4.09.2026, 17:15
Оқылды: 26

«Өзіміздің Айдақаң ғой!..»

Айдар Тапашұлы топырағынан май тамған баларқалы Жаңақаланың Жаңақазан ауылында дүниеге келіп, бес жасында ата-анасымен бірге Жалпақталдың Хайрөш ауылына қоныс тебеді. Қазталов ауданының Богатырёв орта мектебінде (қазіргі Болашақ) бозым бозбала ержетіп, түлеп ұшты. Әдебиетке құштар бала ескі құлақ қариялардың таңды таңға соғып айтатын жыр-дастанын оймақтай кезінен тыңдап өсті.

Батырханов (8)

Ақ сарының  әдемісі, еңселі, бойын тік ұстаған, ел «Ақ әже» деп атап кеткен әжесінің айтқан ертегісіне құлақ құрышын қандырып өскен бала 6-сыныпта Жалпақталдың аудандық газетіне алғаш рет жыр жазады. Бұл оның әдебиетке, поэзияға бүйрегі бұрғанын аңғартса керек. Сол құштарлықтың пайдасын арада жылдар жылжып, жігіт ағасы болғанда көретінін әрине, ол кезде білген жоқ... Алайда мамандық басқа саладан бұйырыпты. Есейген соң Орал ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, кейін білімін шыңдау үшін көрікті қала Алматыда жоғары партия мектебінен саясаттанушы мамандығын алып шығады. Ат құрғатпай Болгарияның Варна қаласындағы маркетинг және басқару мәселелері бойынша халықаралық менеджерлер мектебін бітіреді. Білімі толысқан арда азамат басын бәйгеге тігіп, бестоғыста болатын аязды күндер тақылеттес түрлі қызметтің ыстық-суығына шыңдалды.

Беркіт, ілкімді Айдар Батырханов 1973-1977 жылдары Талдықұдық қой совхозының №4 фермасының зоотехнигі, «Қызыл партизан» қой совхозының бас зоотехнигі, 1977-1981 жылдары Қазақстан ЛКЖО (Лениншіл коммунистік жастар одағы) Фурманов аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1981 жылдан бастап, бақандай он жыл Орда ауданында аупарткомның хатшысы, ауаткомның төрағасы болып, бұйырған қызмет атқарды. 1991 жылы 24 қазанда Халық депутаттарының кезектен тыс 8-сессиясында Фурманов аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланды.

Біртуар азамат баянды еңбек жолында бетке шығар тұлғаларды көре қалды, қызметтес болды. Әсіресе, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевтің көзін көріп, билікті сөзін естіген. Қала берді Мақсот Батыров, Амантай Исмағұлов, Әлібек Қоңырбаев, Жаңыл Құспанова, Сара Әшімғалиева, Жақсығали Бақтыгереев, Сағын Мырзағалиев, Хабер Ихласов, Бекетай Қадыров, Кәрім Өтеғұлов, Теміржан Исмағұлов, Камал Шаблиев, Ибатолла Үмбетов, Есет Рахметуллин зәлітті бойжіптей болған бөгенайы бөлек жандармен жүлгелес болды.

Батырханов (1)

Айдар Батырханов Жалпақтал ауданын басқарған жылдары экономика бұйдарықсыз кетті. Бүгежеңдеген халықты еңбекке жұмылдырып, әл-ауқатын көтеру оңайға соқпады. 1992 жылы аудан аумағындағы өзен-көлдерге жоғарыдан су келмей, біраз аудан зардабын тартты. Қыс қатты болса да, Қара өзен, Көктерек кеңшарларының 10 мыңнан астам ірі қара малы Орда ауданының жеріндегі құм қойнауында қыстатылып, соның арқасында шығын болмады. Дәл осы жағдай 1995-1996 жылдары да қайтып айналып келіп, елді біраз титықтатты. Дегенмен аудан әкімі ерге бекітілген құйысқандай болып, тиянақты жұмыстың арқасында Қызыл партизан, «Талдыапан» шаруашылықтарының малы Орда ауданының жерінде қыстап, мал да, адам да аман шықты.

Кеңес үкіметі таратылып, шаруашылық жекенің қолына өткенде А. Батырханов жекеге берілген малдан мүмкіндігіне қарай аудан мектептеріне енші бөліп берді. Білім ордалары бұл игілікті алақайлап қабыл алып, мал өнімін мектеп интернаттарына жаратты. Ел қамын жеген азамат Жалпақтал ауданы, Жалпақтал ауылының көне атауын қайтарып, өшкен тарихты жандандырды. Бұл үрдіс облыстың өзге аудандарына да таралып, игі істің бастамашысы болды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген халық – жылдар бойы езілген еңсесін тіктеп, әуелгі түп өзегіне ұмтылды. Айдар Тапашұлы әкім болған тұста 1885 жылы Қазан татары Қожантайдың өз қаражатына салдырған мешіт ауданда сақталып қалған еді. Тарихтың әр кезеңінде кеңсе, мұражай, мәдениет үйі болған ғимарат 1995 жылы 27 наурыз Айдар Батырхановтың ұйғарымына сәйкес тарихи ғимарат өз иесі  халыққа қайтарылды. Сол мешіт – бүгінде мұсылман қауымның мінәжат етер мекеніне  айналған.

Жалпақталда қызмет еткен жылдары Айдар Тапашұлы мәдениет, өнерге, баспаға бірқос тер төкті. Ауданға қарасты ауылдардың құрылғанына алпыс-елу жыл толуына орай мерейтой ұйымдастыруға жағдай жасады. Ауыл тарихын баяндайтын, өлкені танытуға бағытталған бірсыдырғы кітап шығарылды, тарихи-өлкетану музейі ашылды. Қан майданда жазым болған қыршындарға, майдангерлерге арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Өлгенін тірілтпесе де, өшкенін жаққандай етіп, алты томдық «Боздақтар» энциклопедиялық жинағы түптеліп  шықты.

Батырханов (3)

Михаил Горбачевтің ел билігіне келуі қазақ халқын бөтекеден қағатын тарихи оқиға болды. Қылышын сүйреген қыстай қаһарлы саясат кімді аяпты?! Дінмұхамед Қонаевтың артынан түрлі сын айтылып жатты. Бұл саясат Жайықтың жайсаң жерін де айналып өтпепті. Сексенінші жылдары Айдар Тапашұлы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Дінмұхамед Ахметұлымен бірге қызметтес болған Мұстақым Ықсановтың көмекшісі болып жүрген кезі еді. КОКП-ның орталық комитеті саяси билікте жүрген адамдарға сенімсіздік танытқан. Ол кісінің сөзінше, Асанбай Асқаров сынды ел билігінде жүрген азаматтарды саяси қуғынға ұшыратып, түрмеге жапқан. «Правда», «Известия» газетінің журналистері есікті теуіп кіретін заманда Айдар Батырханов басшының жұмыс уақытын сыйлап, әдептен озбай, журналистті екі сағат күттіріп қойғаны үшін, «Известия» газетінің тілшісі: «Кабинетіне тілші кіре алмаған Мұстақым Ықсанов, басқа кісіні қабылдай ма?!», – деген жала жауып, газетке жария еткен. Айдар Тапашұлы сол кезде: «Газеттің тілшісі келіп тұр деп хабарласам, мүмкін басқа шаруаның бәрін ысырып қойып, қабылдайтын ба еді?», – деп сол күнді еске алды. Айналасына жұмысты таза істейтін адал, қабілетті адамдарды жинай білген, рушыл, ағайыншылдықтан ада М. Ықсановпен қызметтес болғанда осындай жағдайды да бастан өткерген.

Айдар Тапашұлының өмір ағысына әсер еткен Мұстақым Біләлұлының қасында көмекшісі болып Мәскеуге дейін еріп барған күндер де өткен. Қызыл алаңда «Москва» деген қонақүйде авар ақыны Расул Ғамзатов, «Адамзаттың Айтматовы» Шыңғыс Айтматов және Олжас Сүлейменовпен дәмдес бола отырып, «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып қалу» деген секілді ұлы ақындар мен жазушылардың афоризмдері мен әңгімелеріне қанық болып үлгерді-ау, сол бір шақтарда...

Батырханов (2)

Әлем шытынап, біресе күнгейге, біресе теріскейге қараған заманда, адамгершілік құндылығынан айырылған қазақтың қазіргі күйі есті адамды толғандырмай қоймайды. Ол кісі бір сөзінде: «Мен бірде іссапарда жол түсіп, Өскеменге бардым. Сондағы шопыр жігіт: «Сіз де Қазақстаннан келдіңіз бе?», – дейді. Апырау-ау, сол сөзді естіп, қатты таңырқадым. Орысы бар, тіпті қаракөз қазағымыз бар бөтен елде жүрміз деп ойлайтын секілді. Мен оған қазақтың жерінде жүргенімді түсіндіріп бақтым», – деді. Бұл Айдар Тапашұлының талай дайдан, елең-алаңнан өткен қазақтың бүгінгі күйіне алаңдауының бір себебі болса керек. Сол себепті заманында өлкенің ескерусіз қалған тарихи оқиғалары мен тұлғалардың өмірін түгендеп, халықтың тарихи санасын жаңғыртуға үлес қосып та жүр.

Өмірдің түрлі иірімінен өткен Айдар Батырханов – бүгінде «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы. Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы қарым-қатынасты реттеп, құқығын қорғауды дәт қылған. Еңбек шартының сақталуына аса ыждағатты көңіл бөліп, мәдениетке, спорт саласына жасалған қиянатқа қарсы шығып, түрлі істің басы-қасынан  табылып жүр.

Батырханов (6)

Бүгінде Айдар Тапашұлы ғұмыр сапарының 75-белесіне шығып отыр. Жәй шыққан жоқ, талай өрелі істің басынан табылып, сандаған сауапты жұмыстың ұйытқысы болып, Жайық жұртының назарында жүріп жетті. Ол жүріп өткен жердің халқы оны: «Өзіміздің Айдақаң ғой!..», – дейді. Ал ол кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін  бақ, құрмет қой...

Ботакөз  Сәбитқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале