22.06.2022, 12:45
Оқылды: 130

Қолма-қол төлем құны қымбаттайды

Маусым айының 20-сы күні Оралда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясы өтті. Кездесу барысында қалалық мәслихат депутаттары қала аумағында жолаушылар мен багажды қалалық қатынаста тұрақты тасымалдауға сараланған тарифті енгізуге бірауыздан дауыс берді.
62c5474f-8eef-4c61-8943-8fbbf657a7bb
Қала ішіндегі аутобустарда сараланған тарифті енгізу мақұлданды. Қоғамдық көлікте жол жүру құны 150 теңгеге дейін қымбаттайды. Көрсетілген бағаны Avtobýs картасы жоқ жолаушыларға төлеуге тура келеді. Ал карта арқылы жолақысын төлейтін болса, бұрынғы құны өзгеріссіз қалады. Яғни 80 теңгемен барар жеріңізге жетесіз. Қазіргі уақытта қалада алты тасымалдаушы компания жұмыс істейді, олар 29 қалалық, 10 саяжай және 6 қала маңындағы маршруттарға қызмет көрсетеді.
 Қала әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев осы жөнінде баяндама жасап, жолаушылар смартфондағы арнайы қосымшадан QR-код арқылы немесе көлік картасы арқылы жолақысын төлей алатындығын айтты. Бұл жүйе жергілікті бюджетке салық түсімінің мөлшерін ашық көруге мүмкіндік береді. Аутобус ішіндегі қақтығыс жағдайлары азаяды. Көлік карталарын аутовокзалдан, ХҚКО-дан сатып алуға болады. Сондай-ақ карталарды сатушы-консультанттар мен маршруттық аутобустардағы кондукторлар таратады.
7dd0b129-3aa5-44a3-a786-56c98a46dfff
 – Тұрғындардың картаны жаппай пайдалануы үшін сараланған тариф белгіленген. Мұндай жүйе Қазақстанның көптеген қалаларында бұрыннан бар. Электрондық төлем жүйесі 42% -ды, қолма-қол төлем 58% - ды құрайды. Он жеті аймақтың ішінде сараланған тариф жүйесі бекітілді және өзінің тиімділігін көрсетті. Алматы қаласындағы қолма-қол төлем жүйесі бес пайыздан аспайды. Жас мөлшері мен еңбек еткен жылдары бойынша зейнеткерлер, мүгедектер, он сегіз жасқа толмаған мүгедек балалар және олардың ата-анасының (заңды өкілдерінің) бірі, сондай-ақ соғыс ардагерлері мен майданнан мүгедек болып оралғандар және сол секілді санаттағы адамдардың қалалық жолаушылар көлігінің маршруттарында жолақысын төлемей жүруіне болады. 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар мектеп көлік картасын алуға құқылы және 15 жасқа толмаған балардың қалтасында көлік картасы болса, 40 теңгемен жол жүре алады. Қазіргі таңда карталардың тек 50%-ы қолданысқа енгізілді, бұл диффтарифтің болмауына байланысты. Билеттеудің электрондық жүйесін енгізу тасымалдаушылар кірістерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Біздің есептеуімізше бюджет ашық айналымнан 500 млн. теңгеге толықтырылады. Валидатор, QR-code арқылы өтетін барлық транзакциялар қоғамдық көліктің субсидиясын есептеу үшін ескерілетін болады, осылайша біз осы саланы көлеңкелі экономикадан құтқарамыз, – деді қала әкімнің орынбасары.
28839664-cdca-4d26-9124-ce853b7d8ebd
   Тікелей бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтері үшін тасымалдаушылар жол жүру құнының 10%-на дейін төлейтін болады. Тұрғындар көлік картасын 450 теңгеге сатып алып, шотын әркім өзі толтырады. Қалалық мәслихат депутаттары көпшілік дауыспен сараланған тарифті енгізуге қолдау білдірді. Орал қаласы әкімдігінің қаулы жобасы Әділет департаментіне бекітуге жолданды.
– Бүгінгі осы отырыста өзекті мәселе ортаға салынды. Біз жыл сайын қалаішілік тасымалдау саласына бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөліп отырмыз. Биыл да жыл соңына дейін 2 млрд немесе 3 млрд-тан астам қаражат бөлінбек. Бұл аутобустарды жаңартуға және жоғарыда айтылған мәселені шешуге жұмсалады. Электронды төлем жүйесін қалыптастыратын болсақ, маршруттардың жүру уақыты мен жолаушыларға келтіріліп жатқан қолайсыздықтар реттеледі деген сенімдемін. Тағы бір айта кетер жағдай, осы карта арқылы төлем жүйесінің арқасында қаламыздағы алты тасымалдаушы компанияның қаражатты қалай игеріп жатқандығын да ашық көріп отыруға мүмкіндік туады, – деді сессияға қатысқан қала әкімі Миржан Сатқанов.
Нұртілеу Бауыржанұлы,     
  zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале