Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес өңір тұрғындарына мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында тегін оқыту курстарын ұйымдастырып келеді.

Жылма-жыл дәстүрлі түрде өтетін осы оқыту курсын биыл «Tomi-Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде оқыту курстары шаһарамызда түрлі орындарда арнайы кестеге сай өтуде. Серіктестіктің өкілі Әлима Дүйісмағанбеттің айтуынша, мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарды курсқа қабылдау биыл сәуір айында басталған. Мамыр айының соңындағы қорытынды бойынша 402 азамат тегін курсқа қатысуға өтініштерін берген. Бұл азаматтар түрлі салада еңбек етеді, бірі жеке кәсіпкер, бірі мемлекеттік қызметкер болса, ендігі бөлігі қазақ тілін үйренуді қалайтын қала тұрғындары екен.

– Курс қатысушыларын ортақ мақсат бір арнаға тоғыстырады. Ол – қазақ тілін үйренуге деген құштарлық, мемлекеттік тілге құрмет. Біз сабақты бірнеше деңгейге бөліп оқытамыз. Мамырда өтініш берушілердің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында емтихан ұйымдастырдық. Осының нәтижесінде А1, А2, В1, В2 санаттары бойынша барлық қатысушы 26 топқа топтастырылды. Жоғарыда аталған әр деңгейге 72 сағатты қамтитын сабақтар өтуі қажет. Яғни әр топтың білім алушылары 36 сабаққа қатысу арқылы қазақ тілінде сөйлеу, жазу және ресми іс-қағаздарын жүргізу кезінде қолданылатын ережелерді үйренеді. Мәселен, қазақ тілін үйренудің А1 деңгейіне тоқталайық. Бұл – ең төменгі деңгей. Осы топтағы азаматтар алдымен тұрмыста күнделікті қолданатын сөздердің қазақша аудармасын үйренеді. Содан соң осы сөздерден жай сөйлем құрап бастайды. «Мен ұйқыдан тұрдым», «Таңғы асқа жұмыртқа жедім», «Мен жұмысқа бардым» деген секілді жеңіл сөйлемдерді жазып, айтады. Осы құраған сөздерді екінші жақтың жіктік жалғауда қолданады. Өткен сабақта «Мен ұйқыдан тұрдым» деп құраған сөйлемін осы ретте «сен ұйқыдан тұрдың» деп өзгертеді. Оған қоса, сөйлем мағынасына орай «Сен ұйқыдан нешеде тұрдың?» деген секілді сұрақтар құрастырып үйренеді.
Сырт көзге бұл өте оңай болып көрінгенімен, шын мәнінде, қазақ тілін мүлде білмейтін азаматтарға тілді жеңіл әрі тиімді меңгеруіне мүмкіндік беретін тәсіл. Курс қатысушыларынан «Қазақ тілін не себепті үйренгіңіз келеді?» деп сұрадық. Олар қазақ тілі жұмыс жайына қажет екенін әрі көшеде, сауда орындарында, саябақтарда қазақ тілді қоғаммен еркін сөйлесіп, байланыс орнатқысы келетінін айтты. Білім алушылар оқу курсын толық аяқтағаннан кейін, меңгерген білімдері бойынша емтихан тапсырып, курс сертификатын алады. Кей сала мамандары үшін осы сертификат қызмет дәрежесінің көтерілуіне септеседі. Азаматтардың басым көпшілігі курстан өтті деген бір парақ қағаз үшін емес, тілді шынайы меңгеру мақсатында қатысуда. Егер осы дәстүрлі іс-шара келер жылдары да қолдау тапса, онда мемлекет тұрғындары біртұтас тілде сөйлейтін халыққа айналады, – деді Әлима Мұратқызы.
Мамыр айында басталған сабақ қараша айында аяқталып, осы айлар аралығында 575 азаматты тегін оқыту курсынан өткізу жоспарлануда. Тамызда тағы бір топ ашылмақ. Аталмыш айда жүзеге асатын сабаққа орыс тілінде оқытатын мектептердің пән мұғалімдері қатысады. Осы жылдағы тегін оқыту курсына қабылдау толық аяқталды.

Мемлекеттік тілді меңгертетін оқыту курсының жұмысымен танысу мақсатында Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне бардық. Сабақ кестелері курс қатысушыларының бос уақытына ыңғайластырылып қойылған. Курс аптаның екі жұмыс күнінде әрі сенбі кешкі сағат алтыда басталып, бір жарым сағат бойы өтеді екен.
Біз барған уақытта колледждің төрт кабинетінде төрт түрлі деңгейдегі сабақ өтіп жатыр. Курс қатысушыларына дәріс беретін Жадыра Есқалиеваның сабағында болдық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-сарапшысы курста тиімді оқыту әдістері мен оңтайлы тәсілдерді қолданады.
Курс басталғалы бері бір ай өтті. Бір байқағаным, білім алушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығы өте жоғары. Мен еңбек тәжірибемде куә болған ұтымды тәсілдерді қолданамын. Атап айтсақ, қазақ тіліндегі кинолар мен театр қойылымдарын тамашалау әдістері бар. Кино мен театр қойылымын көргеннен кейін дөңгелек үстелде мазмұнын талдаймыз. Алғашында орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға қазақша ақпараттарды қабылдау қиынға соғатын. Оларға сабақтан тыс уақытта қазақ тіліндегі контенттерді жиі көріп отыруға кеңес бердім.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде курс қатысушылары бір-бірімен еркін сөйлесе алатын деңгейге жетті. Ендігі меже – олар құраған сөйлемдегі грамматикалық қателіктерді азайту. Тілді жеңіл үйренудің тағы бір тәсілі, азаматтардың қызығушылығына қарай тапсырма беру. Қазіргі кезде дәріс алушылар түрлі салада еңбек ететін
ересек адамдар. Олар бір-бірінің жұмысы туралы әңгімелесіп, өзара диалог құрып, тілдік қорын молайтады. Басқаша айтқанда, кез келген адам мамандығына қатысты қойылған сұрақтарға бар ынтасымен жауап беруге тырысады. Қазірде пікірталас ойыны оқу ордалары мен мектептерде жиі өтеді. Біздің курста да пікірталас ойыны ұйымдастырылады. Қатысушылардың ойынға берілгені соншалық, қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп, қалай сөйлеп кеткенін аңғармай қалады. Ойынның басты талабы – қос тарап өз ұстанымын жеткізгенде орысша сөздер қоспауы керек, – деді оқытушы.
Біз дөп келген сабақта режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көрсетіліп жатыр екен. Бүгінде әртүрлі мекемеде, мемлекеттік құрылымда қазақ тіліне деген талап күшейген. Бұл өз кезегінде мамандардың қазақ тілі курстарына қатысуына ықпал етуде. Тіпті зейнет жасындағы азаматтар да осы тегін оқыту курсына көптеп қызығушылық білдіруде. Бұл қазақ қоғамында Ана тілге деген құрмет артып, оны көпшілік ортада қолдану үрдіске айналып келе жатқанының белгісі.

Азаматтарға мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан осы оқыту курсында Әділхан Сұлтанов 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бұл курс – қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтар үшін алғашқы баспалдақ. Осы курстан кейін олар біртіндеп қазақ тілді ортаға бейімделіп, еркін пікір алмаса бастайтынын тілге тиек етті.
– Қазақ тілі – сөздік қоры мол, көркем эстетикасы кең тілдердің бірі. Қазақ тілінде етістік жұрнақтары мен жалғаулары өткен шақ, осы шақ, келер шаққа байланысты өзгеріп отырады. Ал етістік – ең негізгі қарым-қатынас жасайтын тілдік құрал. Егер етістікке жалғау-жұрнақтар дұрыс жалғанбаса, онда айтқалы отырған сөзіңнің мағынасы ауытқып кетуі мүмкін. Орыс тілінде шартты мағына көбіне «если» шылауы арқылы берілсе, қазақ тілінде бұл мағына етістікке жалғанатын шартты райдың -са/-се жұрнағы арқылы жасалады. Сондай-ақ орыс тілінде мүмкіндікті немесе қабілетті білдіру үшін «могу» етістігі қолданылады. Ал қазақ тілінде бұл мағына «оқы», «бар», «кел» деген секілді негізгі етістіктерге «аламын», «алмаймын» көмекші етістіктерінің тіркесуі арқылы беріледі. Біз А2 деңгейіндегі курс қатысушыларына алғашқы сабақтарда осы қағидаларды үйреттік. Содан кейін зат есім мен етістіктің жіктелуін және олардың тәуелденулерін меңгертетін боламыз. Білім алушы осы ережелерді жетік білмесе, оны жазу және сөйлеу кезінде қолдана алмаса, оның тіл үйренуі қиынға түседі. Мен тобымдағы дәріс алушыларға сабақ басталған сәтте: «Кеше не істедіңіз?», «Ертеңге қандай жоспарыңыз бар?» деген сұрақтар қоямын. Осындай шағын әңгімелесу арқылы біз курс қатысушыларының күнделікті өмірі, олардың қызығушылықтары туралы көбірек ақпарат алып, бүгінгі көңіл күйін аңғара аламыз. Оған қоса, бұл олардың сөйлеу дағдыларын дамытуға және сабаққа белсенді қатысуына септігін тигізеді. Бір байқағаным, курс қатысушыларының қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы мол. Сабақтан ешбірі себепсіз қалып жүрген жоқ. Қайта қазақ тіліндегі кей сөздер жайында сұрақтарын қойып, алдыңғы сабақта үйренген сөйлемдеріне шолу жасап отырады, – деді Әділхан Тілекқабылұлы.
Мемлекеттік тілді үйрететін бұл курс туралы ақпарат жылдан-жылға кеңінен таралып, оған қызығушылық танытушылардың қатары артып келеді. Курсқа бұған дейін қатысқан азаматтар достарына қазақ тілін меңгеру үшін осы курсқа қатысуға кеңес берген. Мәселен, курс қатысушысы Любава Питерскова – спортты жанына серік еткен жан. Әрі әлеуметтік желіде де белсенді, түрлі жазбалар жариялайды. Ол осы курс туралы велоспортшы достарынан естігенін айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді толық меңгеріп, парақшам қазақ тілді оқырманға толса деп армандайды.
– Осы курстың әртүрлі деңгейінде білім алып жүрген достарым бар. Олардың тіл меңгерудегі жетістіктерін көріп, менің де ынтаықыласым арта түсті. Жұмысым аяқталысымен бірден курсқа келемін. Мен бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Уақытым құр босқа зая кетіп жатыр деп есептемеймін. Небары бір айдың ішінде-ақ өзгерісті анық байқай бастадым. Сөздік қорым едәуір молайды, айналамдағы адамдардың қазақша сөйлеген сөздерінен бұрын мән бермейтін жаңа сөздерді ести бастадым. Мен үшін ең үлкен жетістіктің бірі – қазақша сөйлегенде қателесіп қаламын деген қорқыныштың жойылғаны. Бұрын ойымды жеткізуге қысылатын болсам, қазір өз білім деңгейімде еркін сөйлеп, пікірімді білдіруге тырысамын. Әрине, қазақ тілін үйренемін деген азаматтарға тіл үйренудің тиімді жолы көп. Кейбір адамдар онлайн курстарға жазылып жатады. Ал мен оқытушымен және топпен тікелей қарым-қатынас жасауды жөн көр-дім. Сабақ барысында теорияға қоса, шынайы өмірде жиі қолданылатын тапсырмалар беріледі. Бұл алған білімімізді бірден қолданып, сөйлеу дағдымызды оңай қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік.

Қазақ тілі тек жұмыс кезінде ғана қолданылмауы қажет. Біз оны күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналдырғанымыз абзал. Сондықтан қазақ тілінде еркін сөйлеу, қатесіз жазуды кез келген ортада еш қиындықсыз қолданатын дәрежеге жеткізу – басты мақсатым, – деді курс қатысушысы Любава Питерскова.

Курстың тағы бір қатысушысы Рамина Арсланова бір айдың ішінде сөйлеу дағдыларының айтарлықтай қалыптасқанын тілге тиек етті. Ол тілді үйренуге деген ынта-ықыласың болмаса, курсқа қатысу нәтижесіз екенін жеткізді.
– Қазақ тілінің бай тіл екенін бұрыннан жақсы білемін. Алайда тілді үйрену дәл осыншалықты жеңіл болады деп ойламадым. Бұл, ең алдымен, курс оқытушыларының кәсіби еңбегінің, сондай-ақ өзімнің қызығушылығымның нәтижесі деп білемін. Қазір өз ойымды қазақ тілінде еркін жеткізе аламын. Алғашында күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздердің мағынасын меңгеріп, кейін сол сөздерден сөйлем құрауға машықтандық. Ендігі мақсатым – қазақ тілін түсіну деңгейімді одан әрі жетілдіріп, қоғамдық орындарда айтылған сөздердің мағынасын толық түсіне білу. Мемлекетіміздің ең басты құндылықтарының бірі – тіл. Сондықтан Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруі қажет деп есептеймін. Қазір өзімнің құрбыларыма осы курс жөнінде айтып, қатысуға үгіттеп жүрмін, – дейді Рамина Арсланова.
Мемлекеттік тілді оқыту курсына орыс, неміс, татар, беларусь, украин және өзге де этнос өкілдері қатысуда. Олар әр алуан салада еңбек етсе де, барлығын біріктіретін ортақ мақсат – қазақ тілін меңгеру. Кейбір курс қатысушысы сабақтан үйренген сөздерін қоғамдық орындарда қолданып, білім нәтижесін көрсеткен екен. Осы орайда серік-тестік өкілін тағы да сөзге тартып көрдік.
– Курс қатысушыларын қазақ тілін үйренуге ешкім мәжбүрлеп отырған жоқ. Олардың дені – жеке кәсіп иелері, тұрақты жұмысы бар азаматтар. Аптаның үш күнінде арнайы уақыттарын бөліп, курсымызға келеді. Амандасу, хал-жағдай сұрасу секілді қарым-қатынас үлгілерін үйренгісі келеді. Біз олардың сөздік қорларын молайтып, сөйлем құрауға, өз ойын еркін жеткізуге машықтандырып жатырмыз. Бір қатысушымыз курстан кейін көшеде бейтаныс адамнан қазақ тілінде сағаттың неше болғанын сұрағанын айтып берді. Осындай қарапайым қадамдардың өзі олардың мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануға деген сенімін арттырады. Қатысушылардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары, олардың осындай әр жетістігі бізді де қуантады. Бұл курсқа жастар мен орта буын өкілдері ғана емес, зейнеткерлер де белсенді қатысуда. Егде жастағы азаматтар үшін қазақ тілін үйрену оңай соқпайтыны белгілі. Бірақ соған қарамастан олар сабақтарға тұрақты қатысып, берген білімді бар ынтамен меңгеріп келеді. Өңірімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы артып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдау оларды жігерлендіріп, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, курс қатысушылары бірбір мамандық иелері. Оларға өзі еңбек ететін салалары бойынша тапсырмалар береміз. Менің тобымда медицина қызметкері бар. Қазіргі кезде ол «Қай жеріңіз ауырып тұр?», «Қолыңыздың ауырғаны қашан басталды?», «Осы дәріні күніне екі рет ішіңіз» деген секілді қызметке қажетті сөздерді үйренуде. Азаматтар қазақ тіліне қызығушылық танытып, курсқа келді. Ал біздің мақсатымыз – олардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне бағыт-бағдар беріп, күнделікті өмірде емін-еркін қолдануына қолдау көрсету, – деді Әлима Мұратқызы.
Қорыта келе, мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған тегін курстар – қоғамдағы тілдік ортаны нығайтып, азаматтардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыратын маңызды бастама. Курсқа қатысушылардың түрлі этнос пен мамандық иелері болуы мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіретін құндылық екенін айқын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау мен осындай игі жобалардың жалғасуы елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, біртұтас тілдік ортаның қалыптасуына зор үлес қосары сөзсіз.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»