Алматы облысындағы әскери бөлімде «Хабар» агенттігінің тапсырысымен және Қорғаныс министрлігінің қолдауымен «Сарбаз 2.0» көп сериялы фильмінің түсірілімі басталды.

Фото: gov.kz
Салтанатты шараға екі ведомство өкілдері мен шығармашылық топ қатысып, режиссер Мақсат Оспанов киногерлердің дәстүрімен арнайы тәрелке сындырды. Жобаның мақсаты — Қазақстан Қарулы күштерінің бүгінгі заманауи мүмкіндіктері мен әскердің жастар үшін тиімділігін көрсету.
Телехикаяның негізгі желісі мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың жауынгерлік дайындықтан бөлек, Astana Hub курстары арқылы IT, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ағылшын тілі және дрондарды басқару сияқты заманауи бағыттарды меңгеруіне негізделген. Сюжетте әскерде мінезі шыңдалған қазақстандық жауынгерлердің жаңа буыны бейнеленеді.
Фильмнің бас кейіпкері — ҰБТ-дан өте алмай, қаржылық қиындықпен әскерге амалсыз аттанған Әлихан есімді жас жігіт. Оның өмірлік мектебі мен тұлға болып қалыптасу жолын баяндайтын туындыда бас рөлді Алмас Ақылбай сомдайды. Сондай-ақ сериалға Камалия Байтілеуова, Әмина Есімхан, Жалғас Толғанбай және Кенжебек Башаров секілді танымал актерлер түсуде.