1.12.2019, 15:04
Оқылды: 266

Оралда дәстүрлі әнші Ернар Өмірәлінің шығармашылық кеші өтті

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Ернар Өмірәлінің «Әуеле әнім, шарықта!» атты шығармашылық концерті өтті.

20191201_140259-800x523
Жалпақтал өңірінің тумасы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның жезтаңдай әншісі Ернар Өмірәлінің есімі бүгінде облыс қана емес, республика көлемінде жақсы таныс.

20191201_140226
Жастайынан дәстүрлі ән өнерін жанына серік еткен өнер иесі республикалық деңгейде өткен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы «Жез таңдай, күміс көмей ән еркесі» атты әншілер байқауының лауреаты, «Егемен болмай ел болмас» І республикалық термешілер фестивалінің жеңімпазы, республикалық дәстүрлі ән орындаушыларының Мұхит Мерәлі атындағы «Үкілі домбыра» сыйлығының лауреаты, Темірбек Жүргеновтің 110 жылдық мерейтойына арналған «Ән қанатында» республикалық дәстүрлі ән фестивалінің лауреаты және Прага қаласында өткен халықаралық «Жұлдызды жаңбыр» байқауының І орын иегері. Батысқазақстандық әнші былтыр ғана Өскеменде өткен Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер фестивалінде екінші орын алған болатын.

IMG-20191201-WA0055-800x600
Әншінің алғашқы шығармашылық кешіне өнерсүйер қауым көп жиналды. Қазақ драма театрының залында ине шаншар орын болмады. Жыр-термеге сусап келген көрерменнің қатарында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ернар Өмірәлінің өнердегі ұстазы Қатимолла Бердіғалиев, белгілі сазгер, әнші-термеші Баян Қабиева, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова, ұзақ жыл облыстық мәдениет саласын басқарған Айдар Батырханов және кеш иесінің ата-анасы болды.

20191201_140021-800x526
«Орал сазы» фольклорлық ансамблі Абайдың «Торжорғасымен» кеш шымылдығын ашып берген соң, сахна төріне көтерілген Ернар Өмірәлі әп дегеннен от ауызды, орақ тілді Махамбет ақынның термесінен бастап, кештің деңгейін бірден көтеріп тастады. Күміс көмей әншінің орындауындағы Ақтамберді жыраудың термесін, Мұхиттың «Үлкен айдайын», Тастемірдің әні «Маңғыстауды» үлкендер де, жастар жағы да ықыласпен тыңдады. Бұдан соң әнші Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ» атты күрделі әнін шебер орындап шыққанда «Әп, бәрекелді!» деп қолдау көрсеткен көрермен тағы бір желпініп қалды. Ернар осындай қошеметтен соң, Нартайдың «Илигайын», Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлемін» көпшілік назарына ұсынды.

20191201_140141
Әнші «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық ән байқауларының лауреаты Дастан Есентеміровпен сахнаға қайта шығып, Базарбай Жұманиязовтың «Көп қарадым суретіңе» және Қалибек Дербісалиннің «Ерке құс» әндерін нақышына келтіре орындағанда, жұртшылық ерекше қошеметке бөледі.
Шығармашылық кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Шұғыла» би ансамблі, «Қыз Жібек» термешілер ансамблі өнер көрсетті. Екі сағат бойы дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырған, дәстүрлі ән өнері ұлықталған кеш болды. Шара соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Ернар Өмірәлінің алғашқы ұстазы Баян Қабиева, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисенбаевтар сөз алып, әншіге сый-сияпат көрсетті.

Динара Жұмабекқызы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале