25.01.2024, 11:00
Оқылды: 150

Шоңай ауылы тұрғындарын жол мәселесі мазалайды

БҚО әкімдігінің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының назарына!

Шоңай – тарихи мекен. Нағыз шекараның шетінде, желдің өтінде тұрған ауыл. Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылдық округінде орналасқан. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде тұрған елді мекен көгілдір отын, су, электр жарығымен қамтылған. Дегенмен ауыл тұрғындарын жол мәселесі мазалайды. Бірнеше жылдан бері жергілікті билік шоңайлықтар шағымына құлақ аспай келеді. Кейінгі жылдары Шоңайда тұрғындар саны едәуір азайған. 2022 жылы осындағы бастауыш мектеп жабылып қалған.

Ауыл жолы адам аяғандай

Бір ай бұрын осы Шоңай ауылына жол түсті. Сайқын ауылынан аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Насимоллин қарсылап алды. Депутат Шоңай десе, жан алып, жан беретін адам екен. Тұрғындармен етене араласады. Аудан орталығынан күнбатысқа қарай «ГАЗель» көлігімен жолға шықтық. Қара жол өте ойқыл-шойқыл екен. Дала жусанды, шөлейтті, сортаң жер екені байқалады. Жалпақ тілмен айтсақ, бұл жақтың «батпағы бауырмал». Автокөліктің төрт дөңгелегін табандап тұрып ұстайды. Желтоқсан айында жаңбыр біраз жауғанға ұқсайды. Қара жолдың беті тілім-тілім болып айғыздалған. Жалпақ дөңгелектердің бедері түсіп, толарсақтан келетін батпақты қақ айырып тастаған.

– Шыны керек, халық қатынап отырған осы жолмен сан түрлі көлік жүреді. Жүреді дейміз-ау, таптап тастайды десек болады. Әнеукүні шекара бекетіндегілерге жанайқайымызды жеткіздік. Әскери техникалардың тегершігі де үлкен болады. Жаңбырдан кейін езіліп кететін жолдың үстін ойдым-ойдым қылып кетеді. Кімді аясын? Халық қой қор болатын. Ауыр техникалардың бөлек жүргені дұрыс. Шоңайдан жас отбасылардың көбі көшіп кетті. Тұрғындардың дені егде адамдар. Бала саны жетпегесін бастауыш мектеп жабылып қалды. Оқушыларды Сайқын ауылындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Ауылдағы жастар балаларын орталықта оқытқанды тәуір көреді. Оған не шара бар? – деп өкпе-назын білдіріп қойды рөлді бекем ұстаған Қайрат аға. Жол үстінде автокөлік өте баяу қозғалып келеді. Ескі грейдердің беті тегістелмеген. Батпақтан кейін лекерлеп жүруге арналған қос із ғана жатыр. Сол қапталымыздағы шойын жол анық көрінеді. Шоңайға жеткенше қос рельс жанындағы бағаналар бейне жолсерік секілді қол бұлғап тұрады.

Тұрғындар талап еткеннен кейін шекарашылардың көліктері рельске таяу шиырлаған. Бірақ қара жолға қайтадан шыққанын жосылып жатқан жер бедерінен анық аңғаруға болады. Патша заманында салынған шойын жол бойында разъездер орналасқан. Кеңес одағы кезінде теміржолмен қатынас өте жақсы болды. Аудан тұрғындары пойызбен Ресейдің Волгоград, Астрахан облыстарына қатынаған. Қазіргі уақытта жүк пойыздары ғана жүреді. Жолаушыларға арналған бекет жоқ. Тоқтамайды. Жергілікті тұрғындардың бірқатары разъездерде жұмыс істеп нәпақа табады. Теміржолға таяу кей жерде 2-3 үй қарауытады. Жолай соның біріне аялдадық. Суық жел өңменіңнен өтеді. Қора-қопсы жанында үш адам қой союға оқталып жатыр екен. Күпі киген ақсақалға барып амандастық.

– Біздің жаққа Капустин Яр полигоны жақын орналасқан. Оған қоса Қазақстан мен Ресей арасында шекара бекеті бар. Әскери адамдарды жиі көреміз. Дала батпақ болып жатқан уақытта оқу-жаттығу жасау үшін осы тұстан өтеді. Мына жақта Жамантау карье-расы орналасқан. Сол кен орнынан ауыр жүк көліктері қатынайды. Жол тегістейтін автогрейдер мына жолды мүлдем бүлдірді. Екі қапталын биіктетіп, ортасын ойпаң қылып қойды. Автожолдың қақ ортасына су жиналады. «Shacman» жүк көліктерінің жүргізушілері салмағы 40 тонна қиыршықтас тасығанда жолдан тайып кететіндерін айтып, шағымданған екен. Ал соның салдарынан қарапайым халық қиналады. Округ аумағындағы разъездерді Ресей жалға алған. Теміржолды күтіп ұстайтын жұмысшыларға жалақы төлейді. Теміржол – Ресей үшін стратегиялық нысан. Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан мұнай өнімдерін тасымалдайды. Кейде бөлшектері жөндеуді қажет ететін жүк пойыздары тоқтайды. Осы жерде шаруа қожалығым бар. Мал бағып күнелтеміз, – деді даланы нұсқай сөйлеген Ерболат Құрымбаев.

Одан әрмен Шоңайға сапарымызды жалғастырдық. «Жамантау кен орнын игеріп жатқан «Bars NRG» ЖШС-ның өкіліне осы жолға қиыршықтас төсеп беруді өтінген едік. Әсіресе, су жиналатын 3-4 учаскені белгілеп бердім. Бұған дейін жолдың кей бөлігіне қиыршықтас төседі. Бірақ талабымызды орындамай отыр», – деді депутат. Сөйтіп бір сағаттан соң ауылға да жеттік. Теміржол бойында орналасқан Шоңай – шағын, жинақы елді мекен екен. Қайрат Айсағалиұлы теміржол өтпесінен кейін автожолдың жағдайы қаншалықты өзгеретінін көрсетті. Нақтылап айтайық, Жамантау кен орны дәл осы жерден 30 шақырым жерде орналасқан.

WhatsApp Image 2024-01-24 at 16.58.19

Карьерадан Шоңайға дейінгі жолға қиыршықтас төсеп, жолды сыңғырлатып қойған (фотода). Ал Шоңай мен Сайқын арасындағы жол жағдайы адам аяғандай.

– Зейнетақы алатын уақытта аудан орталығына баруға тура келеді. Кейде азық-түлік қоры азайып қалады. Жол батпақ болса, екі ортада қатынас үзіледі. Ауыл адамдары сырқаттанып қалғанда, аудандық ауруханаға алып баратын жағдай жоқ. Тіпті көлікпен алып шыққан күннің өзінде аман-сау жеткізу оңайға соқпайды. Медициналық пункт жабық тұр. Медбике жұмыстан шығып кетті. Ең басты талабымыз – жергілікті билік аудан орталығына қатынайтын грейдер үстіне қиыршықтас төсеп, тегістеп берсе екен. Іргемізде тұрған көрші Ресей еліне де баратын жол жоқ, – дейді Шоңай ауылының тұрғыны Мұхит Болатқалиев.

Тарихи карта

41a3666a-6791-4801-b6d8-b3d5b1a268fd

Тарихы терең ауыл

 Шоңай елді мекені Кеңес үкіметі кезінде Қасымтау ауыл советіне қараған. Тұрғындардың айтуынша, 1970 жылдары Шоңайда ет комбинаты, шұжық цехы болған. Сол кезеңде ауылда 400-ден астам тұрғын болған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан өндіріс тоқтап, ауыл адамдары көше бастады.  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер шабуылынан Шоңай стансасы қатты зардап шекті. Әлі күнге адам сүйектері табылуда. Екі елдің өлкентанушылары бірлесіп соғыс іздерін бірлесіп зерттейді. Бұған дейін табылған бірнеше адам қаңқасын аудан орталығындағы Бауырластар зиратына жерлеген.

шонай (1)

(Шоңайдан Сайқынға дейін)

Айболат Құрымбаев,

тарих ғылымдарының магистрі:

– Бұл жерде бұрын Шоңай көлі деген ауыл болған. Осы көл маңында ертеректе адай тайпасы, генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың ата-бабалары қоныстанған дейді. Одан кейін Жәңгір ханның ағасы Тәукеден тараған ұрпақ жайлаған. Әйгілі Махамбет, Науша, Ғабдолхакім Бөкейхановтар қоныстанған жер. Оған дәлел – құлпытастар мен халық жадында сақталған Хандыбұлақ деген топоним. 1927 жылы белгілі өнертанушы Александр Затаевич келіп, Ғабдулхакімнен бірнеше күй жазып алған. Шоңай көлінің ауылында үйлер және мешіт болған. Ескі жұрт орны сақталған. 1905-1906 жылдары теміржол салынды. Шоңай стансасына су мұнарасы тұрғызылды. Көл маңындағы ауыл осы стансаға көшірілген. Совет үкіметі орнағаннан кейін Шоңай жерінде ұжымшарлар құрылған. Осы жер ақтар мен қызылдар қақтығысқан азамат соғысының қызу ошағы болған. Атам Қанапияның нағашысы Жарқын қарт мұнараның үстінен пулеметпен оқ аттық деп әңгімелеп отыратын. Шоңай жерінде жалпақ жұртқа танымал талай талант дүниеге келген. Олардың қатарында қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаев, «Махаббат бекеті» фильмін түсірген режиссер  Талғат Теменов, тамаша геолог Жарқын Айталиев, тарих ғылымдарының докторы Құспан Темірғалиев бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жәнібек, Сайқын, Шоңай ауылдары отқа оранды. 1942 жылы 13 қыркүйекте  жау ұшақтары алғаш рет Шоңай стансасын бомбалады. 23 қыркүйекте фашистер авиациясы осы станса мен жақын маңдағы елді мекендерге шабуыл жасады. Осы жолы төрт «Хейнкел» ұшағы Шоңай стансасына бес бомба тастады, келесі шабуылында Орда ауданына әскерге шақырылған азаматтар мінген эшелонды пулеметпен атқылады. Әлі әскери ант қабылдап  үлгермеген екі жігіт сол жерде қаза тапты, бесеуі жараланды. Шоңай ауылына қатысты тарихи деректер өте мол.

Шыңғыс Абдуллин,

Сайқын ауылдық округінің әкімі:

Шыңғыс1

– Шоңай ауылында 107 үй есепке алынған. Бас-аяғы 290 адам тұрады. Ауылда медпункт, кітапхана бар. Шекарашылар жұмыс істейтін ғимарат та осында орналасқан. Ауыл адамдары мал шаруашылығымен шұғылданады. Аудандық аурухана бір маманды медпунктке жұмысқа тартуды қарастыруда. Биыл Шоңайдан баспана сатып алып беру мәселесі де шешіледі. Ал аудан орталығына қатынайтын жолдың жағдайы нашар екенін білеміз. Шоңай –Сайқын автомобиль жолын 2026 жылы жөндеу жоспарлануда. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан тұрғындарымен кездесуінде осы жөнінде құлаққағыс қылған еді.

Депутат мінберінен

Қайрат Насимоллин,

Бөкей ордасы аудандық мәслихатының депутаты:

– «Депутат – халық пен биліктің ортасындағы көпір» демекші, тұрғындардың өті-ніштері мен ұсыныстарына дер кезінде назар аударып, көтерген мәселелерінің оң шешімін табуға тырысудамын. Шоңайлықтарың мұң-мұқтажын алғашқы рет сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында естідім. Одан кейін ауылға бірнеше мәрте  бардым. Сайлаушыларыммен кездесіп тұрамын. Халық аманатын ұмытпайтыным хақ.

Былтыр 17 шілдеде Бөкей ордасы аудандық мәслихатының депутаттары атынан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне «Молодость – Верхний Баскунчак» мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін жерге «өткізу пункті» мәртебесін беру жөнінде сұрау салып, хат жолдағанбыз. Айта кетерлік нәрсе, тәртіп  туралы ортақ келісім бойынша бұл шекара аймағынан көршілес елдердің тұрғындары тек жаяу немесе ат-арбамен және жеңіл автокөлікпен өте алады.

Аталмыш келісімшарт бойынша шекарадан жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынуы мен шекара бекетінің жұмыс істеу режімі жергілікті елді мекеннің халқы үшін қолайсыз екендігін бұрын-соңды жазбаларымда атап көрсеткенмін. Қауіпсіздік комитетіне жолданған хатта бұл мәселе туралы жан-жақты баяндалған. Алайда Ресей тарапының да инфрақұрылымды тартуға және болжамды өткізу пунктін техникалық жабдықтауға айтарлықтай қаржы бөлуі керектігі мен нысанның экономикалық тиімділігін бағалау үшін тиісті есептеулердің болмауына байланысты аталмыш құрылым ұсыныстарымызға қолдау көрсетпейтіндігі туралы жауап қайтарды. Алдағы уақытта бұл мәселені әлі де көтеріп, оң шешімін табуға тырысамыз.

шонай (2)

(Жамантаудан Шоңайға дейін)

Тағы бір түйткіл – жолдың жайы. Осы уақытқа дейін көтерілген ең ауқымды әрі кезек күттірмес мәселе болғандықтан, оның шешімін табу үшін аудан әкімдігімен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімімен бірлесіп жұмыстанудамыз. «Жамантау» кен орнын игеріп жатқан компания Жамантау учаскесінен Шоңай елді мекеніне дейінгі жолды өздері өндірген қиыршықтастардың көмегімен жөндеп, жүк көліктерінің жүруіне қолайлы жағдай жасап алған. Шоңайдан аудан орталығына қарай шығатын жол мүлдем нашар. Үлкен жүк көліктері грейдерді қопарып, тас-талқанын шығарды. Өкілетті құрылымдардың көмегімен аталмыш ұйымның мердігерлерімен келісімге келу арқылы бұл жолды жөндеуді қарастырудамыз.

WhatsApp Image 2024-01-24 at 16.57.34

Ауылға кіреберістен-ақ тозығы жеткен ғимараттар ауылдың ажарын кетіріп, реңін қашырып тұр. Ауылдық мәдениет үйі мен кітапханасы күрделі жөндеу жұмысын талап етеді. Осы мәселені аудан әкімімен болған кездесуде талқыға салып, бір мәмілеге келген болатынбыз. Салалық мекеме өкілдерімен ауыл ішіндегі ғимараттарды көріп, талқылау барысында бұрынғы мектеп ғимаратының жағдайы жақсы деңгейде екендігін ескере отырып, мәдениет үйі мен кітапхананы осы ғимараттың ішіне көшіруді жөн көріп отырмыз. Бұл шешімді ауыл тұрғындарының барлығы қолдап,  көмек қолын созатындығын айтты. Тұрғындар болашақ мәдениет үйінің аумағын көгалдандыру мен абаттандыру ісіне қуана-қуана атсалыспақ. Тіпті азын-шоғын қаражаттарын да жинап қойған екен. Болашақ мәдениет үйінің бір бұрышын Шоңай өңірінде дүниеге келген халықтың қаһарман ұлы, генерал-майор Ш. Жексенбаевқа арнап, музей бұрышын жасақтауға дайын. Бұл тұрғындардың туып-өскен жеріне деген жанашырлығы мен патриоттылығының айқын мысалы деп білемін. Шоңай ауылының біздің ауданымыз үшін, тіпті еліміз үшін маңызы жоғары елді мекен екендігі барлығымызға мәлім. Сөзімді түйіндей келе, шекара бойындағы ауылдарға қолдау көрсетуге, өсіп-өркендеуіне жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдарымыз осы аймаққа халықтың ұйысуына, шекарамыздың нық болуына себеп болады деген ойдамын.

 

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале