7.06.2019, 12:43
Оқылды: 35

Оралда 125 сайлау учаскесі құрылған

Ел тарихындағы маңызды таңдау жасалар ҚР Президенті сайлауы барысын қадағалау үшін ТМД елдері өкілдерінен құралған бақылаушылар тобы өңірге келді.

 IMG-20190606-WA0034

Шетелдік бақылаушылар тобы Орал ақпараттық технологиялар колледжінің ғимаратында орналасқан №521 учаскесінің, сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлауалды дайындық барысымен танысты.

– Қазақстандағы маңызды науқан барысына бақылау жүргізу үшін жолға шыққан біздің топ құрамында 431 өкіл бар. Олардың барлығы – өз саласының білгірі, парламент және сайлау комиссияларының мүшелері, елшілер және түрлі саладағы тәжірибелі мамандар. Бүгінде Қазақстанның әр облысын аралап, жағдайға қанығудамыз. Басты мақсатымыз – сайлау барысының елдегі заңнама талаптарына сай өтуі мен сайлаушылар үшін қажетті жағдайдың жасалуын қамтамасыз ету. Сайлау учаскелерін аралап көру барысында ғимараттардың жабдықталуына, сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейіне көңіліміз толды. Орталық сайлау комиссиясының округтік және учаскелік комиссия мүшелеріне арнап тұрақты түрде оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастыруының нәтижесі айқын білінеді. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне бар жағдай жасалған. Белгілі бір себептермен үйден дауыс беруді қалаған азаматтардың да тілегі ескерілуде. Көршілес елдің болашағына бейжай қарамайтын жанашыр жан ретінде Қазақстан халқының болашағын айқындайтын айтулы күн жақсылықтың бастауы болса деп тілеймін, – деді ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев.

Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы София Кинжигарееваның мәлімдеуінше, Орал қаласы бойынша жалпы саны 125 сайлау учаскесі құрылған. Медициналық мекемелерде, әскери бөлімдер мен тергеу орындарында орналасқан 15-і – уақытша санаттағы жабық учаске. Дауыс берушілер саны 3 мыңнан асатын 49 ірі учаске болса, Орал ақпараттық технологиялар колледжінің базасында орналасқан №521 сайлау учаскесі солардың қатарында. Бұл учаскеде бүгінде 11 адамнан құралған сайлау комиссиясы қарқынды жұмыс жүргізуде, дауыс берушілер тізімі толықтай жасақталып бітті. Сайлаушылардың нақты саны анықталғаннан кейін барлық учаскелерге бюллетеньдер берілетін болады.

Аяужан   Кереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале