14.11.2023, 11:00
Оқылды: 149

Мектеп директорының жазбаларынан

 

Қаз-қалпында

Несін айтасың, «Үміт» лингвистикалық гимназиясы деп танылғаннан бастап мұнда балаларын оқытуға құштарлар көп болды. Біраз қызықтар бастан өтті. Баз бір баласы оқуға түсе алмаған «жүнді қол», «ұзын тырнақтар» жасырын жаулық жасап, көресіні де көрсетіп жатты. Бір жақсысы, баталарын беріп, ақ тілек жаудырып, алғыс айтатындар қатары көп болатын. Жанға сол медеу. Басқаны қойып, орыс мектебінде оқып жүрген балаларын суырып алып бізге әкелетіндер де кездесіп қалып жататын, бір қызығы. Соның ішінде орыс мектебін тастап, «Үмітке» келіп оқыған үш  бала есімнен кетпейді. Бүгін біріншісін айтайын.  Көзі қарақаттай жайнаған қазақ баласын жетелеп бізге әкелді әке-шешесі.  Қабылдау сынағының нәтижесі – орыс тілінен «5», ағылшын тілінен «5», қазақ тілінен «2», математикадан «3»... Ауызекі ғана сөйлей алатын қазақшасы бар.

муштанова

Нартәуекел! Қабылдап жібердім, ұжыммен ашық талқыладым да.  «Орыс болып кетеді ертең, мынадай керемет бала» деп қызғанғаннан да осылай шешім шығарған шығармын. Керемет қазақ болып өсті. Үш тілге бірдей. Еркін. Ашық. Аздап еркелеу. Тілді сықитып меңгеріп алды. Әсіресе қабылдау емтиxанында ботысып жүрген ә, ө, ғ, қ...-ларды қатырып тұрып жаттап алған, бір мәкі жібермейді. Еркелігінен біраз қиындық көрдік екеуміз, папасымен үшеуміз.

Бір күні жатақxанада жататын бір кластың ұлдары түп-түгел тамақтарының асты дөп-дөңгелек, қып-қызыл таңбамен келді. Кәдімгі «засос». Ал шошымай көр. Зәреміз ұшып, айқайға бастық. Ал кеп жиналысқа салу, тексеру, ұрсу. Сұрастыра келсек, бастап жүрген «менің еркем».  Қыңып тұрған жоқ және «Балалық қой, тістесіп ойнадық. Сіздер де бала болған жоқсыздар ма бір кезде...» деп болатын емес. Орысша оқып келген балалардың бір ерекшелігі сол, ойларын жасқанбай айтып, пікірлерін қорғай алады әркез. Ол туралы сосын айтам.  Баладан «жеңіліп» отырамыз ба енді, дереу папасын шақыртып алдық. Оның ылғи да ұстазды жақтайтынын білем. Екеулеп, бесеулеп, ондап... жабылып ұрсып, бәрін жылатып, «жөнге салып», екіншәрі бір-бірін «тамақтамайтын» қылып тарастық.

Түн. Ұйықтай алмаймын. Әлгі баланың «Сіз де түсіне алмадыңыз ғой бізді...» дегендей, кінә арта қарағаны көз алдымнан кетпейді. Әрі домаладым, бері домаладым, ақыры, түн жарымында тұрып, сықыр-сықыр аяңдап, бүкіл Подстепныйдың қабаған иттерін шулатып, жатақxанаға жеттім. Түнгі тәрбиеші мұндай оқыс келістеріме таңғалмайды, үйреніп кеткен.  Есікті ашты да, өз орнында қалды. Мен жоғарыға көтерілдім. Балалар қалың ұйқыда. Әлгі ұрыс естіген балалардың қастарына бір-бірлеп бөгеліп, беттеріне үңіліп қоям. Маңқиып-маңқиып, түк болмағандай ұйқыны  соғуда бәрі. Соңында  «главный кейіпкерімнің» қасына келдім. Мұның жүзінде сәл кейістік бар сияқты. Қабағы кірбиіңкі, мұрны пысылдап сол күйі қыбырсыз қатып  жатыр. Кішкене тұрып ем, еріні кемсеңдеп, күрсініп қалғандай болды. Аяп кеттім. Көрпесін түзеп, аяғын қымтап, «Айналайын...» деп күбірлеп, маңдайынан бір сипап шығып кеттім. Содан соң ғана арқам кеңіп, құрсап тұрған иығым жеңілдеп, тынышталғам...

Ертеңіне жайлап алыстан бақыласам, кешегі ұрыс естіген балаларым сөлбірейіп, ыңғайсызданып жүрген сияқты. Әлде, біз артықтау кетіп, өкпелеп жүр ме?! Түс қайта ылғи ер балаларды (қыздарды араластырсаң, айғай-шу, шыңғыру) қармен атысып, «Атака» ойнауға алып шықтым. Ортасында өзім жүрмін қорбаңдап. Көзімнің қырымен  баяғы сол балалардың ойынға шын араласып, жазылып кеткенін бақылап қоям. Басқалары «нормально», әлгі «еркеміз» сәл тартыншақтап жүрген сияқты. Күндегідей асыр сала шаппайды. Мойын орауышын да салмапты. Іштен шарфигін алдырдым да,  қасына барып тас қып байлап бердім. «Тағы біреу тамақтап кетіп жүрер әйтпесе» дедім тағы күліп. Өзі де күліп жіберіп, құшақтай алды. Қуанып кеткенін көрген қандай жақсы баланың. «Өздерің ғой енді, басқа ойын құрып қалғандай, қайдағы бәлені шығарып...» деп менің де көзім жыпылықтап кетті.

«Негізі еш жаман ойымыз болған жоқ, апай! – деді балам енді ғана ашылып, алысып ойнап жатыр ек, қолымнан шығып кетуге әлі келмей, біреуі ме-нің тамағымның астынан тістеп алды, мен оны тістедім сосын. Екеуміздің мойнымызға таңба түсіп қалғанын көріп, қалғандары «для солидарности» алысып жүріп, бір-бір «печать» қойып шықты. Болды. Мұндай шатақ болады деп ойламағанбыз».

Сонымен, осы «мирласқанымыз»  «мирласқан» болды.

Ол бұрынғыдан да күшті оқып кетті. Орыс, ағылшын тілі олимпиадаларында бетке ұстарымыз болды. ҰБТ-ны тастай қылып тұрып тапсырды да, «Үздік аттестатпен» бітірді гимназияны, таңдаған  оқуына түсті.  Қазір дәәу азамат. Әке.

Р. S.  Жақында Астанада болып, екі күн қатар түлектеріммен кездестім. Ішінде осы кейіпкерім де бар. Ол жоғарыда болған жатақханаға түнгі «визитімді»  білмейтін еді. Әңгімелеп бердім. Кетерде «Апай,  сізді сағынып жүр екенмін. Осындай бір жылулық жетпейді мұнда, салқын қала ғой...» деп жұмсақ жымиды сол баяғы бала кезіндегідей.

Мен де сағынғам. Сосын ғой, шаруа қылып «суық қалаға» барып, «мырықтарыммен» кездесіп жүргенім.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, 

«Ерен еңбегі үшін» медалінің, 

«Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале