4.09.2026, 17:00
Оқылды: 14

Сайын далада сайрап жатыр іздері

Туған жерге кіндігі байланған, қиын жолдан қашпай, жеңілдің әуеніне ермей, елінің жүгін азаматтық жауапкершілікпен арқалаған, артында өшпес із қалдырған ел ағалары есімізде. Сондай азаматтардың бірі – марқұм Максим Қожамұратов.

08161f4e-f7df-4548-8957-5e37b1b42cf4

Биыл Максим Жайлыбайұлының туғанына 80 жыл толып отыр. Егер ортамызда болғанда, өмірлік жары Асяның жанында, қыздары мен жиендерінің, туған-туыс, құда-жекжат, қызметтес әріптестері мен дос-жолдастарының ортасында абырой биігінде жүрер еді. Амал нешік, жазмыштан озмыш жоқ.  «Бір кем дүние» деген  осы  шығар...

Адамдар арамызда жүргенде, оларды бұл дүниеден өтпейтіндей көреміз. Максим Жайлыбайұлы да біз үшін Тайпақтың кең даласында, ел-жұрттың ортасында жүре беретіндей еді. Алайда ғұмыры қысқа болғанымен, мағыналы болды. Ол жауапты лауазымдарды атқара жүріп, көпшілікке адамгершілігі мол, ақкөңіл, сабырлы, сөзіне берік азамат ретінде танылды.

Ел ағасының, нағыз ер азаматтың болмысы қандай болуы керек дегенде, менің көз алдыма ең алдымен Максим Жайлыбайұлы келеді. Кісіге қылдай қиянаты жоқ, даңғазаға әуес емес, жақсылықтан өзгені ойламайтын, сабырлы да салмақты мінезімен айналасына сыйлы болған азамат еді.

Максим Жайлыбайұлы 1946 жылы 25 қыркүйекте бұрынғы Тайпақ ауданының Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты Қақпақты елді мекенінде дүниеге келді. Төрт жасында ата-анасының жұмыс бабына байланысты Тайпақ ауданының орталығы – қазіргі Тайпақ ауылына қоныс аударып, балалық шағын осында өткізді. Калмыков, қазіргі Құрман Байсықов атындағы орта мектепті  бітірді.

Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң, еңбек жолын «Краснояр» совхозында аутомобиль жүргізушісі болып бастады. Кейін совхоздың комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Жас маманның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін сол кездегі Тайпақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облысқа танымал азамат Төлеген Жұмақаев байқайды. Оның ұсынысымен Максим Жайлыбайұлы 1971 жылы сол кездегі Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зоотехника факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1976 жылы тәмамдап, «Краснояр» совхозына оралады. Онда бөлімше меңгерушісі, бас зоотехник, Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарып, мал шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтады.

1984 жылы Тайпақ аудандық партия комитеті бюросының шешімімен Максим Жайлыбайұлы сол кездегі артта қалған шаруашылықтардың бірі – «Зауральный» совхозының директоры болып тағайындалды. Шаруашылықтың жағдайы күрделі еді. Экономикалық тиімділігі төмен, жемшөп базасы қалыптаспаған. Мал азығы көбіне 150-200 шақырым жерден тасымалданатын. Жерінің өзі сортаң болатын.

Максим Жайлыбайұлы совхозға келгеннен кейін жұмысты жаңаша ұйымдастырып, екпе шөп егуді қолға алды. Жемшөпті сырттан тасымалдамай, шаруашылықтың өз аумағында дайындауға басымдық берді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге күш салды. Нәтижесінде жылқы саны 4 мың басқа, қаракөл қойы 25 мың басқа жетті. Көптеген тұрғын үй мен мал қоралары салынды. Айналдырған екі жылдың ішінде шаруашылықты алдыңғы қатарлы совхоздардың біріне айналдырды.

Максим Жайлыбайұлының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаған облыс басшылығы оны 1986 жылғы тамызда Орда ауданындағы «Орда» совхозына директор етіп тағайындады. Облыс орталығынан 500 шақырымдай қашықта жатқан бұл шаруашылық өңірдегі ірі әрі мал басы көп шаруашылықтардың бірі болатын. Мұнда 12 мың бас ірі қара, 30 мың қой, 5 мың жылқы, 1200 түйе болды.

Алайда жаңа директордың алғашқы жылы оңайға соқпады. Қыс ауыр болды, жауын-шашын азайып, құмға шөп шықпады. Мал азығы тапшы болды. Сол кезде Максим Жайлыбайұлымен бірге жұмыс істеген, «Орда» совхозының №1 бөлімшесінің меңгерушісі, кейін Орда ауданының әкімі болған еңбек ардагері Лавр Хайредденов сол кезеңдегі қиындықтарды ұмытқан жоқ.

– Максим Жайлыбайұлы совхозға директор болып келген жылы мал азығы аз дайындалды. Жауын-шашын болмады, құмға шөп шықпады, егіннің шығымы да шамалы болды. Осындай қиын жағдайда ол халықпен, мал мамандарымен, шопандармен тез тіл табысып, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білді. Соның арқасында 1986-1987 жылдардағы мал қыстағы ойдағыдай өтті. Ол кезде жетіспеген мал азығы облыстың өзге аудандарынан және Ресейден тасымалданды, – деп еске алады Лавр Рашидұлы.

Максим Жайлыбайұлы совхоз партия комитетінің хатшысы Назгүл Жабасовамен, кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрболат Әбілхайыровпен, бөлімше меңгерушілері Шымырхан Темірболатовпен, Жұмагерей Жалетовпен, Ахметкерей Салауатовпен, Лавр Хайредденовпен қоян-қолтық, ашық әрі іскерлік жағдайда жұмыс жүргізді.

«Ордада екі-ақ жыл жұмыс істесем де, ол кезеңді жиырма жыл жұмыс істегендей сезінемін», – деп отыратын Максим Жайлыбайұлы бұл өлкенің адамдары мен табиғатын ерекше ықыласпен еске алатын.

1988 жылдың қыркүйегінде Максим Жайлыбайұлы туған жері Тайпақтағы «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл совхозының директоры болып тағайындалды. Ол кезде бұл шаруашылық Мәскеудегі «Мал тұқымын асылдандыру» тресіне қарайтын. Материалдық-техникалық әлеуеті де сол жүйе арқылы қамтамасыз етілетін. Совхозда 40 мың бас асыл тұқымды сұр қаракөл қойы, екі мың жылқы, 800 ірі қара және 200 түйе болды.

1988 жылдан 1992 жылдың ақпанына дейін шаруашылықты басқарған жылдары мал басы өз төлі есебінен көбейіп, қой саны 48 мыңға жетті. Совхоз орталығында тұрғын үйлер, білім және мәдениет ошақтары бой көтерді. Жаманқұдық пен Сұлтан бөлімшелерінде негізгі мектептер, жаңа үлгідегі орта мектеп салынды. Шаруашылық өз жерінен тұрақты жемшөп қорын қалыптастырып, мемлекетке жоғары сұрыпты қаракөл елтірісін тапсырды.

Максим Жайлыбайұлының осы совхоздағы басқару мәнері, ұйымдастырушылық қабілеті, халықпен тіл табыса білуі оның өзіндік қолтаңбасын айшықтай көрсетті.

1992 жылдың ақпанында Максим Жайлыбайұлы Тайпақ аудандық кеңесінің төрағасы, кейін аудан әкімі болып тағайындалды. Бұл кезең ел үшін де, ауыл үшін де аса күрделі уақыт еді. Нарықтық экономикаға көшу басталып, бұрынғы шаруашылық жүйесі түбірімен өзгерді. Тайпақ ауданында сегіз кеңшар, 28 мектеп жұмыс істейтін.

Экономикалық қиындықтармен қатар, 1993-1994 жылдары Жайық өзенінің көтерілуі, Ақтөбе жақтан келген мол судың Өлеңті өзеніне құйылып, тасуы да  аудан шаруашылықтарына салмақ салды.

1995 жылы совхоздар таратылып, ауыл шаруашылығы ұжымдық кәсіпорындары болып қайта құрылды. Ал 1997 жылы бұл құрылымдар да жаппай таратылып, шаруашылықтардың мүлкі мен малы аудан тұрғындарына пай ретінде бөлініп берілді. Осындай өтпелі кезеңде ел басқару оңай болған жоқ. Халықтың жұмысын ұйымдастырып, шаруашылықтарды сақтап қалу, әлеуметтік нысандардың жұмысын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Максим Жайлыбайұлы осы міндеттердің барлығын елмен бірге атқарды.

