ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ҚМА СҚО бойынша департаменті ел аумағында жұмыс істеген ірі «Nomad Poker» онлайн-казиносының заңсыз қызметін тоқтатты.

Фото: pixabay.com
Тергеу барысында «Club GG Poker» мобильді платформасы негізінде құрылған бұл онлайн-казиноның қызметін Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан жүргізіп отырғаны анықталды. Тәулік бойы жұмыс істеген платформаға 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылып, ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан. Ұйымдастырушылар шетел азаматтарын тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеу арқылы 60-тан астам дроп-шот пайдаланған. Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің шоттарындағы 158 млн теңгеге тыйым салынды, тергеу жалғасуда.