27.11.2019, 18:47
Оқылды: 189

Италиядан келген делегациямен кездесті  

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы және Қырғыз Республикасындағы елшісі Паскуале Д'Авино бастаған Италия делегациясын қабылдады.

akim posol (3)

Қазіргі таңда облыста итальяндық компаниялардың қатысуымен 34 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында 2017 жылы құрылған «Орал Клаб» ЖШС-ның итальяндық «Тувия» компаниясымен бірлескен NOVOTEL халықаралық франшизасы бойынша қонақ үй салу, «Орал гринхаус кешені» ЖШС-ның көкөністер мен көшеттер өсіретін жылыжай салу жобалары бар. Сонымен қатар өңірде итальяндық «ЭниПроджетт С.п.а.» АҚ-ның «ЭниПроджетти Қазақстан» филиалы инженерлік-техникалық кеңестер беру бағытында жемісті еңбек етуде.

Кездесуде Ғали Есқалиев атап өткендей, өңірде бірлескен кәсіпорындардың саны көп болмағанымен, олардың барлығы жоғары сапалы қызмет көрсетуде және аймақта тауар өндіруді қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді жобаларды нәтижелі жүзеге асыруда.

akim posol (1)

-Біздің облыс сіздерді тек газ өндіруші ғана емес, сонымен қатар қатты бидай өсіретін өңір ретінде де қызықтыруы мүмкін. Сондай-ақ Орал қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан әлемдік талаптарға сәйкес барлық инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды аймақты дамыту бойынша іскерлік ұсыныстарды талқылауға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді облыс басшысы.

Облыс әкімі итальяндықтарға бірлескен кәсіпорындар ұйымдастыруға болатын бірнеше бағытты ұсынды. Аталмыш жобалар жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның батысындағы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау қалаларымен қатар, Ресейдің көршілес облыстарына, сондай-ақ Қытай нарығына шығуға мүмкіндік ашылатынына тоқталып, итальяндық компанияларға облыста бизнес жүргізуге барлық қолдау көрсетуге уәде берді.

akim posol (4)

Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д'Авино тек экономикалық байланыстарды ғана емес, достық, мәдени байланыстарды да дамыту қажеттігін атап өтті.

-Біз Қазақстанмен барлық бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біріншіден, Батыс Қазақстан облысымен бірлесе отырып, агробизнесті дамытқымыз келеді. Сондай-ақ индустриалды аймақтың артықшылықтарына баса назар аударылаls, - деді елші. Ол сонымен қатар серіктестікті нығайту үшін өңірдегі жоғары оқу орындарының базасын пайдаланып, итальян тілін үйрету курстарын, облыста итальян асханасы апталығын, итальяндық өнер жұлдыздарының қатысуымен Италия мәдениеті күндерін өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай ауқымды іс-шаралардың түрлі салаларда серіктестік қарым-қатынас орнатуға ықпалы зор болмақ.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев итальяндық делегацияның ұсынысын қолдады, келесі жылы жаз мезгілінде облыста әртүрлі мемлекеттердің елшіліктерінің қатысуымен түрлі елдердің мәдени күндерін өткізу жоспарланғанын атап өтті.

Динара Жұмабекқызы

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале