Экономиканың өсу қарқыны төртінші ай жеделдеуде, - деп жазады ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

ҰСБ-ның алдын ала деректері бойынша, 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ды құрады.
Бірінші тоқсанның қорытындысымен салыстырғанда экономикалық өсім серпіні айтарлықтай жақсарды (2026 жылғы қаңтар-наурызда ЖІӨ өсуі 3%).
Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс оң өсім көрсетті. Нақты көлем индексі 102,1% болса, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 99,9%-ға төмендеу тіркелді.
Өнеркәсіпті қалпына келтірудің негізгі факторы өңдеу секторының жеделдеуі болды. Онда өндіріс қаңтар-наурыздағы 8,5%-ға қарағанда 9,9%-ға өсті.
Машина жасаудағы жоғары өсу қарқыны (өсу 23,3%) көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, электр тауары мен жабдығын шығару көлемін ұлғайту есебінен сақталады.
Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірісінде 2,3 есе, жиһаз өндірісінде 41,7%, фармацевтика өнімінде 35,2%, құрылыс материалдарында 27,7%, химия өнеркәсібінде 18,4%, тамақ өнімдерінде 14,4% өсу байқалады.
Тау-кен өнеркәсібінде төмендеу сақталғанмен (92,7%), оның қарқыны бірінші тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеді (88,6%). Бұл өндірістің біртіндеп қалпына келуін және мұнай секторының жалпы экономикалық динамикаға теріс үлесінің азаюын көрсетеді.
Тұтастай алғанда, жылдың алғашқы төрт айындағы экономиканың оң серпіні негізгі секторлардағы орнықты өсумен қамтамасыз етілді. Ең жоғары өсім қарқыны мына салаларда тіркелді:
құрылыс-114,5%;
көлік және қоймалау – 112%;
өңдеу - 109,9%;
сауда – 105,1%;
ауыл шаруашылығы-103,6%
Осылайша, ЖІӨ-нің нақты өсімінің қазіргі құрылымы шикізаттық емес сектордың, атап айтқанда құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібінің рөлін күшейтумен сипатталады.