Жақында «Орал өңірі» газетінде жарияланған «Қазіргі қазақ қандай болу керек?» деген тақырыпқа жазылған оқушылардың эсселерін оқып риза болдым. Саналы жас ұрпақ өсіп келеді. «Қазіргі қазақ қандай?» дегенде, байырғы ата-бабаларымыз қандай болған деген сұрақ туындайды.

ХІ ғасырда жазылған Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат аттүрік» шығармасында түркі баласының тұлғасын, сымбатын, мінезқұлқын «түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп қасиеттерге ие» деп жазған еді. Осы рухани-адамгершілік құндылықтар көне түркі дәуірінен тамыр алып, орта ғасырларда, Алтын орда әдебиетінде жан-жақты өрістеген. Түркі дүниесінің байырғы рухани ұстанымдары ислам қағидаларымен үндесіп, беки түсті. Сол рухани-адамгершілік құндылықтарды санамалап көрсетуге болады:
1.Кісілік, имандылық, адамгершілік; 2.Тілге, білімге, дінге беріктік; 3.Ақыл-парасат, жанның рухани саулығы, еркіндік; 4.Іскерлік, ұлағатты ұлылық; 5.Ел қорғау, батырлық, намысшылдық, жүректілік; 6.Ұрпақ тәрбиелеу, ұлды ұяға, қызды қияға қондыру; 7.Досқа – мейірімділік, жауға – қаталдық; 8.Қанағат, рақым, адалдық; 9.Ұсталық пен ұстаздық, кәсіпті, өнерді үйрену; 10. Адами жақсы қасиеттерді жас ұрпаққа үлгі ету, өнегелі ұл, көргенді қыз өсіру т.б.
Заманалар көшінен көктей өтіп, тұтас ұлтқа айналған қазақ халқында, Құдайға шүкір, осы қасиеттер де, құндылықтар да бар. Дегенмен ұлы Абай:
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – деп неге күңіренді?
«ХХІ ғасырда да жақсы мен жаманды ажырата алмай, көштен қалып жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақ туындайды. Бүгінгі қазақ қоғамында мақтанатын да, әттеген-ай дейтін тұстар бар.
Жас өрендер сол сұрақтарға жауап іздеп, өз ойларын ортаға салғаны жаныма жақты. Жасөспірім-көкөрім ұл-қыздарымыздың негізгі ойы бір арнаға тоғысады: қазіргі қазақ білімді, еңбекқор, ұлттық құндылықтарды сақтайтын, жауапкершілігі жоғары және заман талабына бейім болуы керек екені айтылады. Сонымен қатар олар кітап оқудың маңызын, ана тілін құрметтеуді, ысырапшылдық пен жалқаулықтан арылуды, ғылымға ден қоюды, жаңа технологияны игеруді ерекше атап өтеді. Әсіресе, білім арқылы елдің дамуына үлес қосу және ұлттық болмысты жоғалтпай жаһандық бәсекеге қабілетті болу мәселесі жасөспірімдер жазған барлық эсседе ортақ идея ретінде көрінеді.
Біздің бұған қосарымыз, табиғатты қорғау, заңды құрметтеу, уақытты бағалау сияқты қарапайым мәдени қағидалар да әр қазақтан табылуы тиіс қасиеттер. Біз ата-бабамыз ардақ тұтқан ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғылым мен технологияны меңгерген, бірнеше тіл білетін, бірақ ана тілін бәрінен жоғары қоятын ұлт болуымыз керек. Сонда ғана Қазақстанның болашағы жарқын, ал қазақтың беделі әлем алдында жоғары болады. Нағыз қазақ – өз елін сүйетін, білімін ел игілігіне жұмсайтын, бірлігі мен адамгершілігін сақтайтын азамат. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлы Әлихан Бөкейханның өсиетін де ескерейік. Мінез - ұлттық рухтан қалыптасады. Рух дені сау тәнге бітеді. Денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстану да қазақтың құндылығы болу керек.
Бүгінгі уақытта Алматы, Астана қаласының бойжеткен қыздары салт атпен серуендеуді дәстүрге айналдыруда. Желмен жарысқан тұлпарды ауыздықтаған ару қыздар көз қуантады. Таза ауада серуендеу – денсаулық кепілі. Бүгінгі ұрпақ гаджет, ұялы телефоннан бір сәт ажырап, салауатты өмір салтын ұстану керек-ақ. Себебі дені сау адам ғана сапалы білім алып, еңбек етіп, еліне пайдасын тигізе алады. Спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу – әр азаматтың өмір салтына айналуы шарт. Денсаулығы мықты ұрпақ – мемлекеттің де мықты болашағы. Сондықтан қазіргі қазақ – рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да шыныққан, белсенді әрі салауатты өмірді таңдаған тұлға болуы тиіс.
Мұрат Сабыр,
Филология ғылымдарының докторы, профессор