1.07.2026, 21:00
Оқылды: 62

Қазақстанда несие реттейтін Finkelisim.kz жүйесі іске қосылды

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша берешекті реттейтін «Finkelisim.kz» бірыңғай цифрлық платформасын іске қосты.

Ақша JP

«Бірыңғай терезе» қағидатымен жұмыс істейтін бұл сервис бір уақытта бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға арналған. Енді қарыз алушыларға әр кредиторға жеке-жеке барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ — олар платформа арқылы барлық міндеттемелерін біріктіретін ортақ бір өтініш жолдай алады. Медиация тәртібімен өтетін бұл ұжымдық реттеу рәсімі қарыз алушылар үшін толықтай тегін, өйткені 2027 жылдың 1 қаңтарына дейінгі медиатор шығындарын банк және микроқаржы омбудсмандары өз есебінен өтейді.

Жаңа жүйенің көмегіне жүгіну үшін қарыз алушының екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегі болуы шарт. Сондай-ақ несиелер бойынша жиынтық қарыз көлемі 150-ден 1600 АЕК-ке дейінгі аралықты (биыл 648 750 – 6 920 000 теңге) құрауы тиіс және ол бойынша сот немесе нотариус арқылы мәжбүрлеп өндіру шаралары басталмаған болуы керек. Ипотека, автонесие, бизнеске арналған қарыздар мен алаяқтық жолмен ресімделген несиелер бұл бағдарламаға жатпайды. Тіркелу барысында қарыз алушы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, өтініш тастаған соң, жүйе оның деректерін автоматты түрде тексереді. Шарттар сәйкес келген жағдайда, азамат платформаға жолданған бірыңғай төлем кестесі мен медиативтік келісімге 72 сағат ішінде электронды қол қоюы қажет, осыдан кейін кредиторлар өндіріп алу шараларын тоқтата тұрады.

Бағдарлама аясында қарапайым азаматтар үшін қарызды өтеудің 5 жылға дейінгі, ал халықтың әлеуметтік осал топтары мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі бірыңғай тиімді кестесі ұсынылады. Мәселен, жалпы шарт бойынша қарыз 1 миллион теңгеге дейін болса, 12 ай бойы ай сайынғы ең жоғары төлем 84 мың теңгені, ал әлеуметтік осал топтар үшін 18 айға 56 мың теңгені құрайды. Егер жиынтық берешек 5-7 миллион теңге аралығында болса, қарапайым азаматтар 60 ай бойы айына 117 мың теңгеден, ал жеңілдігі бар тұрғындар 84 ай бойы 84 мың теңгеден төлей алады. Айта кетерлігі, егер қарыз алушы жаңа келісімді бұзып, төлемді 40 күннен артық кешіктірсе, кредиторлар қарызды қайтадан мәжбүрлеп өндіруге құқылы және бұл бағдарламаға қайта қатысу мүмкіндігі берілмейді. Мұндай жағдайда азаматтар тек egov.kz порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале