылар тарапынан студенттер мен оқытушылар, жалпы тарихшылар үшін құнды кітап деп бағаланады.

Оған Қазақстан тарихын зерттеуде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі ғалымдар жоғары баға берді. Айталық, тарих ғылымдарының докторы, академик Б. Төлебаев бұл ғылыми зерттеудің теориялық та, практикалық та маңызы зор екенін айтып, оның Қазақстан тарихын зерттеуге қосылған сүбелі үлес екенін айтты. Ресми оппонент, тарих ғылымдарының докторы Х. Әбжанов: «Диссертацияда көптеген деректер мен әдебиеттер пайдаланылған. Мұнда Батыс Қазақстан аймағының аграрлық тарихын кешенді түрде көрсету шынайы шешімін тапқан», – деп жазды. Мұндай лебіздерді жалғастыра беруге болады.

Сөйтіп, Бақтығұл Қабдірұлы елу жасында доктор атанып, мерейтойы қарсаңында тарту-таралғы жасап еді. Ол – 1997 жылы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, 2003 жылы профессор атағын алды.

Бақтығұл Қабдірұлының өлкетану саласында сіңірген еңбегі зор. Оның ұжымдық авторлармен бірлесе жазған «Батыс Қазақстан облысының тарихы: ежелгі дәуірден күні бүгінге дейін», сонымен қатар ЖОО студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасы тарихы» оқу бағдарламасы мен «Қазақстан және дүниежүзі тарихы», «Қазақстан тарихы» секілді оннан астам оқу әдістемелік құралы орта мектептердің оқу бағдарламаларына оқулық ретінде енгізілді.

Өлкені зерттеуге атсалысып, барынша шынайы бейнесін танытуға талпынып, кейінгі ұрпаққа өлке тарихынан мол мұра қалдырған ғалым Бақтығұл Бірімжаровтың кіндік қаны тамған туған ауылының алдында перзенттік парызы орындалды деп санауға болады. Өйткені ғалымның жариялаған еңбектерінің 70 пайызы өзі дүниеге келген Нарын өлкесінің тарихына тікелей байланысты.

«Таңғы ауасы шипа, қызыл шағылы төсеніш, шөбі дәрі, құдығының суы нәр құм арасынан бой көтеріп, етекбасты берісін былай қойғанда, Еуропалық мәдениетке бір табан жақын тұрған Орда өңірін орыс, әлем жиһангездері, ғалым-этнографтар әрдайым назарда ұстаған» – деп ол  кіндік кескен туған өлкесі – Бөкей  ордасы даласын бір сәтке болса да есінен шығарған емес.

Кіші жүздің құрылуы мен қалыптасуы, Бөкей ордасының саяси тарихы, экономикасы мен шаруашылығы, мәденирухани өмірі ғалым еңбектерінде жазылды. Автордың халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға ұсынған «Бөкей ордасының Қазақстан тарихында алатын орны», «Бөкей ордасындағы тарихи мұрағаттардың құрылуы», «Бөкей ордасы әлем ғалымдары мен саяхатшылардың еңбектерінде» атты баяндамалары мен «Бөкей орда тарихы» ұжымдық еңбегі туған жерінің тарихын зерделеуде зор үлес қосты. Сонымен қатар өзінің ғылыми еңбектерінде Бөкей ордасынан  XIX ғасырдың аяғы мен  XX ғасыр басында шыққан Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қараш секілді  ғалым, ойшыл, педагогтер туралы, С. Меңдешев, Б. Қаратаев, Б. Құлманов, М. Бекмұхамедов, Ш. Бөкеев  секілді қоғам қайраткерлері хақында жазылған мақалалары мен еңбектері бір төбе.

Өкінішке орай, 2009 жылы маусымда ұлағатты ұстаз және отбасында асқар таудай әке, ардақты ата болып отырған ғалым дүниеден озды. Ғалымның артында балалары, немере-жиендері және өзі тәрбиелеп білім, ғылым нәрімен сусындатқан шәкірттері қалды. Профессор күні бүгінге дейін тарих ғылымдарының алты кандидатына ғылыми жетекші болса, оның екеуі тарих ғылымдарының  кандидаты ғылыми дәрежесін алды (А. Байболсынова, Е. Хайдаров). Жеті магистрдің жетекшісі болып, олар диссертацияны әр жылдары  сәтті қорғап шықты.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ғалымның артында өзі жазған 5 монография, 3 ұжымдық еңбек, 4 оқулық, 20 оқу-әдістемелік еңбек, 120 ғылыми мақала, 32 баяндамасы бар. Бірнеше ғылыми диссертацияларға оппонент және ғылыми кеңесші болып, 20-ға жуық автореферат пен оқулық, монографияға пікір жазған. Бақтығұл Қабдірұлы Батыс Қазақстан тарихында тың ғылыми еңбектер жазып, тұжырымды ғылыми пікірлер жариялаған тарихшы ғалым ғана емес, жастарға  тиянақты, терең  білім берген ұлағатты ұстаз ретінде ел есінде қалды.

 

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале