2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша нарықта 211 микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ) және 205 коллекторлық агенттік қызметін жүзеге асыруда. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жазады.

Соңғы жылдары микроқаржыландыру нарығы айтарлықтай өзгерді. Цифрлық қаржы сервистерін және онлайн-кредиттеуді белсенді дамыту халық үшін қарыздардың қолжетімділігін едәуір арттырды. Сонымен қатар, цифрлық кредиттеудің жеделдетілген өсуі азаматтардың жекелеген санаттарының борыш жүктемесінің ұлғаюымен, микрокредиттер беру және берешекті өндіріп алу кезінде жосықсыз практикалардың таралуымен қатар жүрді.
Осы жағдайларда Агенттік халықтың борыш жүктемесін төмендетуге, жосықсыз практикаларды шектеуге, нарық қатысушыларының қаржылық тұрақтылығын арттыруға және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған микроқаржыландыру нарығын және коллекторлық қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі дәйекті саясатты іске асырады.
Бірінші. Микроқаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттыру және жауапты кредиттеу қағидаттарын енгізу.
Негізгі міндет МҚҰ-ның қаржылық орнықтылығын арттыру және тұтынушылық кредиттеудің аса қауіпті модельдерін шектеу болды.
Осы мақсатта микроқаржы ұйымдарының қаржылық орнықтылығына қойылатын талаптар күшейтілді. Жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері 100 млн теңгеден 200 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, капиталдың жеткіліктілігін айқындау кезінде тәуекел-сараланған активтерді есептеу бойынша талаптар енгізілді, сондай-ақ жұмыс істемейтін микрокредиттердің (NPL 90+) ең жоғары деңгейінің нормативі енгізілді, ол бастапқыда 20% деңгейінде белгіленді, кейіннен 10%-ға дейін қатаңдатылды.
Микрокредиттер беруге қойылатын талаптар айтарлықтай қайта қаралды. «Жалақыға дейін» (PDL) микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібі алынып тасталды және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша бірыңғай шектеулер таратылды — бұрын қолданыста болған күніне 1% мөлшерінде шектеудің орнына жылдық 179%-дан және күніне 0,3%-дан аспайды. Тұтынушылық микрокредит ұғымы оның ең жоғары мөлшерін белгілей отырып енгізілді, бес жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынды, шарт жасалғаннан кейін міндетті 24 сағаттық шешім қабылдау кезеңін қоса алғанда, онлайн-микрокредиттерді қашықтан беруге қосымша шектеулер енгізілді.
Азаматтардың шамадан тыс борыш жүктемесін болдырмауға ерекше назар аударылады. Банк қарыздары не МҚҰ микрокредиттері бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға, сондай-ақ берешегі соңғы үш жыл ішінде кешірілген қарыз алушыларға жаңа микрокредиттер беруге шектеулер кезең кезеңімен енгізілді.
Бұдан басқа, проблемалық берешекті коллекторлық агенттіктерге жаппай беруді болдырмау мақсатында жеке тұлғалардың берешегін басқаға беруге мораторий енгізілді және кейіннен 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Екінші. Коллекторлық қызметті реттеуді реформалау және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Реформаның екінші бағыты коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыру және берешекті өндіріп алу кезіндегі жосықсыз практикаларды алып тастау болды.
Бұл үшін коллекторлық агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді. Басшылардың іскерлік беделіне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді, коллекторлық агенттіктердің қаржы ұйымдарымен және басқа да коллекторлық агенттіктермен үлестес болуына тыйым салынды, қызметкерлердің қызметін бір мезгілде бірнеше коллекторлық агенттіктерде қоса атқаруға тыйым салынды, сондай-ақ ұйымдарды тізілімнен шығару үшін негіздер кеңейтілді.
Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін коллекторлық агенттіктердің нотариустармен және олардың үлестес тұлғалары болып табылатын жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылына тыйым салынды. Сонымен қатар коллекторлық агенттіктердің өндіріп алу шаралары қолданылғанға дейін жеке тұлғалардың сатып алынған талаптары бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізілді.
Нарыққа қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында әкімшілік айыппұлдардың мөлшері екі есе ұлғайтылды, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және асыра пайдаланғаны үшін дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі енгізілді.
Үшінші. Микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер нарығын қадағалаудың неғұрлым қатаң моделіне көшу.
Реттеуді жетілдіру Агенттіктің қадағалау саясатын едәуір күшейтумен қатар жүрді.
2023 жылдан бастап 824 тексеру жүргізілді, 310 қадағалау шаралары қолданылды, жалпы сомасы 693,4 млн. теңгеге 2 010 әкімшілік айыппұл салынды. Заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін 99 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарылып алынды, 29 МҚҰ лицензиясының қолданысы тоқтатылды және 47 коллекторлық агенттік тізілімінен шығарылды.
Неғұрлым кең таралған бұзушылықтар борыштық жүктеме коэффициентін есептеу бойынша талаптарды сақтамай не БЖК белгіленген мәнін асыра отырып микрокредиттер беру, ЖТСМ мөлшері бойынша шектеулерді бұзу, заңнамалық шектеулер болған кезде микрокредиттер беру, кредиттік бюроларға дәйексіз есептілік пен мәліметтер ұсыну, сондай-ақ борышкерлермен өзара іс-қимылдың белгіленген тәртібін бұзу болып табылады.
Бұл ретте қадағалау қызметі құқық бұзушыларға ықпал ету шараларын қолдануға ғана емес, сонымен қатар қарыз алушылардың құқықтарын қалпына келтіруге де бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша МҚҰ мен коллекторлық агенттіктер 33,9 мың қарыз алушының негізгі борышын, сыйақысын, айыппұлдары мен өсімпұлдарын толық немесе ішінара есептен шығарды, сондай-ақ 722 мың қарыз алушының берешегіне қайта құрылымдау жүргізілді.
Төртінші. Микроқаржы ұйымдарын реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыру.
Микроқаржы ұйымдары үшін алғаш рет банк секторында қолданылып жүрген базалық талаптарға ұқсас тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптар көзделген Банктер туралы жаңа заң шеңберінде реттеуді одан әрі дамыту алынды. Сонымен қатар, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың бірыңғай қызмет стандарттарын әзірлеуге, заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізуге, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін қарауға және нарыққа қатысушылардың кәсіби стандарттарын арттыруға қатысуын көздейтін өзін-өзі реттеу институты құрылды.
Аталған өзгерістер микроқаржы ұйымдарының ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын және олар ұсынатын қаржылық қызметтердің сапасын арттыруды қамтамасыз ететін корпоративтік басқарудың, тәуекелдерді басқарудың және ішкі бақылаудың толыққанды жүйесін қалыптастыруға жекелеген талаптарды реттеуден көшуге бағытталған.
Осылайша, соңғы бірнеше жылда микроқаржыландыру және коллекторлық қызмет нарығын реттеудің нормативтік және қадағалау базасы дәйекті түрде қалыптасты. Ол реттеудің барлық негізгі элементтерін - қатысушыларды нарыққа жіберуді, олардың қаржылық тұрақтылығы мен корпоративтік басқару талаптарын, жауапты несиелеу, қарызды реттеу және өндіріп алу ережелерін, сондай-ақ тәуекелге бағытталған қадағалауды қамтиды. Іске асырылған өзгерістер микроқаржыландыру нарығын одан әрі дамытуға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.