12.09.2022, 12:00
Оқылды: 196

Қытайлар БҚО-да киік мүйізін өңдейтін зауыт ашқысы келеді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев ұсыныс қарастырылатынын айтты.

3

БҚО әкімдігі мен Қытай компаниялары онлайн кеңес өткізді. Кеңеске бейнебайланыс арқылы Қытай инвестициялық қоры, Қытай фармацевтикалық мәдениетті зерттеу қауымдастығы, Қытай ұлттық жабайы табиғатты сәйкестендіру орталығының өкілдері қатысқан.

Қытай компаниялары жеке қаражат есебінен Батыс Қазақстан облысында киік өсіруге арналған питомник ашуды ұсынды. Олардың жоспары бойынша тәлімбақтағы лабораторияда киіктің мүйізін өңдеу зауыты орналаспақ.

БҚО әкімдігінің ресми сайты Ғали Есқалиевтің қытайлардың біріккен мекеме ашу туралы ұсынысын жан-жақты зерттеп, ұсынысты қарайтынын растады. Облыс әкімі қарамағындағыларға киіктердің популяциясын реттеу бойынша тұжырымдама әзірлеуді тапсырған.

Еске сала кетсек, киік атуға рұқсат беріп мемлекет басшысынан сөгіс алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктерді ату мәселесіне қатысты соңғы шешім осы қыркүйек айында шығарылатынын айтқан еді.

Президент Тоқаев қазақтың ұғымында киіктің киелі екенін еске салып, мәселені ушықтырмай шешу жайлы ескертсе де Министр Брекешев келер жылы ақылы түрде спорттық аңшылық ұйымдастыру жайын қарастырып отырғанын мәлімдеді. Министр киікті атуға тек 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынғанын айтумен келеді.

Нұрлыбек Рахманов,

Дереккөз: sarapshy.info 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале