14.07.2026, 18:00
Оқылды: 20

Қаладан қарбыз сатуға арнайы орын бұйыра ма?

Өңіріміздегі бақша өсірушілер жылдағыдай дәндерін егіп, мол өнім алудан үміттеніп жүр. Алайда әбден қарбыз піскенде, оны сататын орын таппай сенделеді. 

бакшашы

Ерте көктемде туған жерге қанат талдырып жететін ұзақ қарғалардың қарқылдаған «әуен» әлдиімен егіс алқабында қарбалас басталды. Көгілдір көктем суықтау, жаңбырлы болды. Ақжайық ауданындағы Алмалы ауылы маңындағы Круглый қыстағын мекен еткен Біржан Жұмашев жылыжайда  өсірілген өскіндерді жерге отырғызғанын айтады. Оны екі қабат үлбірмен жапқан. Бақша өсірушілер де табиғаттың тамыршысы тәрізді. Күн сәулесі молынан төгіле бастаған шақта желектер желі жаяды. Сонда олардың бетіне жабылған үлбір жабыны алынады. Біржанның бақшасындағы шуақты күннен қуат алып, желек тастаған қиярлар гүлдей бастаған. Айнала жусан, мұндай жусанды жерде қарбыз жақсы өседі. Бақша өсірушінің дақылдарды суарудың жаңа технологиясына көшкеніне бесінші жылға ауды. Оның айтуынша, тамшылата суарудың артықшылығы көп. Суды ысырап қылмайды. Бұрын егістік алқабында 5-6 мұрап жүретін, қазір бір адам ғана су жібереді. Онда да жүйежүлге бойындағы су крандарын бұрай қояды. Жайық өзенінен бөлінген қарасудың суы өзен суына қарағанда жылымық, өсімдікті тоңдырмайды. Бақшаның айналасы темір тормен қоршалған. Мал кірмеу керек. Дала тышқаны, қоян, борсықтар да бақшаның жауы. Сонымен қатар шегірткеге қарсы улау жұмысы жүргізілуде. Біржан қауын-қарбыз, қияр, картоп, пияз егеді. Оның егіс алқабының жалпы аумағы 16 гектарды құрайды.

– Бақша өнімдеріне, әсіресе қарбызға сұраныс көп болады. Ақтау, Атырау, Ақтөбе өңіріне өткіземіз. Негізгі көлемді Орал қаласына апарамыз. Бірақ онда орын табу қиын. Содан көше бойын жағалаймыз. Облыс орталығынан өнім өткізетін қолайлы орын керек.

бакшашы3

Орталық базардан орын берілсе деймін, – деді Ақ Жайық өңірінің брендіне айналған «Тайпақтың қарбызын» өсіруші Біржан Абайұлы.

Былтыр Біржанның бақшасындағы дақылдардың шығымы мол болды. Қарбыз  әр гектарына – 50, қияр гектарына –  70-80, қауын 30-40 тоннадай өнім берді. Ауа-райы қолайлы болса, өнім өнікті болары сөзсіз. «Шығысы шықпай, кірісі кірмейді» деген тәмсіл бар емес пе?! Рас, кей жылдары кеткен шығынның орнын жауып қана қалады. Климаты құбылмалы, шөлейт аймағына жататын Тайпақта қарбыз өсіру оңай емес. Бірақ көзін тырнап ашқаннан көргені бақша болғандықтан, жігіт ағасы бұл кәсібін тастай алмайды.  Қазір бақшада арам шөп жұлып жатқан он шақты бала-ересекке күніне 10 мың теңгеден төлейді. Одан басқа төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

бакшашы2

Біржанның марқұм әкесі Абай совхоз тараған  сонау  өліара кезеңде тарықтырмайды деп жаз жайлауына шағындап бақша егуді қолға алған. Ол кісі 2003 жылы өмірден озды. Содан кейін әулеттің үлкені Нұрлан қолына кетпен алып, бақша өсіруді жалғастырды. Ол – «Балауса» шаруа қожалығының жетекшісі, Бағырлай арнасының жағасындағы жеріне көкөніс, қарбыз егеді. Бақшашы ағайынды жігіттердің техникасы бар. Осы 30 жыл ішінде мемлекеттен көмек-қолдау алып көрмеген. Біржан екінші ағасы Ержан екеуі мал өсіреді.

Өнім   өткізуге   қолдау керек – Алмалы ауылдық округінде 430 гектар жерге бақша егілді. Шаруа қожалықтарының ұзын саны 72, соның 23-і бақша дақылдарын өсіреді. Өзгесі малмен айналысады. Жылда қайталанатын түйткілді мәселе – бақша дақылдарын сатуға арнайы орынның  жоқтығы. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғанда жеті  тұрғынға  111 млн теңге көлеміндегі несие ірі қара мал өсіруге, шағын наубайхана ашуға берілді.  Өткен жылы – бір, биыл сегіз адам бақша өсіруге несие алды. Былтыр бір тұрғын 1 млн 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа наубайхана ашты. Дәл осындай сомаға грант қаржысын алған бір азамат дөңгелек жөндеу орталығын іске қосты. Ауылдағылардың дені бақша салады. Олар облыс орталығындағы базарлардан қарбыз, көкөніс сататын орын бөлуді сұрайды, – деді аталған округ әкімі Мереке Наурызәлиев.

Округтегі Нұрлан Жұмашев, Қайырбек Қоспаев сынды кәнігі бағбандар жерге өскіндерін отырғызып, мол өнім алуға ұмтылуда. Бірақ дәмі тіл үйіретін, табиғи, таза әрі жергілікті қауын-қарбызды халыққа ұсынатын арнайы орынның болмауы шаруалардың көңілін түсіреді. «Облыс орталығындағы базарлар қарбыз өсірушілерге ұлтарақтай орын беруге құлықсыз. Сондықтан  кө­ше бойлап, жол жанында сауда жасаймыз. Полиция қызметкерлері заңсыз, жабайы сауда деп қуып, сергелдеңге түсіреді. Тайпақтың қарбызы шілдеде піседі. Оған дейін оңтүстік өңірден қарбыз тасушылар орталық базардан орын алып қояды. Біздің өнімді алыпсатарлар да сатады. Былтыр облыстық ауруханаға таман жерде қашып-пысып сауда жасадық. Шамамен 20 шақты көлік болады. «Ел ырысы» базарына барамыз, ондағы саудагерлер жау көргендей, жақындатпайды. Өнімдеріміз арзан, біз тұрсақ олардың өнімдері өтпей қалады. Биыл 20 гектарға, соның 15 гектарына қарбыз, қалғанына – картоп, пияз, сәбіз ектік. Былтыр «Омега» шағынауданы жақтағы берілген орынға тұрғанмын. Үйлердің арасына барып тұрыңыз, дүкеннен арыз түсті деп жаздай қуғындайды. Будка қойғызбайды. Қарбыз өсірушілерге көліктерімен тұрып, өнімдерін сататын арнайы орын берілсе дейміз», – деді Қайырбек Қоспаев. Оның айтуына қарағанда, «Депо», «Алтын алма» базарларында тұрып қарбыз өткізу қиындау.

Осы мәселе бойынша Орал қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділжан Құбаевқа хабарластық. Оның сөзінше қазіргі нарықтық қатынастар кезінде шаруалар базарлардан орынды өздері  барып сөйлесіп, жалға алуы керек. «Оралдағы тұрғын үйлер арасынан  қолайлы деген 80 нүктеден жылда орын бөлінеді. «Мирлан» базарында орын болмаса, «Депо», «Ел ырысы» базарларынан орын табылады», – деді сектор меңгерушісі.

Бағбандарға сауда жасауға орын беру мәселесі облыстық қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді. Алайда әлі күнге нәтиже жоқ. Жаз айы төбе көрсетті.  Күні ертең қарбыз піскенде, шаруа адамы оны өткізу үшін тағы өзге өңірлерді жағалайды ма?... Аптап ыстықта, қуаң желде тер  тамшылата өсірген өнімді көпшілікке ұсынатын арнайы  жер керек.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале