14.12.2023, 10:15
Оқылды: 89

Казталов ауданы: «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 619,8 миллион теңге берілген

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев кезекті жұмыс сапарымен Казталов ауданында болды.

аким - казталов(4)

Жалпы аталған аудан бойынша бүгінде 2038 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оларда 2800 адам еңбек етіп жүр. Биыл кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жалпы құны 440,7 млн теңгені құрайтын 17 жоба іске асып, 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал осы жылдың 11 айымен есептегенде кәсіпкерлік субъектілерінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 млрд 45 млн теңгені құраған. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш берушілердің де саны аз емес көрінеді. Бүгінде бағдарлама бойынша 99 несие алушыға 619,8 млн теңге көлемінде қаражат берілген. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады.

Өңір басшысы алдымен кәсібін дөңгелетіп, адал еңбегімен айналасына үлгі боп отырған азаматтардың шаңырақтарына тоқтады. Сарықұдық ауылының тұрғындары Ниетқабыловтар отбасы өз кәсіптерімен көпті сүйсінтіп жүр. Отағасы Дулат – «Айзере» жеке кәсіпкерлігінің иесі. Ал жұбайы Әлия – көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері. Отбасымен мал шаруашылығын дөңгелетіп, 2018 жылдан бастап сиыр сауып, құрт жасауды қолға алған. Сөйтіп Дулат Ниетқабылов 2022 жылы 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болып, қосымша құртты пішінмен жасап шығаратын құрылғы сатып алған. Олар күніне 200-300 құрт жасайды, ал жазғы мезгілде бұл сан 400-ден асады. Ниетқабыловтарды көбі 40 мың құрт сатып, баспана салған отбасы ретінде таниды екен. Сонымен қатар олар нан өнімдерін шығаруды қолға алған Әлия Ниетқабылованың айтуынша, биыл ол мамыр айында 1 380 000 теңге грант алып, наубайханаға қажетті құрылғыларды сатып алған. Сүт өнімдеріне, соның ішінде құртқа Орал қаласынан және Ресей Федерациясынан тапсырыс түссе, нан өнімдерін ауыл адамдары сатып алып жүр. «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының лауреаттары атанған, ағайын-туыс, көрші-көлемге үлгі болған отбасы алдағы уақытта наубайхананың көлемін кеңейтіп, жұмысшы алуды жоспарлауда. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы олардың еңбектеріне толағай табыс, бастамаларына сәттілік тіледі.

Өңір басшысы Жаңажол ауылына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мал алған ауыл тұрғыны Әнуар Жұмагелдиннің шар-уашылығы жөнінде қанық болды. Ол 2021 жылы Орал қаласынан осы ауылға көшіп келіп, биыл «Ануар» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Қожалық етті, сүтті бағыттағы ірі қара өсірумен айналысады. Осы жылы бағдарлама бойынша 8,6 млн теңге жеңілдетілген пайызбен берілетін несиеге қол жеткізіп, 15 бас ірі қара мен 55 тонна мал азығын сатып алған.

– Өзім Жаңажол ауылында туып-өстім. Балалық шағымның бәрі осы өлкеде өтті. Кейін 2000 жылдарда қалаға көшіп кеттік. Ал бүгінде бір жағынан ауылды аңсап, бір жағынан мал шаруашылығымен айналысу мақсатында қайта оралып жатырмыз. Осы ретте бағдарламаның да көмегі тиіп, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Әзірге ет, сүт өнімін алуды көздеп отырмын. Болашақта жоспарлар аз емес, – деді жеке кәсіпкер Әнуар Ғалиұлы.

Әрі қарай өңір басшысы Жалпақтал ауылдық мәдениет үйі ғимаратының фойесінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие және мемлекеттік грант алған тұрғындардың кәсіптерімен танысты. Олардың арасында «Ауыл аманаты» жобасының көмегімен Ақылбек Қабдығалиев дуал тұрғызу жабындарын өңдеп шығарса, Ержан Серғалиев өрнектас (брусчатка) өндірісімен, сол сияқты Марат Иманғалиев жылыжай өнімдерімен айналысады екен. Ал мемлекеттік грант негізінде «Айым» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әсем Қуанышалиева тәтті бәліштер пісіріп сатса, «Омар» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айжан Сұпығалиева фаст-фуд өнімдерін дайындайды. Сондай-ақ «Бекнұр» жеке кәсіпкерлігінен Тұрарбек Бекжанов бөдене құсының жұмыртқасын сатса, «Ясина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Диана Ерсұлтанова өзінің сұлулық салоны арқылы қыз-келіншектерге қызмет көрсетіп отыр.

7e485ffd-b884-4390-b5c1-7bc11e2b7ba9

Ауданның кәсіпкерлеріне риза болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев одан әрі тұрғындармен кездесті. Жиынның басында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды.

– Биыл аудан бюджеті 6,5 млрд теңгені құрады. Соның ішінде кіріс – 2,3 млрд теңге. Күні бүгінге негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 20,5 млрд теңгеге орындалды. Қазіргі таңда аудан бойынша үй кезегінде 589 адам тұр. Халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету үшін биыл 25 үй сатып алуға 234,3 млн теңге қаражат бөлінді.

Аудан көлемінде өзекті мәселелердің бірі – электр жарығының жиі сөнуі. Электр желісінің 80 пайызы ескірді. Желілердің ұзындығы – 2731 шақырым. Ал бағана саны – 39 144. Соның  ішінде 2524 шақырым электр желісін, 36 193 бағананы, сондай-ақ 388 толық трансформаторлық қосалқы стансаның 40-ын жаңарту қажет. Биыл Нұрсай, Әжібай, Әбіш, Жас сияқты елді мекендерде 277 бағана, 19 шақырым электр сымдары ауыстырылды. Бүгінде Ақпәтер ауылының электр желілері құрылысының (жоба құны – 145,7 млн теңге) жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Ал аудандағы барлық елді мекен 100 пайыз газбен қамтылды. Қазіргі таңда жалпы құны 854 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 7 елді мекендегі әлеуметтік нысандарға газ өткізіліп жатыр. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында 16 елді мекендегі әлеуметтік нысандарды газбен қамту үшін 4 жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Алдағы мақсат – барлық әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу. Аудандық маңызы бар 524 шақырым жол болса, соның 41 шақырымы асфальтталған.

Биыл облыстық бюджеттен 668,4 млн теңге қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын Жаңатаң (мердігер – «Табын 2007» ЖШС, жоба құны – 580,5 млн теңге) және Болашақ (мердігер – «Жайық Жол Құрылыс» ЖШС, жоба құны  – 87,9 млн теңге) ауылдарына кіреберіс жолдарды орташа жөндеу жұмыстары басталды және бұл өтпелі жобалар биыл жыл соңына дейін аяқталады. Бүгінде Саралжын ауылында 60 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпақтал ауылындағы «Балдәурен» бөбекжайының кәріз жүйесі жөнделіп, іске қосылды. Қоныс ауылындағы апатты жағдайда тұрған жалпы орта білім беретін мектеп 2024 жылға дейін салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Сатыбалды, Әбіш, Жаңатаң, Көпкүтір және Көмекші ауылдарындағы негізгі орта білім беретін мектептеріне жаңа ғимарат қажет. Күрделі жөндеуді қажет ететін 5 мектепке және Қошанкөл ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжайына ЖСҚ жасақтауға облыстық білім басқармасына ұсыныс берілді. Қазіргі уақытта Қараөзен мектеп-лицейінің ЖСҚ-сы демеушілер арқылы жасақталуда.

Талдыапан ауылындағы «Балбөбек» бөбекжайына ЖСҚ жасақталып, сараптамадан оң қорытынды алынды. Ол жобаның құны – 300 млн теңге. Қошанкөл ауылында жыл бойына жұмыс жасайтын 100 орындық лагерь құрылысы жобасы сараптамаға жолданады, – деген Асланбек Ахметоллаұлы ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және жұмыспен қамту, жастар саясаты және денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атады.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың сөзінше, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындармен кездесуде 11 мәселе көтеріліп, соған сәйкес өңір басшысы тиісті тапсырмалар берген. Соның бүгінде 2-еуі толық орындалған, 7-еуі орындалып жатыр. Сонымен қатар  биылғы ІІ және ІІІ тоқсандағы елді мекендер мен округ орталықтарындағы кездесулерде тұрғындар тарапынан 133 мәселе айтылса, соның 53-і шешімін тапқан, 49-ы орындалуда. Дейтұрғанмен аудан тұрғындарының облыс басшысына айтқан уәждері мен қойған сауалдарының саны аз болмады. Айта кетсек, кейбір елді мекендердегі маңызды ғимараттардың тозып тұрғандығы, жылу берілмеген мекемелердің бар екені және ауыз су мәселесі айтылды. Ауылішілік жолдардың жөнделмегеніне 2 жылға жуықтап қалғаны тілге тиек етілді.

Тағы бір тұрғын электр желісі бойынша тарқатылмай тұрған түйін көп екенін, енді бірі Көктерек, Талдыапан ауылдарындағы балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін жет-кізді. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты жолға қатысты мердігерлер «Ақсай Строй Сервис» ЖШС-ның және «Start Story Service» ЖШС-ның жұмыстарын сынға алып, олардың жауапсыздығы аудан тұрғындарына зиянын тигізіп жатқанын мәлімдеді. Жиын 3 жарым сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде тұрғындар тарапынан бірнеше мәселе қозғалып, өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы барлық сауалға жеке-жеке жауап берді. Ал ұсыныс пен талаптар бойынша жауапты басқармаларға тапсырмалар берді. Сонымен қатар көп мәселенің жоспар бойынша уақытымен шешілетінін, бұл ретте аудан тұрғындарының түсіністік танытуын сұрады. Кездесу облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауына жалғасты.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале