2.09.2021, 16:58
Оқылды: 1515

Семей полигоны – Қазақстанның ядролық қасіреті

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. 42 жылдан кейiн дәл сол күнi елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Совет одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізген. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Жергілікті халық өзін «сынақ материалы» деп атайды. Азаттық тілшісі Совет одағы тұсында ядролық сынақ алаңы болған жерлерді аралап, сарапшылармен сөйлесіп көрді.

99400

Семей ядролық сынақ полигоны (сынақ кезінде СССР қарулы күштері министрлігінің № 2 оқу полигоны деп аталған) – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Оған төрт миллион халқы бар Кувейт те сыйып кетеді. Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.

АждаҺадай ажал зәрін сепкен Семей ядролық полигонында өзінің әскери боршын өтеген, қызмет жасаған азаматтар біздің аудан бойынша көптеп саналады. Аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 57 адам тіркелген. Ядролық полигонның тікелей зардабынан олардың 8-і мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Ал келместің қайығына мініп кеткендері қанша ма?!

Семей полигонында әскери борышын өтеген Казталов ауылының тұрғыны, аудандық «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамдық ұйымының төрағасы Жаңбыршы Мүтиевті жерлестері жақсы таниды. Сол зұлматтың тірі куәгері, бүгінде зейнет жасындағы Жаңбыршы ағамыз туралы жазуды жөн көрдік.

Жаңбыршы Мүтиев 1951 жылы 17 наурызда Казталов ауданы, Казталов ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебін бітірген. 1969 жылдың шілде айынан бастап Мәскеу қаласынадағы әйгілі «Лихачев» заводыгнда қызмет атқарып, ЗИЛ-130 маркалы машина жасауға қатысқан. Әскер қатарына 1970 жылы алынып, 1972 жылға дейін әскери борышын өтеп елге оралған. Әскерден келгеннен бастап 22 жылдай аудандағы ММС (машина мелеративная стнация) мекемесінде жүргізуші, нефтебаза меңгерушісі болып қызмет жасаған. 2013 жылдан бастап Казталов аудандық «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамының төрағасы. Бүгінде зейнеткер. Отан алдындағы еңбегі бағаланып Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», медалімен, «Семей полигоны жабылғанына 20, 25, 30 жыл толу» медальдарымен, Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдыз» медалімен және «Талғат Бегилдінов» медальмен марапатталған.

guerra_nucl33

Жаңбыршы ағамызбен кездесіп, әңгімеге тарттық. Семей полигоны туралы сұрағанымызда табиғатынан көңілшек ағамыз көзіне жас алып: - Айналайындар, бұндай пәлекеттен елімізді аулақ қылсын! Ол күні бәз жалындаған жас едік. Әскер қатарына алынғанда қайда бара жатқанымызды да білген жоқпыз. Бізді Семейдедің Григорьевка деген ауылына алып келді. Сол жерде сынақтан қалған алаңдарды тазалап жүрдік. Оның залалы мен зардабы туралы ойламаппыз. Бірақ, көзімізше сол жерде ажал құшқандар да көп болды. Кейін түсіндік қой. Қазір ядролық қаруды сынақтан өткізу біржолата тоқтатылды деп етек-жеңімізді кымтағанымызбен сол жарылыстардың соңында шұбырып калып қойған зардабы еңсемізді тіктеп көтеруге өлі де мұрша бермей келеді. Ядролық қаруды қолдану өз алдына, оны жәй ғана сынақтан откізудің адамзатқа  қаншалықты залал-зардабын тигізетіндігін сондай жарылыстарға қатысып, аждаһаның сонында қалған қалдықтарын жинаған адам ғана біледі. Өкінішке орай Семей полигонындағы жарылыстардың құпиясын күні-бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Ал ағзаны улаған радиациянның залалы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді,- деп мұңай жауап қатты ағамыз.

Иә, Семейдегі сынақ полигондары жабылғанымен оның соңында түйіні тарқатылмаған көптеген проблемалары қалып қойды. Топырағын радиация тоздырған сол өлкеде халық әлі де өмір сүріп жатыр, барына қанағат, жоғына салауатын айтып, өле-өлгенінше шүкірге тоймайтын қарапайым қалың жұртшылықтың арасында арман-мұңын ішіне түйіп, мына өмірден елеусіз қалпында өтіп жатқандары қаншама. Денеге сіңген дертті азынаулақ бір жолғы өтемақы төлеумен емдеп жазуға бола ма, ойлап көрсең біртурлі күлкілі. Оның өзі де алқалы жиындарда оқтатекте айтылып қалғанымен соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай болып кетеді. Бәрінен ғажабы кезінде сол полигонда әскери міндетін өтеп, тілсіз тажалмен арпалысқан жауынгерлер туралы тіпті көп айтыла бермейді. Оның өзі де анда-санда еске алынғанымен Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатына қатысқандардың тасасында қалып қояды. Егер рас болса кезінде қазақ даласына ат басын әдейілеп бұрып келген жапон ғалымдары Семей полигонында жасалынған ядролық сынақ апаттарының халыққа тигізген залал-зардабын өздеріндегі Нагасаки мен Хиросима қалаларының басындағы қасіреттен асыра бағалапты деген де әңгімелер бар. Бұл сырт көздің көңілге түйген сыры, жаттың көзқарасы.

Ел-жұрттың есін шығарған Семей полигонына Приозерск мен Байқоңырды, Атырау мен Батыс Қазақстан облысының аймағындағы Капустин Яр, Азғыр сынақ аландарындағы жантүршігерлік жарылыстарды қоссаңыз, қазақ халқын қаумалаған касіреттің нақты сұлбасы алдыңыздан кесе көлденеңдеп шыға келері сөзсіз.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале