IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады, - деп жазады primeminister.kz.

Серік Жұманғарин Үрімші қаласындағы IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің технологиялық деңгейіне жоғары баға берді. Ол ЭКСПО-ға ұсынылған озық әзірлемелер екі елдің өнеркәсіптік кооперациясы үшін түбегейлі жаңа бағыт ашатынын атап өтті.
«Бүгінгі көрмеде агрохимия мен дрон өндірісіндегі озық үлгілер ұсынылған. Біз осы өндірушілер мен инвесторларды Қазақстанға шақырғымыз келеді. Оларға өндірісті локализациялау үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.
Тараптар екіжақты қатынаста тұрақты оң динамика барын атап өтті. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауар айналымы рекордтық $48,7 млрд-қа жеткен. Ал 2026 жылғы алғашқы бес айда сауда көлемі $22 млрд болды, яғни өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 27%-ға өсті. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш $50 млрд-тан асуы мүмкін.
Жиында атап өтілгендей, екіжақты жалпы сауда көлемінің жартысынан көбі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Ол екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылының негізгі аймағы болып қала береді.
«Біздің басты міндетіміз, жақын арада $100 млрд көлеміндегі өзара тауар айналымына қол жеткізу. Ол үшін Қазақстан мен Қытайдың 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығының бағдарламасы мен Жол картасын келісуді жеделдету қажет», — деді Серік Жұманғарин.
Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына $30 млрд-қа жуық тікелей шетелдік инвестиция құйып, еліміздегі ірі инвесторлардың біріне айналды.
Қазақстандық тарап қытай бизнесін қосылған құны жоғары өнім жасауға арналған жобаларға қатысуға шақырды. Басым бағыттардың қатарында бидай мен жүгері секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, толық циклді металлургиялық өндірісті дамыту, сондай-ақ агрохимия және пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру бар.
Екі ел арасындағы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің сауда көлемі $2 млрд-қа жеткені де атап өтілді. Қазіргі уақытта Қытай тарапы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімінің 34 түрін импорттауға келісім берді. Салқындатылған ет секілді тағы 9 тауар позициясы келісу сатысында тұр.
Келіссөздердің маңызды бір парасы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін барлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Осыған орай, Қазақстан өткізу пункттерін кеңейтуде. «Бақты-Аягөз» бағытындағы жаңа үшінші өткелдің құрылысын есептегенде, үш пункттің өткізу қабілеті жылына 100 млн тонна жүкті құрайды. Қытай тарапы қазақстан-қытай шекарасында үшінші теміржол өткелін салу жобасын бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бұл халықаралық көлік бағытының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дин Сюэсян Қытай тарапының Қазақстанмен цифрлық экономика, жасанды интеллект, энергетика мен навигациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ қазақстандық компанияларды өз өнімдерін қытай нарығында ілгерілетуі үшін «Қытай-Еуразия» көрмесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, өзара сауда мен инвестицияны арттыруға, сондай-ақ БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберіндегі өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендіктерін растады.