Оның аудан басқарған кезеңінде 1992 жылғы 18 тамызда Қарауылтөбе ауылдық округінің Қосбармақ жайлауында Қазақстан, Татарстан және Башқұртстан басшыларының кездесуі ел есінде қалды. Сол күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиев, Башқұртстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұртаза Рахимов Тайпақ өңі-ріне ат басын тіреді. Құрметті меймандарды облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевпен бірге аудан әкімі Максим Қожамұратов қарсы алды. Бұл кездесудің ұйымдастырылуы да аудан басшысының ел алдындағы жауапкершілігін көрсететін оқиғалардың бірі болды.

Максим Жайлыбайұлы аудан басшылығында жүргенде шаруашылықтарды аралауды, елдің жағдайын көзбен көруді әдетке айналдырған. Көктемгі су келгенде Сырым ауданындағы Өлеңті өзенінің Қособа ауылы тұсындағы су жіберетін алты қақпаны үнемі бақылауда ұстайтын. Қой төлдету, мал азығын дайындау, малдың қыстауға қоңды кіруі сияқты науқандық жұмыстардың бірін де назардан тыс қалдырмайтын.

1994 жылдың қыркүйегінде «Қарауылтөбе» ұжымдық шаруашылығына келген Максим Жайлыбайұлы бөлімшені аралап, көктемгі төл алу науқанының қорытындысын көрді. Ол кезде мен №1 ферманың меңгерушісі едім. Сол жылы шаруашылық аудан бойынша әр жүз саулықтан 130 қозы алып, үздік көрсеткішке жеткен еді.  Сапар барысында ол Жыланды елді мекеніне соғып, ақын Жұбан Молдағалиевтың туған жері Мыңшұқырды көрсетуді өтінді. Туған жердің топырағын ардақтаған азамат ақынның кіндік қаны тамған жерге белгі қоюды да ұмытпады.

Қарауылтөбеге қайтып келе жатқан жолда Қақпақты қыстағына тоқтап: «Мынау – менің кіндік қаным тамған жер», – деп, көліктен түсіп, туған топырағына бет жуған екен. Бұл – оның туған жерге деген перзенттік махаббатының  бір  ғана  көрінісі.

– Мен өз басым Максим Жайлыбайұлындай әріптес, үзеңгілес замандаспен қызметтес болып, пікірлес болғаныма ризамын. Бір қарағанда жүзінен имендіріп, сөзінен тайсалдыратындай қатал кө-рінгенімен, оның бойында қулық-сұмдық, теріс пиғыл деген атымен болған жоқ. Айналасына соншалықты мейірбан еді. Біреуге нақақтаннақақ қиянат жасағанын көрген емеспін. Өзгенің миына кіріп шықпайтын терең ой-толғамдарын, біреудің абырой-беделіне қарамай, жалтақтамай, көпшіліктің алдында тура айтатыны есімде, – деп еске алады Максим Қожамұратовпен ұзақ жыл әріптес болған, шаруашылықтарда бас агроном қызметін атқарған Қадыр Қарасаев .

Иә, Тайпақтың тарихында Максим Жайлыбайұлының еңбек еткен жылдары өзіндік қолтаңбасымен сайрап жатыр. Ол басқарған шаруашылықтардың жетістігі, елмен етене араласқан жылдары, ауылдың әлеуметтік нысандарының бой көтеруі, мал шаруашылығының дамуы – оның маңдай терімен, тынымсыз еңбегімен сабақтас. Ол қызметті мансап емес, елге қызмет етудің жауапты жүгі деп түсінді. Сондықтан қай жерде еңбек етсе де, артында жақсы сөз, игілікті іс, елге пайдасы тиген із қалдырды.

Максим Жайлыбайұлы ақтық демі таусылғанша тік жүріп, азаматтық биігінен аласармай өтті. Оның өмір жолы – туған жерге адалдықтың, елге қызмет етудің, азаматтық мінездің өнегесі. Адам өмірден өтеді. Бірақ елге жасаған еңбегі, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі жоғалмайды. Сайын далада сайрап жатқан із де  сол. Максим Жайлыбайұлының есімі де туған Тайпағының тарихында, оны білетін елдің жүрегінде сол биігінен төмендемей қала береді.

Ғиззат Құжатұлы,

еңбек ардагері,

Ақжайық  ауданының құрметті  азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале