Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыс қорытындыланып, бірқатар заң мақұлданды.

Сенат Төрағасы Палатаның атқарған қызметіне кеңірек тоқталып, Қазақстан Парламенті 30 жыл ішінде өкілді демократияның негізгі институтына айналғанын айтты. Осы уақыт аралығында ел өмірінің барлық негізгі саласын қамтитын маңызды шешімдер мен заңдар қабылданды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев парламенттік реформа – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген ауқымды жаңғырту стратегиясының дәйекті жалғасы екенін тілге тиек етті.
«Еліміз үшін тағдыршешті осы кезеңде өзімнің және Сенаттың депутаттар корпусы атынан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекет басшысының бізге артқан зор сенімін, жан-жақты қолдауын және ауқымды реформаларды жүзеге асыру жұмыстарына қатысуға берген мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Біз әрдайым Тәуелсіздікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және халық мүддесіне қызмет етуді көздейтін Президент саясатына адал болып қала береміз. Бүгінде Қазақстан сапалық тұрғыдан жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Сондықтан жаңа Конституцияны толыққанды іске асыру және Әділетті Қазақстан құру жолында барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің Мемлекет басшысының саясаты төңірегінде топтасуы аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар өткен жылдар ішінде депутаттар корпусы көптеген маңызды заңға бастамашы болғаны және оларды қабылдағаны айтылды. Осылайша, Мемлекет басшысының жаңғырту күн тәртібін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды.
«Сенат өз тарихында 890-нан астам отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заңды қабылдап, мақұлдады. Әрбір оныншы заң депутаттардың бастамасымен әзірленген. Бұл құқықтық актілер Қазақстанның жаңа саяси, экономикалық және фискалдық моделінің негізін қалап, әлеуметтік саясаттың берік құқықтық базасын қалыптастырды. Сонымен қатар сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздікті нығайту әрдайым басым бағыттардың қатарында болды. Заң шығару қызметімен қатар Палата басқа да бағыттарда белсенді жұмыс жүргізді. Осы кезеңде 60-тан астам парламенттік тыңдау мен 3 мыңнан астам жоспарлы іс-шара ұйымдастырылды. Үкіметке қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Осындай ауқымды жұмыстың барлығы халықтың мүддесін қорғауға және мемлекетімізді нығайтуға бағытталғанын атап өткен жөн», – деп, Мәулен Әшімбаев ел игілігі жолындағы бірлескен нәтижелі жұмыс үшін әріптестеріне алғыс айтты.
Отырыста Сенаттың өңірлердегі қызметіне, қоғамдық-саяси коммуникацияны нығайтуға, реформаларды халыққа түсіндіруге, сондай-ақ, түрлі сала мамандарының сараптамалық әлеуетін дамытуға арналған жобаларына ерекше назар аударылды. Сенат Төрағасы «Өңір», «Бір ел – бір мүдде» депутаттық топтарының, «Ұлттық мүдде» диалог алаңының, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның, сондай-ақ, жүздеген белсенді азаматтың басын біріктірген Сенат жанындағы Taldau community жобасының жұмысын жоғары бағалады.
Қорытынды отырыста Сенат инклюзивті қоғамды дамытуға және параспортты қолдауға арналған әлеуметтік, спорттық жобаларды жүйелі түрде іске асырып келе жатқанына мән берілді. Палата 20 жыл бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін және оның Хатшылығының отырыстарын жоғары деңігейде ұйымдастырып келгені де назардан тыс қалған жоқ.
Сондай-ақ сенаторлар жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мен Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Аталған келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, саяси диалогты дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етпек.
Бүгін күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң да мақұлданды.
Бұдан басқа, Палата «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Аталған заңдарға сәйкес, тартылатын қарыз қаражаты 2026 жылға арналған республикалық бюджет аясында мемлекеттің өзіне алған барлық міндеттемелерін толық орындауға мүмкіндік береді.
Топырақты кешенді қорғауға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналған, депутаттар бастамашы болған «Топырақты қорғау туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне топырақты қорғау, жер қатынастары және агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Сенаторлар мақұлдаған тағы бір құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Аталған заңға сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлері кеңейтіліп, адвокаттар мен заң консультанттарына азаматтардың заңды мүдделерін конституциялық іс жүргізу барысында қорғау құқығы беріледі. Бұл азаматтарға Конституциялық іс жүргізу шеңберінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға жағдай жасайды. Сонымен бірге Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде нотариустар арасында атқарушылық жазбаларды бөлу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл шешім атқарушылық жазбаларды рәсімдеу рәсімінің ашықтығын арттырып, нотариустар арасындағы жүктеменің тең бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, мүдделілік пен сөз байласу фактілерінің алдын алуға бағытталған. Одан бөлек, Республикалық нотариаттық палатаның, аумақтық нотариаттық палаталардың төрағаларының және тәртіптік комиссиялар төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жыл болып белгіленді. Олар бұл лауазымға бір рет қана қайта сайлана алады.
Дереккөз: senate.parlam.kz