Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуді және ауылдық елді мекендерді жан-жақты қолдауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде айқындады - деп жазады primeminister.kz.

Әлеуметтік қолдау: белсенді көмек, отбасылық қамқорлық және цифрлы патронаж
Азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау Үкімет үшін негізгі басымдық болып қала береді. Үкімет егде жастағы адамдардың табысын инфляцияның әсерінен қорғау мақсатында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақы мен барлық зейнетақы төлемі мөлшерін 10%-ға индекстеді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 4,9 трлн теңге бөлініп, 2,6 млн-ға жуық қазақстандық зейнеткер қолдауға ие болды. Индекстеу нәтижесінде жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 105 мың теңгеге дейін өсті, ең жоғары мөлшері 238 мың теңгеге жетті, ал орташа көрсеткіш 198 мың теңгені құрады. Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің тұрақтылығын көрсетіп отыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 25,7 трлн теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 69%-ын қамтыды.
Мемлекет аға буынды қолдаумен қатар, балалы отбасыларды қорғау жүйесін дәйекті түрде күшейтуде. Ана мен баланы қолдауға бағытталған инвестициялар еліміздің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырылады. 2026 жылдың басынан бері балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 10%-ға ұлғайтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 974 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 19,1%-ға артты. 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл мемлекеттік төлемдерді шамамен 1,3 млн адам алды. Жас ата-аналарды қолдау және отбасы институтын нығайту мақсатында 149,8 мың азаматқа бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы түрінде 29,6 млрд теңге төленді. Сонымен қатар жұмыс істемейтін 131,2 мың ата-анаға бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайын жалпы сомасы 21 млрд теңге бөлінді. Көпбалалы аналарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. 248,7 мың марапатталған ана мемлекеттік жәрдемақылармен қамтылып, оларға 43,9 млрд теңге төленді. Ал 636 мың көпбалалы отбасыға ай сайын көрсетілген қолдау көлемі 303,3 млрд теңгені құрады. Жүйелі шаралар нәтижесінде еліміздегі көпбалалы отбасылар саны бір жыл ішінде 20,9 мыңға артып, жаңа деңгейге көтерілді.
Сонымен қатар мемлекет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Бұл жүйе азаматтарды өмірдегі қиын жағдайларда әлеуметтік қорғаудың маңызды құралына айналды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер де 10%-ға артты. Жалпы алғанда сақтандыру жүйесі арқылы 896,3 мың адамға 332,7 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айырылған 92,7 мың азамат 25 млрд теңге, ал асыраушысынан айырылған 66 мың отбасы 19,1 млрд теңгеге көмек алды. Сонымен қатар жұмысынан айырылған 236,5 мың адамға 62,6 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жүктілік және босану кезеңінде 70,1 мың әйелге 72,7 млрд теңге төленсе, 431 мың алушыға бала күтімі бойынша 153,3 млрд теңге бағытталды.
Атаулы әлеуметтік көмек пен азаматтардың мүмкіндіктерін теңестіру әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты болып қала береді. Мәселен, биыл 36,4 мың отбасынан 196,4 мың адамға жалпы сомасы 17 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алушылардың басым бөлігін балалар мен көпбалалы отбасылар құрайды. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектепке дейінгі жастағы 61 мың балаға қосымша ай сайынғы төлем тағайындалды.
Мүгедектігі бар 545 мың азаматқа төленетін жәрдемақылар 10%-ға өсіп, орта есеппен 87 мың теңгені құрады. Мемлекеттік қолдау тек қаржылай төлемдермен шектелмей, қолжетімді орта қалыптастыруға да бағытталуда. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделген инфрақұрылым нысандарының саны шамамен 30 мыңға жетіп, бір жылға арналған жоспардың 70%-ын құрады. 12 өңірде жаңа оңалту орталықтары салынып жатыр. Ал 10 қалада аутизмі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары жұмысын бастады. Былтырдан бастап енгізілген міндетті лицензиялау жүйесі көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік береді.
Азаматтардың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру экономикалық саясаттың басты нәтижелерінің бірі болып отыр.
Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деңгейінде болған жағдайда жұмыссыздық деңгейі 4,6% шамасында сақталып, жұмыспен қамтылғандар саны 9,7 млн адамға жетті. Осы бағытта мемлекет жұмыспен қамтудың барлық тетіктерін іске қосуда. Шілде айындағы жағдай бойынша 249,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 69,9 мың адам тұрақты жұмыс орындарына қабылданса, 69,8 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 55,7 мың адам еңбекке тартылып, инвестициялық жобаларда тағы 5 мың адам жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, 182,3 мың адам кәсіптік бағдар беру қызметтерімен, онлайн оқытумен және «Бастау Бизнес» курстарымен қамтылды. 14 жастан асқан мектеп оқушылары үшін Enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» жобасы іске қосылды. Ал жалпы құны 103,4 трлн теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба аясында ашылған 426,6 мың жаңа жұмыс орны «Инновациялық жобалар навигаторы» платформасы арқылы бақыланады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 18,9 мың қызметкерге арнайы әлеуметтік төлемдер берілді.
Әлеуметтік қолдаудың озық жүйесіне көшу цифрлық трансформацияға негізделген. Әртүрлі мемлекеттік органдардың деректерін біріктіретін Smart Data Ukimet аналитикалық жүйесі бүгінде еліміздегі 6,2 млн отбасы туралы мәліметті қамтиды. Азаматтардың өмірлік қиындықтарына жедел ден қою үшін өңірлерде 158 Отбасын қолдау орталығы ашылды.
Family Service Management бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы 30 мыңнан астам өтініш өңделіп, 25 мың отбасы құқықтық және психологиялық көмек алды, ал 5 мың отбасы тұрақты патронажға алынды. Сонымен қатар Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы пилоттық режимде енгізілуде. Бұл жүйе әлеуметтік көмекті формалды санаттық қағидат бойынша емес, отбасының нақты мұқтаждығын бағалау негізінде көрсетуге мүмкіндік береді.