KEGOC алаңында Премьер-министр Ұлттық электр желісін күзгі-қысқы кезеңге дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты және елдің энергетикалық егемендігін одан әрі нығайту мәселесі бойынша кеңес өткізді, - деп жазады primeminister.kz.

KEGOC мәліметтері бойынша, цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізу электр энергиясының ағынын оңтайландыру және шығындарды азайту есебінен 5,5 млрд теңге немесе EBITDA-ның шамамен 3% мөлшерінде жыл сайынғы қаржылық әсерді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар электр стансаларын жиілікті және белсенді қуатты автоматты реттеуге қосу жыл сайын шамамен 4 млрд теңгені қосымша үнемдеуді қамтамасыз етеді.
Ұлттық диспетчерлік орталықта энергожүйені басқару бойынша жұмыс таныстырылды және саланы басқару тиімділігін арттыру мен желілердегі шығындарды азайту үшін жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жоспарлары ұсынылды. Цифрлық технологияларға және жасанды интеллектті енгізуге, сондай-ақ KEGOC базасында диспетчерлік басқару жүйесін жаңартуға назар аударылды. Орталық базасында электр энергиясын өндіру және тұтыну теңгерімі бақыланады, сондай-ақ барлық KEGOC-тың 83 қосалқы стансаларының жабдықтарын басқару жүзеге асырылады.
50 мыңнан астам көрсеткішті жаңарту төтенше жағдайларды жедел жоюға мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт артуына байланысты шамамен 70-тен астам жағдай тіркелген. Оның 95%-ы тұрғындарды электр энергиясынан ажыратпай-ақ реттелген. AI-KEGOC интеллектуалды платформасы 21 энергия торабы мен жаңартылатын энергия көздерінің 169 нысаны бойынша электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемін бір тәулік бұрын болжайды.

Синхрофазорлық өлшеулер негізінде жүйені мониторингілеу мен басқарудың цифрлық жүйелері «Солтүстік – Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өткізу қабілетін 250 МВт-қа арттыруға мүмкіндік берді, Бұл көрсеткіш тұтас бір қаланың электр энергиясын тұтыну көлемімен шамалас. Бұған жаңа электр желілерін салуға қосымша шығын жұмсамай қол жеткізіліп, электр энергиясының шығындары да азайтылды.