Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейдің ұжымы соғыс және еңбек ардагері Хамидолла Опиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Сайыпқыран сарбаз» тақырыбында майдангердің ұрпақтарымен кездесу кешін ұйымдастырды.
Тағылымды іс-шараға Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Бауыржан Есенеев, облыстық тарихи-өлкетану музей директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Дүзбатыр, майдангердің көзін көрген, қызметтес болған еңбек ардагерлері, ұстаздар, ҚР Қарулы Күштерінің әскери-техникалық мектебінің Орал филиалының курсанттары және өнерпаз жеткіншектер қатысты.

Іс-шараның тізгінін ұстаған аталмыш музейдің директоры Ахмедияр Батырханов алдымен Хамидолла Опиевтің ғұмырбаянынан сыр шертті. Майдангер 1926 жылы 10 қыркүйекте сол кездегі Тайпақ ауданының, Қырыққұдық ауылында дүние дидарын көрген. 1944 жылы 9 қарашада Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған. Әр жылдары №365, №142, №532, №81 запастағы атқыштар полкында курсант, бөлімше командирі, №7, №32 кіші авиа техниктер мектебінде курсант, әуе атқышы, №06961 әскери бөлімде авиамотор жөндеуші, радист-әуе атқышы қызметтерін атқарған. Әскери шені – аға сержант. 1951 жылы 7 сәуірде әскер қатарынан босап, елге аман-есен оралған.
Майданнан оралғаннан кейін Тайпақ аудандық мәдениет үйінің директоры болып, түрлі мәдени іс-шараның басы-қасынан табылған. Жамбыл облысындағы республикалық мәдени-ағарту училищесінде білімін шыңдайды. Кейін Тайпақ, Жымпиты аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, аутоклуб меңгерушісі, «Жосалы», «Тасқұдық» кеңшарларында жұмысшылар комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы болған. КПСС-тің ХХІ съезі және XXV съезі атындағы кеңшарлардың жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
1959-1967 жылдары С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) білім алып, тарихшы және қоғамтанушы мамандығын меңгерген. ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін», «Ерен еңбегі үшін» секілді орден-медальдармен марапатталған. Сондай-ақ «Кеңес әскері мен Флотына 30 жыл», «Тың жерлерді игергені үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне – 50 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 20 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 30 жыл» төсбелгілеріне ие болған. Соғыс ардагері Хамидолла Опиев 2005 жылдың 23 наурызында жарық дүниемен қоштасты.
Ахмедияр Қуанұлы майдангердің жауынгерлік жорығы мен бейбіт күндегі еңбек жолын дәріптеу мақсатында ұлы Арман Хамидоллаұлы музей қорына тапсырған жәдігерлерді таныстырды. Құнды қағаздар қатарында ақын Сағынғали Сейітов сынды елге ныспысы танымал тұлғалармен, майдандастарымен түскен фотосуреттері, құжаттары, марапаттары, майдандағы есеп картасы, өмірбаян еңбектері және баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың түпнұсқалары көрсетілді.
Мазмұнды кеште соғыс ардагерінің көзін көріп, қызметтес болған еңбек ардагерлері, ағайындары майдангердің өмірі мен бітім-болмысы туралы сыр шертті. Орал қалалық ақсақалдар кеңесінің белсенді мүшесі Әленғали Кереев өтіп жатқан кештің тәрбиелік маңызына тоқталып, ізгі лебізін білдірді.
– Біз Хамидолла ағамен және онымен жүлгелес азаматтарға қарап, ойымызды, бойымызды түзеген ұрпақпыз. Мен бұл кісіні бұрын сырттай білуші едім. Хамидолла ағаның ең бір асыл мінезі – өзінің туған жерін жанындай сүйетіндігі. Бірде, яғни 1975 жылы Қырымда демалып жатыр едім. Үйге кетуге үш күн қалғанда ағаймен таныстым. «Кереевтердің ұрпағымын» дегенде: «Айналайын, қасиетті Тайпақ жерінің баласы екенсің. Сенің әкеңді, ағаларыңды жақсы танимын. Бақытты бол!» – деп батасын берді. Сол кезде айтқан бір ауыз сөзін әлі күнге дейін ұмытпаймын. Бақандай он сегіз жаста, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған бала соғысқа аттанып, он тоғызында «Ерлік үшін» медалін алып тұр. Туған жер, өскелең ұрпақ үшін жанын да, қанын да берген ата-бабамызды еш ұмытпай, жас сарбаздарға үлгі-өнеге етуіміз керек, – деп Әленғали Лұқпанұлы Хамидолла Опиевпен түскен фотосуретін музейге тапсырды. Сондай-ақ еңбек ардагері Баянбек Ғұмаров майдангердің кішіпейіл, қарапайым мінезін айта отырып, ел ағаларымен қатар жүргендегі естелігін баяндады.

Іс-шара барысында №45 ЖОББМ-ның 8 «б» сынып оқушылары мен қалалық «Оқушылар сарайы» МКҚК-ның «Атамұра» домбыра үйірмесінің қатысушылары мәнерлеп жыр оқып, төгілтіп күй шертті. Музей басшысы Ахмедияр Батырханов жас өрендерге Мәншүк Мәметова туралы «Мәңгілік маздаған қыршын ғұмыр» атты кітапты сыйға тартты.
Сондай-ақ жиында жұбантанушы, ақын, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубайқызы жау қолында қаза тапқан есіл ерлерді еске алғанда көрермен де көз жасына ерік берді. «Біздің үйден әкем, екі ағам соғысқа аттанды. Бір ағам із-түссіз жоғалып кетті. Әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Әкемнен майдандағы күндерін сұрағанда, «Айналайын, сен соны естімеші!» деп айтатын. Қазіргі бар игілікті көріп өскен ұрпақ соғыстың зардабын түсіне бермейді» деп Ақ Жайықтың ақыны майданда егесіп, толарсақтан саз кешкен батырларды ұлықтап ұмытпауға шақырды.
Кеш соңында соғыс ардагерінің қарындасы Бақыт Сағидоллақызы жиылған жұртқа алғысын білдіріп, құйтымдай кезіндегі естелігін айтты.
– Атам бір баласын (менің әкем) соғыста жоғалтып жатқанда, бір баласы Хамидолла ағамды жылап-еңіреп 18 жасында майданға жібереді. 1944 жылы соғыстың қанға бөгіп, қызып жатқан кезінде аман қалып, одан кейін де Польша, Литва, Латвия қалаларын жау қолынан азат етуге қатысады. Ағамыздың суішірлік ғұмыры бар екен, соғыстан аман келді. Ел қатарлы, халыққа сыйлы өмір сүрді. Тірі кезінде ағамыздың қадірін түсіне бермеппіз. Ол кісі өте мінсіз адам болды. Бойында бір қыр еті жоқ, жүріс-тұрысы таза, сөйлеген сөзі мен күлген күлкісіне дейін ерекше шырай тартып тұратын. Әкеден ерте қалғаннан кейін, Хамидолла ағамызды әкеміздей көрдік. Бізді еміреніп, бөлек жақсы көрді. Бізбен бірге балаша қуанатын еді. Осындай кең пейілді ағамыздың артында қалған ұрпақтары аман болсын, – деді майдангердің қарындасы. Сонымен қатар асылдың сынығы, ардагердің ұлы Арман Хамидоллаұлы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейдің директоры Ахмедияр Қуанұлына, басқосуды ұйымдастырушыларға ақжарма тілегін айтып, алғысхат табыстап, иығына шапан жапты.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл соғыс ардагерінің рухына «Арнау» өлеңін оқып, кешті қорытындылады.
Перизат Сариева,
«Орал өңірі»